Тазалық мәдениетіміз неге төмен?

0 27

Осыдан бірнеше жеті бұрын Қ.Рысқұлбеков саябағында Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаевтың төрағалық етуімен қала әкімдігі жанындағы жастар ісі жөніндегі кеңес отырысы өтті. Жиын енді басталып, алғашқы баяндамашының мінбеге жақындай бергені сол еді, ту сыртымыздан тасыр-тұсыр еткен дауыс шықты. Жиналыс тоқтатылып, бәріміздің назарымыз таяқ тастам жерде топтасып тұрған жастарға қарай ауды. «Бақсақ бақа екен» демекші, саябақ ішіндегі көгалда доп ойнап жүрген жастар жарықшамдардың бірін сындырған екен. Сол сәтте-ақ Ержан Жұматұлы орынбасары Алмас Кәдірбекұлына құқық қорғау органдарының мамандарын шақырып, бүтін дүниені бүлдіргендер заң аясында жауапкершілікке тартылуы керектігін қатаң ескертті.

…Жасырып-жауып қайтейік, тараздық жастардың мұндай тентектігіне қазір көз үйреніп, көңіл көндіккен. Кез келген саябаққа барсаңыз, жастардың «қолтаңбасын» көресіз. Жарықшамдарды сындырып, орындықтарға есімдерін әрлеп жазып, жас көшеттерді сындырып кеткенін көргенде іштей қынжылып, «елдің игілігі үшін жасалған ілкімді істерді Жамбыл жастары «жатырқап» жүр ме?» деген ойға қаласың. Солай секілді…
Ал енді жастардың, жалпы қала тұрғындарының тазалық мәдениетін қалай қалыптастыруға болады? Тазалық тазалаған жерде емес, таза ұстаған жерде болатынын тұрғындарға қайтып ұғындыруға болады? Бұған дейін де бұл тақырып аз айтылып, кем жазылған жоқ. Тазалық мәселесіне байланысты «ARAI» газетінде әріптестеріміз де, өзіміз де бірнеше мәрте қалам тербеген екенбіз. Ал бүгін «халық сөзіне» құлақ түріп, ұтқыр ұсыныс, өткір ойларын тыңдағанды жөн көріп отырмыз.
Еркінбек СОЛТЫБАЕВ, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
– Тұрып жатқан қаламыздың әдемі де көрікті және таза болғанын бәріміз қалаймыз. Облыстың бас шаһарының айнадай жарқырап, тап-таза, келбетіне көркі жарасып тұрғанға не жетсін…
Бәріміз білеміз, қазір облыс орталығында аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың «Таразға тарту» жобасы аясында қыруар жұмыстар атқарылып жатыр. Жоба аясында жүзеге асқан бірқатар нысандар ел игілігіне беріліп те үлгерді. Ал енді сол нысандардың кейбіріне бара қалсаңыз, «қой көрмеген қуалап өлтіреді» деген халқымыздың нақылы еске түседі. Кішкентай балаларға арналған ойын алаңдарындағы сырғанақ, әткеншектерде ересектер де жүреді. Тіпті балалардың ата-аналарының қосылып ойнап жүргенін көргенде таң қаласың. Еңбекті бағалап, жанашырлықпен қарауды ешбірі ойға да алмайтын секілді.
Одан кейін саябақтарда, демалыс орындарында жүрсеңіз де көңіл құлазытатын жағдайлардың куәсі боласыз. Тек жастар ғана емес, ақыл тоқтатқан азаматтар да отырған жерін ластап немесе қолындағы қоқысын кез келген жерге тастап кете барады. Ал кейін сол қоқысты тиісті мекемелердің қызметкерлері (көпшілігі орта жастағы әйелдер) жинап жүргені. Бір жер бүтінделіп, жиналып жатса, енді бір жер керісінше шашылып жатады. Яғни тұрғындардың тазалық мәдениеті сын көтермейді. Тұрғындарда барлығын мемлекеттік органдар өздері істейді деген пікір қалыптасып, бойкүйездікке салынуынан бұл мәселе күн тәртібінен түспей келеді.
Адам – табиғаттың төл перзенті. «Табиғатсыз адамзаттың күні жоқ, оны айтатын табиғаттың тілі жоқ» деп бекер айтылмаса керек. Жүректерінде табиғатқа деген қамқорлық, мейірімділік сезімдерін ояту әрбір адамның азаматтық борышы болуы тиіс.
Тұрғын ЗАУРБЕКОВ, «Almaz Medical Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Жамбыл филиалының дәрігер-гастроэнтерологы:
– Адам денсаулығының төмендеп, ауруға шалдығуын ағзаның қоршаған ортадағы қолайсыз әсерлерге берген теріс жауабы ретінде түсіну керек. Ғалымдардың есептеулері бойынша адамдардың денсаулық жағдайы 50-52 пайызы – өмір сүру салтына, 20-25 пайызы – тұқым қуалау факторларына, 18-20 пайызы – қоршаған орта жағдайларына, ал 7-12 пайызы ғана денсаулық сақтау саласының деңгейіне байланысты болады. Түптеп келгенде аурулардың көбеюіне табиғи ортаның бұзылуы айрықша әсер ететіні дәлелденген. Америка ғалымдарының мәліметтері бойынша қоршаған ортаның қолайсыз әсері барлық қатерлі ісік ауруларының белең алуына септігін тигізеді деп тұжырымдалған. Ауаның, судың, азық-түлік өнімдерінің, күнделікті қажетті заттардың өнеркәсіп пен транспорттың қалдықтарымен ластануы, электромагниттік өріс, вибрация, шу, тұрмыстың химияландырылуы, шектен тыс көп ақпараттардың ағыны, уақыттың жетіспеуі, дене қозғалысының төмендігі, дұрыс тамақтанбау, зиянды әрекеттердің кеңінен таралуы – осылардың барлығы қосылып, адамның денсаулығын нашарлатады.
Қоршаған ортаға қатысты жайттардың барлығына адамдардың мәдениеті мен түсінігінің төмендігі басты себепші болып отыр. Турасын айтқанда, бойкүйездік, салғырттық, жауапсыздық. Айналадағы ортаның жай-күйі үшін азаматтық борышын қалыптастыру, қоршаған ортаны, туған жерді, табиғатты көздің қарашығындай сақтауға баулуда экологиялық тәрбие беру жетіспейді. Еліміздің келешегі деп сенген жас ұрпаққа қоршаған ортаның экологиялық жағдайы мен оны қорғау жолдары туралы мағлұмат, экологиялық, эстетикалық тәрбие беру және олардың табиғатқа деген көзқарастарын қалыптастырып, оны түсіне білуге баулу күшейтілсе екен.
Арайлым АБДУАЛИЕВА, облыстық жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары:
– Қала – баршамыздың ортақ үйіміз. Тазалық мәселесі қаламызда тұрып жатқан тұрғындардың барлығына қатысты. Әр азаматты тазалыққа тәрбиелеу отбасынан басталуы тиіс. Өздері тазалайды деген керағар пікірден аулақ болып, қолынан келетін шаруаны тындыра салғаннан ештеңесі кетпейді. Әрқайсысымыз өзіміз тұратын үй-жайдың айналасын таза ұстап, артық-ауыс қалдықтарды шашпай, ұқыпты болсақ, қаламыздың таза әрі көрікті мекенге айналуына титтей де болса үлес қосар едік. Сенбілікте тазалық жұмысына қатысушылардың дені әйел аналар, отбасы қамын, бала-шағасын ысырып қойып, уақытын бөліп келіп, әлдекімдердің шашып кеткен қоқыстарын тазалайды. Шылым тұқылдарынан, сыра мен сусын шөлмектерінен, қалай болса солай лақтырылған қағаздан аяқ алып жүре алмайсыз. Кез келген жерде сынған шөлмектердің сынығынан аяқ сүрініп, бала түгіл, ересектердің өзі абайсызда жарақаттанып қалары хақ. «Ауру қалса да, әдет қалмайды» демекші, тұрғындардың көпшілігі қанға сіңген дағды бойынша үйден шыға сала немесе көпқабатты үйлерде балконнан төмен қарай қоқыс салатын жәшікке жетпей қоқыстарды тастайды. Сондықтан тазалық сақтамай, қоршаған ортаны ластағандарға әкімшілік шара қолданып, айыппұл төлету күшейтілсе, бұл мәселе шешімін табар еді.
Лиана ТЕМІРБЕКОВА, Тараз қаласының тұрғыны:
– Бұрынғы облыс әкімі Асқар Исабекұлының кезінен бастап бүгінге дейін облыс орталығының ажарын ашып, келбетін көріктендіру мақсатында айтып жеткізе алмайтын, жырлап тауыса алмайтын жұмыстар атқарылды. Сәні кеткен саябақтар сұңқардай сыланып, ажары қашқан аллеялар адам танымастай өзгерді. Бірнеше жылдың бедерінде шаһар тұрғындарының жайлы тұрмыс кешуі, бір мезгіл тынығып, демалуы үшін көптеген демалыс орындары ашылды.
Өкінішке қарай, жаңадан пайдалануға берілген кез келген нысанға араға бір ай салып қайта барсаң, жағаңды ұстайсың. Тіпті бір сағат айналаны шолып отырсаң, неше түрлі оқиғаны көресіз. Оларға «әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожа жоқ. Ал өзге елдерде көшеге қоқыс тастады екенсің, айыппұл төлейсің. Бізге де осындай өркениетті елдер тәжірибесінен үлгі алу керек шығар.
Тазалықты жасамайды, қайта оны ұстап тұрады. Демек, қала тазалығын ұстап тұру үшін әкімнің нұсқауы қажет емес. Таза қаланы билік қана емес, қала тұрғындары да жасап береді. Демек, қала тазалығы бір биліктің қолында ғана емес, тұрғындардың қолында. Сондықтан суын ішіп, ауасын жұтып, топырағын басып жүрген туған қаламызды аялап, қадірлеуді әрбір азамат ойланса екен.

Талғат Нұрханов

Leave A Reply

Your email address will not be published.