Тәттінің оқушылары ІТ сыныпта білім алады

Кәсіпкер Әбутәліп Мүтәлі ауыл мектебіне құны 12 миллион теңгелік «STEM» лабораториясын сыйға тартты

0 125

Меркі ауданындағы Тәтті ауылының тумасы Әбутәліп Мүтәлі ауыл мектебіне құны 12 миллион теңгені құрайтын «STEM» лабораториясын сыйға тартты. Кәсібінен нәсібін тапқан Ә.Мүтәлі «Болашақ» бағдарламасы аясында АҚШ-та оқып, елге келген соң «STEM Academia» компаниясының негізін қалаған.

«STEM» әлемдік жүйесі бағдарламалау және құрастыру дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді. Әбутәліп Мүтәлінің бастамасымен «1000 ІТ сыныбы – балалар үшін» жобасы қолға алынып, бүгінге дейін республика аумағындағы 500-ге жуық мектеп заманауи құрылғылармен жабдықталған. Енді өз отбасының атынан ауыл жастарының болашағы жарқын болсын деген мақсатта мектептің кабинетін толықтай жабдықтап берді.
Өзі қалада оқығанымен, ата-анасы Тәтті ауылында туып, сонда қызмет еткен. Кішкентайынан әкесі Мүтәліге «Мен ауылға көмек бергім келеді» деген ниетте өскен бала Әбутәліп өсе келе арманын жүзеге асырды.
ІТ кабинеттің ашылу салтанатында ардагер ұстаздар мен ауыл ақсақалдары ізгі тілектерін білдіріп, саналы да салиқалы ұрпақ өсірген анасына алғыс білдірді. Ал мектеп оқушылары концерттік бағдарлама бойынша өнерлерін ортаға салып, Айбар Райымқұл жергілікті ақын Әбдімомын Қоңқабаевтың жеке кәсіпкерге арнаған арнау өлеңін мәнерлеп оқып берді.

Кәмшат КӘДІРБЕКҚЫЗЫ,
Меркі ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.