Таудан тас қазудың да тәртібі бар

0 58

Бүгінде табиғатқа залал келтіріп, тау-тасты заңсыз пайдаланатындар көбеймесе азаяр емес. Тіпті соңғы жылдары тас алып қайтуға бара жатып, жеке үйлерден жинап алған қоқыстарын рұқсат етілмеген жерлерге төгіп кететіндер пайда болған. Мұндай заңсыздықты қанша тексеріп, қудаласа да тыйылатын түрі жоқ. Біз бұған облыстық экология департаменті мамандарымен бірге шыққан баспасөз-турында куә болдық.

Жамбыл ауданы, Бесжылдық ауылы маңындағы Бурыл тауын алыстан қарасаңыз, өзімен-өзі шынтақтап жатқан биік төбе деп өтіп кетуіңіз мүмкін. Бірақ жақындай келе биік таудың жан-жағы қазылған. Үлкен тастарын ойып, ой мен қырын қопаратындар қаптап кеткен. Рейд барысынд тау қыртысынан тасты құжатсыз қазып, көлігіне емін-еркін артып жатқандардың үстінен түстік. Ұсталғандардың бірі күнкөрістің қамымен тас теріп жүргенін айтса, бірі баласына осы тастармен үй салып беруді көздейтінін айтып ақталды. Ал біреулері арнайы топты алыстан көре сала қаша жөнелді.

Маманның сөзінше, қазіргі таңда облыстың барлық аудандарында дерлік, тіпті ауылдар маңайынан заңсыз ашылған кен орындары көбейе түскен. Онда өндірілген кенді тұрғындар жеке жүк көліктерімен тасымалдап, авто тұрақтарда немесе тапсырыс бойынша саудалап жүр екен.

Шара барысында тиісті мекемелердің өздері осы мәселеге келгенде немқұрайды қарайтынын байқап қалдық. Бұл істе жергілікті полиция мен прокуратура тарапынан инспекцияға қолдау көрсетілсе, заңсыз қазба жүргізгендердің жолы кесіліп, жөнге салынар еді дейді мамандар.

– Өкініштісі сол, осындай оқиғалар қазір үйреншікті жағдайға айналғалы қашан. Соның салдарынан экологиялық айыппұлдарды және мемлекетке келтірілген залал шығындарын рәсімдеуге қазіргі таңда мүмкіндік болмай отыр. «Жалғыздың үні, жаяудың шаңы» шықпас дегендей, мына рейдке шыққанымызбен, олардың біразы қашып үлгеріп жатыр. Құжатын тексеріп, шара қолдану да біздің құзырымызда емес. Тек «Табиғатқа залал келтірмейік, заң жүзінде құжаттарды реттеп, қазатын жерді қаза беріңіздер» деумен ғана шектеліп отырмыз. Полиция басқармасына, жергілікті прокуратураға осыдан біраз уақыт бұрын осы рейдке шығатынымыз туралы хат арқылы хабарлағанбыз. Бірақ, олардың ешқайсысы рейдке қатыспады, – дейді облыс әкімдігі экология департаментінің бөлім басшысы Серік Нұрбаев.

 

Айша ҚҰДАЙБЕРГЕН,

М.Х.Дулати атындағы

 Тараз өңірлік университетінің

 1-курс студенті

Leave A Reply

Your email address will not be published.