Тәуелсіздік мерекесіндегі таңғажайып тарту

0 9

Киелі Әулиеата өңірінде тағы 28 нысан пайдалануға берілді

Тәуелсіздік күнін облыс тұрғындары көтеріңкі көңіл күймен тойлады. Өйткені, Тараз қаласы мен аудандарда мейрам қарсаңында 28 әлеуметтік нысан іске қосылып, шартарап шалқар шабытқа бөленді. Қарқын алған құрылыстың есебінен Тараз қаласында – 11, Шу ауданында 1 көппәтерлі тұрғын үй пайдалануға беріліп, мереке қоныс тойға жалғасты. Сондай-ақ Байзақ, Жуалы, Қордай, Т.Рысқұлов, Шу аудандарында 7 медициналық нысан ашылды. Нәтижесінде өңірде елді мекендерді алғашқы медициналық көмек көрсету ұйымдарымен қамту көрсеткіші 84 пайызға жетті. Сондай-ақ Қордай ауданында 4 жекеменшік балабақша пайдалануға берілді. Мұнан бөлек Жамбыл, Қордай, Шу аудандарындағы сумен қамту және кәріз жүйелері жаңғыртылып, Талас ауданындағы Қызыләуіт ауылының инженерлік инфрақұрылымын дамыту жобалары аяқталды. Бұл игі істер Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауы жүктеген міндеттердің жемісі екендігі даусыз.

Тараз

Ел мерейін асқақтатқан мереке облыс орталығы тұрғындарының есінде ұзағырақ сақталатыны анық. Неге десеңіз, дәл осы күні Тараз қаласындағы 15-ықшамауданда 9 көппәтерлі үй пайдалануға беріліп, онда алғашқылардың қатарында 15 отбасы қоныс тойын тойлады. Тәуелсіздік күні қуанышқа кенелген отбасыларға пәтер кілтін облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев пен Тараз қаласының әкімі Ғалымжан Әбдірайымов табыстады.
– Тараз қаласының бас жоспарына сай жаңа 15-ықшамауданында 362 гектар аумаққа 280 көппәтерлі тұрғын үй мен 962 жеке үйдің құрылысы жүргізіледі. Биыл 10 көпқабатты үйдің құрылысы басталды. Қазіргі таңда оның 9-ы пайдалануға берілді. Қалған біреуінің құрылысы жыл соңына дейін аяқталмақ, – деді Ғалымжан Әбдірайымов.
Айта кету керек, бүгінде Тараз қаласында 462 гектар аумақта 2 ықшамауданның құрылысы жүргізілуде. Аталған шағын аудандарда ағымдағы жылы «7-20-25» бағдарламасымен 800 пәтер пайдалануға берілмек. Ал келер жылы бұл көрсеткіш 1 380 пәтерді құрайды. Қазіргі таңда Тараз қаласында «7-20-25» бағдарламасымен азаматтарға 686 пәтер ұсынылуда.
Мерейлі мереке қарсаңында «Бәйтерек» ықшамауданынан баспаналы болу бақыты соғыс ардагерлеріне, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға және бюджеттік мекеме қызметшілеріне, мемлекеттік қызметкерлерге бұйырды.
Оларға пәтер кілтін тапсырған облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков өңірде жыл санап құрылыстың қарқын алып келе жатқанын атап өтті.
– Мемлекет басшысы қолжетімді тұрғын үй құрылысына ерекше назар аударады. Осыған орай біздің облыста жыл санап құрылыс саласы қарқынды дамып келеді. Тек ағымдағы жылдың өзінде өңірде 1 753 отбасы жаңа пәтерге қоныстанса, олардың
1 040-ы – тараздықтар. Биыл «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасымен 720 пәтерлік 10 тұрғын үй салынды. Бүгін мереке қарсаңында баспаналы болған барша отбасыларды шын жүректен құттықтаймын. Шаңырақтарыңыз шаттыққа толы болсын, – деді Бекболат Серікбекұлы.
Жаңа тұрғын үй құрылысын «Агроспецстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген. Құрылыс жұмыстары небәрі 8 айда аяқталған.
Мереке қарсаңында жаңа пәтерге ие болғандардың қуанышында шек жоқ. Олардың қатарында көпбалалы ана Элеонора Жақыпбекова да бар.
– Ұзақ уақыт бойы мен кәмелеттік жасқа толмаған
7 баламен пәтер жалдап тұрдым. Бүгін бізге жаңа үш бөлмелі пәтер кілті табысталды. Бұл қуанышты сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес, – дейді Э.Жақыпбекова.
Дәл осы күні бәйтеректіктердің қатары тағы 10 отбасымен толықты. Құрылысын «Бином» компаниясы жүргізген 60 пәтерлі тұрғын үйге алғаш болып қоныстанғандарды облыс әкімінің орынбасары Тимур Жанке құттықтап, жаңа пәтер кілтін табыстады.
Негізінен жаңа пәтерлер 2005-2006 жылдары кезекке тұрғандарға берілді. Олардың қатарында әлеуметтік аз қамтылған және көпбалалы отбасылар, балалар үйлерінің тәрбиеленушілері, І, ІІ топтағы мүгедектер бар. Коммуналдық үйлер тұрғындарға сатып алу құқығынсыз жалға берілді. Сондықтан олар мұнда ай сайын аз көлемде пәтерақы ғана төлеп тұрады.

Байзақ

Тәуелсіздік күні қарсаңында Суханбаев ауылдық округіндегі Көкөзек ауылында медициналық пункт ашылды. Аудан орталығынан 35 шақырым қашықтықта орналасқан елді мекенде жаңа ғимараттың бой көтеруі жергілікті тұрғындарды қуанышқа бөледі. Нысанның ашылу салтанатына облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов, аудан әкімі Рахматілдә Рахманбердиев, аудандық мәслихаттың хатшысы Нұржан Тлепов қатысты.
Шара кезінде сөз алған облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Сейітбекұлы бұл нысанның Елбасы Жолдауының нақты іске асырылуының жемісі екенін атап өтіп, аймақта медициналық көмекке деген қолжетімділіктің арта беретінін тілге тиек етті.
Ал аудан әкімі Рахматілдә Сегізбайұлы осыдан екі-үш жыл бұрын аймақтың 11 елді мекенінде апатты жағдайда деп табылған денсаулық сақтау нысандарының орнына өткен жылы 3 нысан, биыл 8 нысан мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде ел игілігіне ұсынылып отырғанын атап өтті.
Салтанатты шарада ауыл тұрғындары атынан сөз алған ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шаймұхамбет Әмірханов жергілікті билікке ризашылығын жеткізіп, ақ батасын берді. Келесі сәтте медициналық пункт құрылысын жүргізген «ASEM Building» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі басшысы Еркебұлан Абдуллаев мейірбике Гүлвира Жолдасбековаға салтанатты түрде символдық кілтті табыс етті.
Жаңа нысанда ем-дом үшін барлық жағдай жасалған. Бір ауысымда бес адам қабылдауға мүмкіндік бар. Емхананың алғашқы медициналық-санитарлық көмек, екпе егу, әйелдер қарау, сүзгі, қабылдау және тұрмыстық бөлмелері заманауи үлгіде жабдықталған.

Жамбыл

Мереке аясында ауданның Тоғызтарау, Пригородное ауылдарындағы сумен қамту жүйесінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Бұл игі іс Елбасының халықтың әл-ауқаты мен тұрмыс сапасын жақсартуды міндеттеген кезекті Жолдауы аясында жүзеге асырылған. Нысандардағы құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың маусым айында басталған. Осылайша Тоғызтарау ауылындағы 85 үйдің 45-і ауызсумен толық қамтамасыз етілді. Қалған 40 үй жыл соңына дейін су жүйесіне қосылады. Жалпы құны 141 миллион теңгені құраған құрылысты «Сұңқар-2002» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген. Алдағы уақытта Тоғызтарау ауылына газ құбырын тарту жоспарланып отыр.

Жуалы

Азаттықтың 27 жылдық мерекесінде Ертай ауылында
5 келушіге арналған медициналық және Қошқар ата ауылында 10 келушіге арналған фельдшерлік-акушерлік пункттер пайдалануға берілді. Тәуелсіздік күні қарсаңында ашылған нысандар халық игілігіне қызмет етуді бастап кетті.
Жаңа нысандардың ашылу салтанатында «Денсау­лық керуені» акциясы да өткізілді. Аудан орталығынан келген білікті дәрігерлер ауыл тұрғындарына медициналық көмектің сан түрін ұсынып, аурудың алдын алу шаралары бойынша жұмыс жүргізді.
Ал жаңа медициналық нысандар заманауи үлгіде жабдықталған. Мұнда ультрадыбыстық зерттеу аппараты, егу бөлмесі, қан қысымы мен тіркеу орындары бар.
Келер жылы аудан бойынша дәл осындай 7 медициналық пункт ашу жоспарланып отыр.

Қордай

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні мерекесіне орай аудан бойынша бірнеше әлеуметтік нысандардың тұсауы кесілді. Еліміздің ең маңызды мерекесі қарсаңында тірлігі мен бірлігі жарасқан Қаракемер ауылының тұрғындары «Айсұлтан» балабақшасының ашылуына куә болды.
Салтанатты шараға аудан әкімі Болатбек Байтөле қатысып, ауыл тұрғындарын Тәуелсіздік күнімен құттықтады.
Келесі сәтте Қаракемер ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерғазы Бозшаев пен ауыл тұрғыны Ноғай Жайықбаевтар нысанның алқызыл лентасын қиды. 100 бүлдіршінге арналған мектепке дейінгі білім беру мекемесінің жобалық құны 30 миллион теңгені құраған.
Дәл осындай мекеме Ауқатты ауылының тұрғындарын да қуанышқа бөледі. «Айару» аталатын балабақшаның ашылу салтанатында ауыл ақсақалдары Дүйсенбай Жұмабаев пен Ламзар Айдаров құттықтау сөз сөйлеп, ата-аналар мен кішкентай бүлдіршіндерге ізгі тілектерін жеткізді.
Жеке кәсіпкер Бауыржан Рысқұлов балабақшаға 28,5 миллион теңге жұмсаған. Мектепке дейінгі білім беру ошағы заманауи үлгіде жабдықталған. Төрт топқа бөлінген 100 бүлдіршінге білікті ұстаздардан тәлім-тәрбие алатын болады.
Жаңа балабақшамен қоса Ауқатты ауылындағы жаңар­тылған сумен қамтамасыз ету жүйесін пайдалану­ға беру ауызсу мәселесінің оң шешімін табуына септігін тигізді. Жалпы ұзындығы 67,2 шақырымды құраған құбыр арқылы енді ауылдағы әрбір үй сапалы су тұтынбақ. Мердігер «Пырақ Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген құрылыстың жобалық-сметалық құны 965 миллион 977 мың теңгені құраған. Сумен қамтамасыз ету жүйесі екі резервуар, екі сусорғыш стансасы, ультракүлгінмен залалсыздандыру ғимараты және 108 текше метрлік су кернеуіш мұнарадан тұрады. Ендігі кезекте су жүйесі «Қордай су» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қарамағына беріледі.
Айта кету керек, ауылдағы осыдан жарты ғасыр бұрын орнатылған су кернеуіш мұнараның тозығы жетіп, тұрғындар үшін ауызсу үлкен мәселе болып келген-ді.
Мереке қарсаңында Қордай ауылында «Сенім Қордай» балабақшасы ашылды. Аудан орталығынан бой көтерген ғимарат құрылысына бас-аяғы 28,5 миллион теңге жұмсалған. Қордайлық кәсіпкер Дәулет Орынбеков осылайша ел игілігіне арналған оң бастаманы қолға алып, ата-аналар мен бүлдіршіндерді қуанышқа бөледі.
Жаңа ғимараттың тұсаукесер рәсіміне аудан әкімінің орынбасары Бейқұт Жамангозов, Қордай ауылдық округінің әкімі Бақыт Сахатов, ауданның Құрметті азаматы Иосиф Коркмазов және ауыл тұрғындары қатысты. Балабақшада 2-6 жас аралығындағы 100 бүлдіршіннің қазақ және орыс тілдерінде білім алып, шығармашылығын шыңдауға түрлі жағдай жасалған.
Сондай-ақ дәл осы күні аудан орталығында «Нұрсила әже» балабақшасы да пайдалануға берілді. Салтанатты шараға аудан әкімінің орынбасары Бейқұт Жамангозов, Қордай ауылының әкімі Бақыт Сахатов және Қордай ауданының Құрметті азаматтары Төле Сүгірбай мен Ақлима Қабылбаева қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
75 бүлдіршінге арналған жаңа балабақшада сабақ үш тілде жүргізіледі. Шығармашылыққа, спортқа бейімі бар бүлдіршіндер білікті хореограф пен жаттықтырушыдан тәлім алады.
Ауданда мереке күні ел игілігіне берілген кезекті нысан Жамбыл ауылдық округінің Жаңатұрмыс ауылында орналасқан. 15 келушіге арналған жаңа дәрігерлік амбулаторияның ашылу салтанатында көптің қуанышымен бөліскен ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ырысбек Әбдібаев және ауыл тұрғыны Бердіқожа Нүркеев өз сөздерінде Елбасы саясатының арқасында медициналық қызметтің қолжетімділігінің артып келе жатқандығын тілге тиек етті.
15 келушіге арналған дәрігерлік амбулаторияда тұрғындарға қызмет көрсету үшін барлық жағдай жасалған. Ем-шара бөлмесі, зертханасы, ем-дом қабылауға арналған төсектер, акушерлік бөлмесі бар. Жалпы құны 34 миллион 993 мың теңгені құраған нысан мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында бой көтерді. Жаңа нысанның ашылуы ауыл тұрғындарын ерекше шаттыққа бөледі.
– Тәуелсіздік күні қарсаңында бас ауырып, балтыр сыздағанда өз ауылымызда тиісті ем-шара қабылдау мүмкіндігіне ие болып отырмыз. Заманға сай медициналық көмек көрсете алатын нысанның ашылуы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа деген қамқорлығының арқасы деп білемін. Әрі осынау игі іске мұрындық болған аудан басшылығына, іскер азаматтарға айтар алғысымыз шексіз, – дейді медицина саласының зейнеткері, ауыл тұрғыны Маржанкүл Жанғарашова.
Шара соңы аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.

Т.Рысқұлов

Мереке Мамай-Қайыңды ауылының тұрғындарына да ерекше қуаныш сыйлады. Ауылда 5 келушіге арналған жаңа медициналық пункт ашылды. Енді 300-ге тарта тұрғын сапалы медициналық қызметті тұтыну үшін аудан орталығына сабылмайтын болды. Жалпы құны 57 миллион теңге болатын нысан құрылысын «ASEM Building» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген. Ауданда жақында ғана мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында Шолаққайыңды ауылында медициналық пункт, Қарақат ауылында фельдшерлік-акушерлік пункттері пайдалануға беріліп, Тереңөзек, Ақбұлақ, Қайыңды ауылдарының дәрігерлік амбулаторияларындағы жылу көзі газға ауыстырылды.

Талас

Елдік мерекесінде Қызыләуіт ауылына таза ауызсу берілді. Бұған дейін қызыләуіттіктер ескі құдықтың сапасыз суын пайдаланып келген. Ауылға тартылған инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға 436 миллион теңге жұмсалған. Нәтижесінде 50 текше метр су қорын жинау қабілетіне ие су мұнарасы, 300 текше метрлік су қоймасы бой көтерді.
– Ауылымызға су келіп жатқанына қуаныштымыз. Тұрғындар су құбырын толығымен үй-үйге жеткізіп алды. Бұл игі істің мемлекеттік бағдарламалар аясында қолға алынып, елді мекеннің көп жылдан бергі ауызсу мәселесі оң шешімін тапты, – дейді ауыл тұрғыны Әзімхан Аяпбергенов.

Шу

Тәуелсіздік күнгі тартудан Шу ауданының жұртшылығы да кенде қалмады. Әуелі аудан орталығынан 60 шақырым жерде орналасқан Көкқайнар ауылдық округіндегі жаңа дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында салынған нысан құрылысын «ДТА и Ко» компаниясы жүргізген. Ауыл тұрғындарының қуанышын бөлісуге арнайы келген аудан әкімі Қайрат Досаев пен Көкқайнар ауылдық округі ақсақалдар алқасының төрағасы Бекбосын Доланбаев жиналған көпшілікті құттықтап, нысанның алқызыл лентасын қиды.
Мұнан соң аудан тұрғындары Төле би ауылындағы қайта жаңғыртудан өткен кәріз жүйесі мен жабдықтарын пайдалануға беру салтанатының куәгері болды. Осыдан екі жыл бұрын басталған қайта жаңғырту жұмыстарына республикалық бюджеттен 2 миллиард 278 миллион теңге бөлінді.
Осылайша жиырма мыңнан аса тұрғыны бар төлебиліктер мереке қарсаңында үлкен қуанышқа бөленді. Жаңғырту жұмыстарын «Тараз Строй – 2004» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген. Серіктестіктің бас инженері Бақтыбай Ахметов кәріз жүйесінің 25 нысанды қамтитынын атап өтіп, оған қызмет көрсететін «Ауызсу-Шу» мекемесінің мамандарының таяу арада жаңа технологияны меңгеретінін тілге тиек етті.
Төле би ауылы тұрғындарынан соң Шу қаласының тұрғындары да мереке қарсаңында қуанышқа кенелді. Мұнда қайта жаңғыртудан өткен «Жетісу» тұрғын алқабындағы тұрғын үйде 75 отбасы қоныс тойын тойлады.
Іргетасы өткен ғасырдың ортасында қаланған тұрғын үй алқабы соңғы жылдары қараусыз қалған-ды. Өткен жылы тұрғын үй алқабына қайта әр беруге облыстық бюджеттен 415 миллион 175 мың теңге қарастырылып, нәтижесінде жалпы саны 75 пәтер пайдалануға берілді. Пәтер кілті ең әуелі кезекте тұрған жалғызбасты аналарға, жетім балаларға, әлеуметтік аз қамтылған отбасылар мен мемлекеттік қызметкерлерге табысталды.
Аудан әкімдігі алдағы уақытта алқаптағы барлық үйді тұрғындардың игілігіне беруді жоспарлап отыр. Бұл жұмыстар толық аяқталғанда 300 тұрғынның баспана мәселесі шешімін таппақ.
Дәл осы күні Дулат ауылдық округі Бәйдібек ауылының тұрғындары фельдшерлік-акушерлік амбулаторияның ашылу салтанатына куә болды. Нысан бір мезгілде 5 келушіге қызмет көрсетуге арналған. Денсаулық сақтау мекемесінің құрылысын «Д квадрат Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 8 айда тәмамдаған.

«ARAI»-дың тілшілер тобы

Leave A Reply

Your email address will not be published.