Тәуелсіздік – басты құндылығымыз

0 178

Президент Қ. Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласы «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрді.
Тәуелсіздіктің таңымен қазақ ұлтының тарихы, мәдениеті, тұтас руханияты түгенделе бастады. Экономикалық өрлеуіміздің өзі өзге елдерге өнеге болғандай деңгейге жетті.
Мақала «Бағдар мен белес», «Таным мен тағылым», «Қоғам мен құндылық» және «Ұлағат пен ұстаным» деген маңызды бөліктерге топтастырылған.
«Бағдар мен белес» атты бірінші бөлімінде ата-бабамыз сан ғасырлар армандап өткен тәуелсіздікке қол жеткізгенімізге 30 жыл толатынын, 30 жылды 3 онжылдыққа бөліп, «Әр бағыт бойынша «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму», «Нұрлы жол», «100 нақты қадам» сияқты ауқымды бағдарламалар жүзеге асырылды. Саяси және экономикалық реформалармен қатар рухани жаңғыруға баса мән бердік» дей келе, алдағы төртінші онжылдықтың «бізге жүктейтін міндеті – қуатты елдің иесі және кемел халық болу» деп атап өтті.
Биыл әйгілі Желтоқсан оқиғасына 35 жыл толады. Президент Желтоқсан қаһармандарын «Азаттықтың алғашқы қарлығаштары» деп лайықты бағасын бере отырып, «Тоталитарлық кезеңде ұлттық құндылықтарымыздан, тілімізден, діліміз бен дінімізден айырылып қала жаздадық. Оның бәрі Тәуелсіздіктің арқасында халқымызға қайта оралды. Бірақ, ұлт пен ел ретінде сақталып қалу үшін бүгінгі және болашақ ұрпақ жаңа сын-қатерлерге дайын болуы керек» деп жастарға сенім жүгін артты.
«Таным мен тағылым» атты екінші бөлімінде «Мәдени мұра» бағдарламасы ұлт шежіресін түгендеуге жол ашқанын, отандық тарих ғылымы дамып, түрлі бағыттар бойынша көптеген зерттеу жүргізілгенін, бұрын бәймәлім болған тарихи деректер, археологиялық қазыналар табылғанын, тарихымыздың сан мың жылдан тамыр тартатынын айғақтайтын жаңалықтар ашылғанын саралай келе, Президент Тәуелсіздік жылдарында бірнеше рет қолға алынғанына қарамастан, ұлттық мүддемізге сай келетін көп томдық жаңа тарихымыз әлі толық жазылмағанын атап өтті. Мұның стратегиялық маңызы бар мәселе екенін тілге тиек еткен Қ. Тоқаев бұл іске беделді тарихшыларды тартуды тапсырды: «Шынына келсек, Тәуелсіздік жылдарында бірнеше рет қолға алынғанына қарамастан, ұлттық мүддемізге сай келетін көп томдық жаңа тарихымыз әлі толық жазылған жоқ. Оның тұжырымдамасын бұған дейінгі олқылықтарды ескере отырып қайта қарап, жаңа ғылыми ұстанымдар мен жаңалықтардың негізінде тыңнан жазатын уақыт әлдеқашан келді. Барлық оқулықтар осындай іргелі еңбекке негізделіп әзірленеді. Бұл – ұлт шежіресін дәріптеу тұрғысынан алғанда стратегиялық маңызы бар мәселе. Сондықтан, Қазақстанның академиялық үлгідегі жаңа тарихын жазуды дереу бастау керек. Түптеп келгенде, тарихи сананы жаңғырту мәселесінің түйіні – осы. Бұл іске беделді тарихшыларымызды тарту қажет».
Үшінші бөлімді «Қоғам мен құндылық» деп атап, «Бабалардан мұра болған қасиетті жеріміз – ең басты байлығымыз. Қазаққа осынау ұлан-ғайыр аумақты сырттан ешкім сыйға тартқан жоқ. Бүгінгі тарихымыз 1991 жылмен немесе 1936 жылмен өлшенбейді. Халқымыз Қазақ хандығы кезінде де, одан арғы Алтын Орда, Түрік қағанаты, Ғұн, Сақ дәуірінде де осы жерде өмір сүрген, өсіп-өнген. Қысқаша айтқанда, ұлттық тарихымыздың терең тамырлары көне заманның өзегінде жатыр. Жалпы, тарихпен саясаткерлер емес, тарихшылар айналысуы керек» деп қазаққа осынау ұлан-ғайыр аумақты сырттан ешкім сыйға тартпағанын тағы бір мәрте баса айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев шекара мәселесін шешумен нақты айналысып жатқан кезде кейбір саясаткерлер мен қоғам қайраткерлері «біз бұған асықпайық», «кейін де келісуге болады» деп арқаны кеңге салғысы келгенін де еске салып өтті.
«Келіссөздерді табандылықпен жүргізіп, іргемізді дереу қымтап алғанымыз өте дұрыс болғанын уақыттың өзі дәлелдеп берді. Қазір кім не айтса да, біздің екіжақты келісімдермен бекітіліп, халықаралық деңгейде танылған шекарамыз бар. Енді оған ешкім дауласа алмайды», – деді Президент.
Осы бөлімде мемлекеттік тілге де баса назар аударып, «Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы. Міндеті деп те айтуға болады» деп қазақ тілінің қазақстандық қоғамдағы рөліне тоқталып өтті.
Сондай-ақ осы бөлімде Мемлекет басшысы Наурыз мейрамының тұжырымдамасын жасауды да ұсынды.
Төртінші бөлімге «Ұлағат пен ұстаным» деп айдар тағып, онда алға қойған мақсат болашақ ұрпаққа Қазақстанды тұғыры мығым, экономикасы қуатты, рухы асқақ мемлекет ретінде табыстау және елдік істерді шашау шығармай лайықты жалғастыратын жасампаз ұрпақ тәрбиелеу деп жастарға зор үміт артты.
«Біз не істесек те, бәрін келер ұрпақ үшін жасаймыз. Мемлекеттік саясаттың болашақ алдындағы жауапкершілігін терең сезінеміз. Бұл ұстанымнан ешқашан айнымаймыз. Ең ғажайып ерліктер Отанға шексіз сүйіспеншіліктен туындайтыны сөзсіз. Шын отансүйгіштік дегеніміз – жалаң ұран тастау емес, еліңе, халқыңа қызмет ету. Адам баласы дүниеге патриот болып келмейді. Ол білім мен тәрбие алып, әлеуметтік ортамен араласып, азаматтық болмысын қалыптастыру кезінде патриотқа айналады. Өзінің жеке мақсат-мүдделері қоғам игілігімен үндесіп, елінің дамуына елеулі үлес қосып жатқанын жан-жүрегімен сезінген адам нағыз бақытқа кенеледі» деген Мемлекет басшысы ел жастарына, Қазақстан патриотизмінің жасампаздық құдіретіне сенетінін білдірді. Қуатты ел, кемелді халық қана ұлт ретінде жер бетінде сақталады.
Алда төртінші онжылдық тұр, оның өз міндеті бар. Ол – әділетті қоғам мен тиімді мемлекет құру. Ал ең бастысы – тәуелсіздікті сақтау, оны нығайту.
«Тәуелсіз ел болу оны жариялаумен немесе мемлекеттің іргетасын қалаумен шектелмейді. Тәуелсіздік үшін нағыз күрес күнделікті еңбекпен, үздіксіз әрі дәйекті елдік саясатпен мәңгі жалғасады. Біз қуатты тәуелсіз мемлекетімізбен ғана ұлт ретінде жер бетінде сақталамыз. Осы айнымас ақиқатты берік ұстануымыз қажет. «Тәуелсіздік бәрінен қымбат!» деген бір ауыз сөз мәңгі ұранымыз болуға тиіс», – деді Мемлекет басшысы.
Ата-бабаларымыз армандаған Тәуелсіздік – біздің құндылығымыз. Оның маңызын сараптап, қадірлей алу біздің ұлттық парызымыз.

 

Айсұлу Алипбаева,

Әмеди Хасенов атындағы №11 жалпы білім беретін мектебінің директоры.

Меркі ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.