Тәуелсіздіктің 30 жылдығына 30 миллион теңгеге саябақ салуда

0 21

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында туған жерге ту тігіп, ауылды гүлдендіру жөнінде үлкен бастама көтерген еді. Осыған орай Шу ауданының тумасы Болат Тілеужанов 30 миллион теңгеге Ақсу ауылылының тұрғындарына саябақ салуда.

Болат Бақытжанұлының бастамасымен қазіргі таңда саябақ сырты қоршалып, тал-дарақ егу жұмыстары жүргізілуде. Келешекте саябақ ішінен арнайы сахна мен сәнді сәкілер, кіреберісінде көз сүйсінетін арка, күзетшіге арналған бөлме, балалар ойын алаңшасы салынады деп жоспарлануда. Ауылдың айтулы тұлғалары мен еңбек ерлерінің есімдері де саябақ ішінен жас ұрпаққа тәлім боларлық ескерткіш-тақта болып орын тебеді.
Меценаттың әкесі Бақытжан Тілеужанов та елге сыйлы, жұртшылықтың мәселесіне көз жұма қарамайтын ақсақал. Бүлінген жолды өз қаржысымен бүтіндеп, көп шаруаға қолтаңбасын қалдырған қадірлі қария.
Өскен ортасын өркендету – әрбір азаматтың парызы. Салынып жатқан саябаққа 600 түп декоративтік ағаштың көшеті егіледі. Бүгінде соның 400-ден аса көшеті орналастырылған. Ағаш отырғызу жұмысына ақсулық тұрғындар, жергілікті билік өкілдері, демеушінің жақындары мен туыстары атсалысуда. Игілікті іске куә болған аудан әкімі Нұржан Календеров те өз қолымен ағаш көшетін отырғызып, саябақтың сәнденуіне тиісті көмек көрсетілетінін жеткізді.
– «Қолы ашықтың – жолы ашық» деген жақсы сөз бар халқымызда. Кемел елдің келісті келешегі, ұлағатты болашағы дегенде ішкен асын жерге қоятын атпалдай азаматтар ауданымызда жетерлік. Жақсы адамның жинаған дүниесі емес, жақсы атының қалатыны осындайдан көрінеді. Ауылдағы игілікті істер – кіші отанына жауапкершілікпен қарайтын, сол өңірдің топырағынан түлеп ұшқан табысты тұрғындардың арқасында атқарылатын жұмыстар. Өңіріміздің өркендеп дамуының кепілі – патриотизм мен әр тұрғынның туған елінің дамуына қосқан үлесі. Жоспарланған жұмыстар толығымен аяқталса, Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойына орай саябақты ауыл әкімшілігінің иелігіне тарту етемін, – дейді кәсіпкер Болат Бақытжанұлы.
Бабадан жалғасқан игі дәстүрді ары қарай дамытып, кейінгі буынға үлгі етіп жүрген Болат Тілеужановты бүгінгі заманның нағыз Атымтай жомарты десек, жаңылмайтынымыз анық.

С.Жапарұлы

Leave A Reply

Your email address will not be published.