Қазақстан халқы ассамблеясы

Татулығы жарасқан Исмайловтар әулеті

Written by Aray2005

Біздің елде тұратын өзге ұлттардың өкілдерімен бірге бір атаның балаларындай тату-тәтті ғұмыр кешіп, жарқын болашақтың негізін бірге қаласып келе жатқанымызға да ғасырға жуықтап қалды. Бұл үрдістің болашақ ұрпағымызға да үлгі болып қала беретіні сөзсіз. Өзбек ұлтының өкілдерінің де қасиетті Жуалы жерін құтты қоныс еткендеріне бір ғасырға жуықтап отыр. Мереке қарсаңында өзбек жанұясы Исмайловтар әулетінің ынтымақты тірлігі, қазақ халқымен арадағы мызғымас бірлігі туралы қалам тербегенді жөн көрдік.

Осыдан бір ғасырдай уақыт бұрын көрші Сайрам жерінен қасиетті Жуалы өңіріне табан тіреген Исмайыл қарияның осындағы шаңырағының түтінін бүгінде немересі Рустам мен келіні Гүлчехра түтетіп отыр. 1920 жылдары Жуалыға қазіргі Түркістан облысынан қоныс аударған Исмайыл қария «Түрксіб» теміржол торабының аудан аумағынан өтетін бөлігін салуға атсалысып, әулетімен осында біржолата тұрақтап қалыпты.
– Әкем Ахмаль ауданда тауар дайындаушы болып біраз жыл жұмыс істеді. Рысбек батыр ауылынан Қылышбай деген кісімен, кейіннен оның балалары ағайынды Бегім, Шеріммен бірге жақсы сыйлас, жекжат болып, жұмыс істеді. Қазір біз ол кісілердің отбасымен жақын араласып тұрамыз. Әкем мен анам отбасында екі ұл, үш қыз өсіріп, тәрбиеледі.
Келіншегім Гүлчехра екеуміз еңбек еткен пүліш тігін фабрикасы жабылып қалып, содан 1999 жылы несие алып, мақсары дақылынан май шығаратын цех аштық. Экологиялық таза өнімге қашанда сұраныс жоғары. Құтыға құйылған өнімдерімізді облыс орталығына, Нұр-Сұлтан, Алматы, Атырау қалаларына жөнелтіп жатырмыз, – дейді отағасы Рустам Исмайлов.
Исмайловтар әулетінің қара шаңырағында тұратын Рустам мен Гүлчехра отбасында екі ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді. Үлкен ұлдары Ильхам мен келіні Шырын Алматы қаласында тұрады. Екінші ұлы Сухраб ауданда теміржолда байланысшы болып еңбек етуде. Ал Дильназы Түркістан облысына қарасты Ақсукент ауылына тұрмысқа шыққан екен. Қазір сонда денсаулық сақтау саласында жемісті еңбек етіп жүр. Кенже қыздары Дильфуза – тіл маманы. Аудармашылықпен айналысады. Қазақ, өзбек тілдерімен қатар, орыс, ағылшын, түрік, қытай тілдерін де еркін меңгерген білікті маман.
– Жақында ғана қазақ отбасымен құда болдық. Осыдан үш ай бұрын кіші қызымыз Дильфузаны Талдықорған қаласында тұратын қазақ отбасына ұзатқан едік. Құда-құдағиларымыз өте жақсы кісілер екен. Негізінен, ұлттардың арасындағы достық, ынтымақтастық қатынастары осылай жақын араласқанда одан да берік болып, беки түседі. Біз осыған көп жылдан бері көз жеткізіп келеміз.
Мен де өзім жастайымнан қазақтардың ортасында өсіп, қазақ тілін еркін меңгеріп алдым. Қазір біз тұратын Б.Момышұлы ауылының Бейсенбек Сафинов көшесінде қазақ, орыс, шешен ұлтының өкілдері бір-бірімен тату-тәтті ғұмыр кешуде. Жыл сайын Наурыз мерекесін атап өтеміз. Көше болып жиналып, құдайы тамақ таратамыз. Бір сөзбен айтқанда, көпұлтты көшеде тұрамыз, – дейді Гүлчехра Сатыбалдықызы.
Тағдыр табыстырған, тарих тамырластырған, достығы мен бірлігі жарасқан ұлттардың бауырластығы һәм өркен жаюы тәуелсіз еліміздің де гүлденуінің негізгі түпқазығы болмақ.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
Жуалы ауданы

ПІКІР