Қазақстан халқы ассамблеясы

Татулық. Тұрақтылық. Толеранттылық

Written by Aray2005

Әулиеата өңірінің оңтүстік шығысындағы әкімшілік бөлігі – Қордай ауданы облыстағы жер көлемі жағынан аса үлкені болмаса да, халқы тығыз орналасқан өлке. 130 мыңға жуық тұрғыны бар ауданның бүгінде тең жартысы қазақ ұлты болса, қалған бөлігін дүнген (31,9 пайыз), орыс (10,6 пайыз), өзбек, түрік, күрді, қара­шай, кәріс, тағы да басқа этнос өкілдері құрайды. Аудан шежіресін, ондағы әрбір этностың осында келу тарихын тереңінен тарқатар болсақ, қилы-қилы тағдырға көз жеткізуге болады. Сонау репрессия жылдарындағы азап пен қолдан жасалған ашаршылықтың салдары, соғыс салған қаралы шақ пен одан кейінгі арпалысқа толы ауыр күндер тағдыры тоғысқан түрлі ұлт өкілдерін бір атаның балаларындай етене жақындатып, бірлік пен ынтымаққа ұйыстырды. Қазыналы Қордай өңірі де кезіндегі солақай саясаттың кесірінен туған жерінен жыраққа тарыдай шашыраған талай ұлттың баласын бауырына баса алды.

Елбасы, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміз тәуелсіздік ала сала ұстанған көпвекторлы саясатының бір жолы осы көпұлтты мемлекеттің ынтымағы мен халқының бірлігін ыдыратпай ұстап тұру болды. Бұл бағыттағы жұмыстың бүгінгі жемісі біз ойлағандай оңайлықпен келе қоймағанын Ұлт көшбасшысы да өз кітаптары мен еңбектерінде көп баяндады. Аққу, шортан һәм шаян сынды өз мүдделерін алға тартып, бөлектенгісі келгендермен де толерантты ұстанымға иек артқан жұмыс жүргізуге тура келгені, экономикалық қиын кезеңде қалайда болсын ел бірлігін сақтап қалуда, мемлекеттің тұтастығын бұзбау жолында ұйқысыз түндер мен күлкісіз күндердің өткені тәуелсіз Қазақстан тарихында қатталып жатыр. Әлемдік демократиялық принциптерге сүйене қалыптасқан елдегі барлық ұлт, этнос өкілдерінің теңқұқылы өмір сүру қағидалары мемлекеттік саясаттың басты бағдарына айналды. Мәдениеті мен әдебиетін, руханиятын жаңғыртуға, өз ана тілдерін меңгеріп, сол тілде сөйлеуге еш шектеу қойылмады. Бұл ретте бүгінде Қордай ауданында тұрып жатқан этнос өкілдеріне де бар жағдай жасалды.
Қазіргі таңда ауданда 9 этномәдени бірлестік өз жұмысын атқарып келеді. Бұған дейін кейбір ұлт өкілдерінің аздығына байланысты бір орталыққа туыс болып келетін бірнеше ұлттарды біріктіруге тура келсе, кейінгі жылдары бұл бағыттағы жұмыстар жүйеленіп, әрқайсысы өз алдына жеке отау құрды. Мәселен, түрік, күрді және әзірбайжан ұлтының өкілдері «Азери» этномәдени бірлестігіне біріксе, бұл күнде бұлар жеке-дара бірлестік болып бөлініп, өз жетекшілерін сайлап алған. Яғни қазір ауданда «Шаңырақ» (қазақ), «Ахыска» (түрік), «Азери» (әзірбайжан), «Йинпан» (дүнген), «Отечество» (славян этностары), «Саладин» (күрді), «Вайнах» (шешен), татар-башқұрт және сортөбелік дүнген этномәдени бірлестіктері жұмыс істеп келеді.
Ауданда осы бірлестіктерді ұйыстырып, бір терінің пұшпағын бірге илеу мақсатында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілі, яғни «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесі аудандық филиалының маманы Станислав Насыровқа көп міндет жүктеліпті.
– Ассамблеяның ел бірлігін сақтауда, халықты бір арнаға тоғыстыруда атқарып жатқан еңбегі зор. Өйткені еліміздегі қай ұлт өкілі болсын, өз ана тілінде еркін сөйлеуде, мәдениетін дамытып, рухани құндылықтарын өшірмеуде еш кедергіге кезігіп жатқан жоқ. Бұл ретте Елбасымыз Н.Назарбаевтың жасаған қамқорлығы үшін алғысымыз шексіз. Ол кісінің ұстанымы тек қана ұлттарға ғана қарайласу емес, адамзаттың өсіп-дамуына, адами құндылықтардың салтанат құруына сіңірген еңбегі өлшеусіз дер едім. Бүгінде біздегі этномәдени бірлестіктер бірлесе түрлі қоғамдық шараларда, яғни мемлекеттік мерекелерге арналған салтанатты жиындарда, әр алуан фестивальдер мен спорттық сайыстарда, қайырымдылық акциясы және ғылыми-практикалық конференцияларда бір үйдің баласындай бірлікке ұйысып, татулықтың зор үлгісін көрсетіп жүр. Өңірлік кіші ассамблеяның жұмысы шалғай ауылдарға да жетіп тұрады. Жылда жалауын көтеретін «Достық керуені», «Қайырымдылық керуені» сынды маңызды шаралар шалғай ауыл тұрғындарын ұмыт қалдырған емес. Және де этномәдени бірлестіктердің шығармашылық ұжымдарының да жұмысына бар жағдай жасалып, рухани дамып отыруына аудандық әкімдік тарапынан тұрақты қолдау көрсетіліп келеді. Мәселен, «Әжелер», «Соседушки», «Чунтянь» ансамбльдері қашанда мерекелік концерттердің бел ортасынан табылып, думанға бөлеп жүреді. Жалпы, өңірлік өкілдіктің жұмысы этносаралық келісім мен татулықты нығайтуға бағытталғандықтан, атқарылған жұмыс көп. Бірақ жеткен жетістіктеріміз – соңғы мәре емес. Жемісті жұмысымызды одан әрі дамыта бермекпіз. Өйткені бізді бір ел, бір болашақ, бір тағдыр байланыстырып тұр емес пе, – дейді С.Насыров.
Әсіресе еліміздегі Алғыс айту күнінде бірлестіктер тайлы-тұяғымен қалмай шараларын өткізіп жатады. Мәселен, қазақ жеріне табан тіреп, екінші өмірлеріне мүмкіндік жасаған Ноғайбай биге дүнген ұлты өкілдерінің айтар алғысы шексіз екен. Жыл сайын олар бидің Шарбақты ауылында жатқан қабіріне барып Құран бағыштап отыруды дәстүрге айналдырған. 2018 жылы дүнген ұлты өкілдері Сортөбе ауылының ішінен арнайы жер бөліп, Ноғайбай би атындағы аллеяны ашып, оған алғашқы көшеттерді отырғызғаны құптарлық бастама болды. Ал биылғы 1 наурыздағы Алғыс айту күні қарсаңында Сортөбе, Масаншы ауылдарында айтулы жиын өтіп, масаншылықтар қазақ халқына алғыс ретінде тұрғызған ескерткішке гүл шоқтарын қойса, сортөбеліктер ауыл ортасына 2018 жылы орнатқан Ноғайбай бидің ескерткіші алдында тарихи тұлғаға құрмет көрсетті.
– Жалпы, былтырғы жылдан бері «Туған өлке – тұнған шежіре», «Бір шаңырақ астында», «Дені сау ұлт – мықты мемлекет», «Сарқыт», «Достық керуені», «Қайырымдылық керуені» сынды түрлі шараларға этномәдени бірлестіктер айрықша атсалысып жүр. Әсіресе Наурыз мерекесінде орталық алаң үлде мен бүлдеге оранып шыға келеді, – дейді Станислав Насыров.
Бөле-жарғанымыз емес, бірақ «Азери» этномәдени бірлестігі құрамынан шығып, 2016 жылдан бері өз алдына жеке жұмыс жасай бастаған «Ахыска» түрік этномәдени орталығының жұмысы тез жандана кетті. Әрине, осы орталықтың бар шаруасы Алматыдағы республикалық бірлестік басшылары тарапынан сеніп тапсырылған Камила Дургалованың еңбегін атап өтпеске болмас. Аудандық «Береке» гуманитарлық-техникалық колледжінде ағылшын тілі пәнінен сабақ бере жүре белсенділігімен, елгезектігімен еленген Камила бүгінде колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін қоса атқарып келеді.
– Биыл іс-шаралар қатары көбейіп тұр. Жуырда аудандық мәдениет үйінде «Бір шаңырақ астында» атты үлкен фестиваль өткізгелі отырмыз. Оған аудандағы этномәдени орталықтардың бәрі түгел қатыспақ. Жалпы, біздің жұмыс тек ойын-сауық, мереке-думанмен ғана емес, әлеуметтік мәселелерді зерделеп, шешу жолдарын ұсынумен де ерекшеленеді. Өйткені «Бес саусақ бірдей емес» дегендей, өзге ұлт өкілдерінің ішінде де бүгінгі саяси жағдайлардан, соңғы өзгерістерден хабарсыз, білгісі келмейтін, қоғамға өкпелі адамдар да болады. Міне, сондай жандармен де мүмкіндігінше түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, елмен етене араласуына тырысып бағамыз. Ол үшін бізде ақсақалдар, әйелдер кеңестері, жастар қанаты сияқты кіші құрылымдар жұмыс істейді, – дейді Камила Дургалова.
Камила Махамбетқызынан түрік этносының ауданда шығармашылық ұжымының құрылмау себебін де сұрап білдік. Айтуынша, небәрі 900-дей ғана түрік ағайындары тұратын ауданда шығармашылық топ құру қиын екен. Яғни олар бір-бірінен алшақ бірнеше ауылда тұрып жатқандықтан басын біріктіру мүмкін болмай отыр.
– Әрине, 900 адам аз халық емес. Өнерлі азаматтарымыз баршылық. Бірлік, ынтымақ деген құндылық тек өнермен, шығармашылық ортамен, концерттерде ән салумен ғана өлшенбесе керек. Біз бір шаңырақтың астында қаншама этнос өкілдері ғасырға жуық ортақ тарихи тағдырымызбен өмір сүріп келе жатқан елміз. Ең бастысы – елімізде халық бірлігі жарасым тауып тұр. Бұл береке-бірлігіміздің салтанат құруына бірінші кезекте Нұрсұлтан Әбішұлының сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Сондықтан тәуелсіз мемлекетіміз өркендеп, өсе берсін, халқымыздың әл-ауқаты арта түссін дегім келеді, – дейді Камила.
«Ырыс алды – ынтымақ». Әуел бастан бірлікті ту етіп көтерген халқымыз дамудың дара даңғылымен жарқын болашаққа қадам баса беретіндігі даусыз. Оған Қордай жеріндегі этносаралық татулықпен таныса отырып, тағы бір мәрте көз жеткізгендей болдық.

Жасұлан Сейілханов,

Қордай ауданы

ПІКІР