Қоғам

Тазалыққа «Тараз су» ғана жауапты ма?

Written by Aray2005

Тараз шағын болса да еліміздегі ең таза қалалардың алдыңғы қатарында келеді деген жағымды ақпаратты кей жиындарда ауық-ауық естіп қаламыз. Бірақ шын мәнінде солай ма? Негізі тазалық жердің үстіңгі қабатындағы әдемі көрініспен ғана өлшенбесе керек. Ал астымызда күретамырдай өз миссиясын мінсіз атқарып келе жатқан кәріз жүйесіне, оның соңғы жылдардағы экологиялық зардабына бас қатырып жатқан кім бар?

Тараз – кәріз суды арнайы тазалап, экологиялық зардабын жойып отыратын мекемесі, я қондырғысы жоқ еліміздегі жалғыз қала. Тұтынушылардан шыққан шайынды су Жамбыл ауданының орталығы Аса ауылына бара жатқан тас жол бойындағы жүздеген гектарлық су кептіру карталарына барып құйылады. Сол жерде топыраққа сіңеді, сіңбегені судың үшінші физикалық күйі буға айналып, ғайып болады. Ал ол жақтағы күрделі жағдайға да тұрғындардың бас ауыртып жатқаны шамалы.
Бүгінде Қостөбе елді мекеніне тиіп тұрған осы сүзгілеу карталары, оның қондырғылары апатты жағдайда тұрғанынан еліміздің Үкіметі мен Парламенті де хабардар. Өйткені бұл өзекті мәселе оншақты жылдан бері көтерілуде. Бірақ оңды шешімін таппады. Нақтысы – миллиардтаған қаржыны ел бюджетінен бөлдіре алмай келді. Ал ондай жобаны жүзеге асыруға облыстың шамасы жетпейтіні анық. Жеткен күннің өзінде жергілікті бюджетке оңай соқпайды.
Тараз халқын таза ауызсумен қамтып қана қоймай, тұрғындар пайдаланған суды қайтадан тиісті орнына жеткізетін, яғни қаланың кәріз жүйесіне тікелей жауапты «Тараз су» кәсіпорнының директоры Марат Смайыловпен болған әңгіме барысында біздегі кәріз жүйесінің де әбден ескіргендігін білдік.
– Сонау кеңестік дәуірден келе жатқан бетон құбырлардың қай оңғаны қалды дейсіз қазір. Бетон қанша жерден берік болғанымен, ол уақыт өте қағаз картон сияқты болып қалады. Яғни үстінен ауыр салмақпен басса тесіліп, опырылып түседі. Ал қаладағы бүкіл кәріз жүйесін жаңалауға қыруар қаржы кетеді. Оны біз өзіміздің тарифтік сметаға да кіргізе алмаймыз, – дейді мекеме директоры.
Әрине, бүтін бір қаланың кәріз жүйесін жаңалап, жаңғырту қала тұрмақ облыстың бюджетіне де аз шығын әкелмесі анық. Бұл өз алдына бөлек мәселе.
Біздің айтпағымыз, сол кәріз суларының құрамы, оның табиғатқа тигізіп отырған зияны жайлы. Зиян демекші, былтырғы мәлімет бойынша Таразда 356 461 адам тұрса, осы халық қазір тәулігіне шамамен 100 000 текше метр кәріз суын шығаруда.
«Тараз су» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны тұрғын үйлерден ғана емес, өндіріс және көлік жуу, көлік жөндеу орталықтары, кафе, мейрамхана сынды қызмет көрсету орындарының да пайдаланған қалдық суына жауапты. Дегенмен бұлар кәріз жүйесіне тап-таза су төгіп жатпағаны белгілі. Әсіресе көлік жуу және жөндеу, сырлау орындары май мен түрлі химиялық тазалау заттарын шамадан тыс тастап жатса, кейбір өңдеу кәсіпорындарынан шығатын шайынды судың да құрамында адам өміріне, қоршаған ортаға қауіпті қоспалары шекті мөлшерден көп кездеседі екен.
Әрине, тыйым болған жерде тәртіптің орнайтыны белгілі. Ең қызығы, бұған дейін өз сынамалары арқылы ережені бұзып, табиғатқа зиян келтірген тұтынушыларды анықтап, оларға айыппұл ретінде арнайы методикаға сәйкес қосымша төлемақы тағайындап келген «Тараз су» 2015 жылдан бастап талапты бұзғандарға еш шара қолдана алмауда. Өйткені Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 20 шілдедегі №546 бұйрығымен бекітілген «Елді мекендердің су бұру жүйелеріне ағынды суларды қабылдау қағидаларында» көрсетілген елді мекендердің су бұру жүйелеріне ағынды суларды қабылдау тәртібінен қызмет көрсетушінің өз тарапынан шара қолдануы, яғни қосымша төлемақы өндіріп алуы алынып тасталған екен. Бірақ осы қағидада айтылғандай, тұтынушы қызмет көрсетушінің техникалық шарттарының талаптарын орындауы міндеттелгенімен, қолындағы заңдық «қаруынан» айырылған «Тараз су» тұтынушының су бұру жүйелеріне ағызатын өнеркәсіптік ағынды суларының құрамындағы зиянды заттарының шекті шамадан асып кеткенін анықтаса, ол туралы жазбаша түрде немесе телефонограммамен мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органдарына және қоршаған ортаны қорғау саласындағы аумақтық органдарға хабарлаумен ғана шектеледі.
Әрине, бұл қадағалаушы органдардың «Тараз су» мекемесінің жолдаған хабарламаларына қаншалықты назар аударып, қазына қаржысына қанша айыппұл өндіріп жатқаны жайлы кейінірек жаза жатармыз.
Айтпағымыз, онсыз да еліміз бойынша ауызсудың да, кәріз суға қызмет көрсетудің де тарифі ең төмен біздің облыс екенін ескерсек, «Тараз судың» экологиялық талапты бұзып, зиянды заттарды шамадан тыс тастаған тұтынушылардан қосымша төлемақы өндіргені мекеменің біраз жыртығын жамап, материалдық-техникалық базасын нығайтуға көмегі тиер еді.
– Бұл мәселе бойынша қанша дабыл қағып, тиісті мекемелерге өз ұсыныстарымызды жолдағанымызбен еш нәтиже шықпай келеді. Басты көздегеніміз ақша емес. Керісінше, кәріз суынан келетін қауіптің алдын алу. Онсыз да қала сыртына төгілетін біздің ағынды су табиғи жолмен жойылып, яғни жартысы жерге сіңсе, жартысы буға айналып жанымыз қалып жатыр. Өйткені КСРО дәуірінен келе жатқан Тараздың кәріз суын өңдеу карталары, оның құрылғылары әбден тозып, ескірген. Қалған облыс орталықтарының бәрінде шайынды су тазалау кәсіпорындары бар. Жалғыз Таразда жоқ. Біздің шырылдап жүргеніміз, көлікке техникалық қызмет көрсету орындары мен май ауыстырушылар бетімен кетті. Ал талапты бұзғаны үшін біз дер кезінде қосымша ақы талап етсек, тәртіп орнап, кәсіпкерлер өзінің қалтасынан артық ақша шығармас үшін тыйылар еді. Бірнеше жылдан бері Жамбыл ауданы тұрғындарының ауызсудың сапасына деген шағымдары көбеюде. Олардың айтатыны кейбір жерлерде адам тұрмақ, ауыз суды мал ішпей жатыр екен. Өйткені біз кәріз су жүйелеріне қызмет көрсеткенімізбен, заң бұзған тұтынушыға еш шара қолдана алмағандықтан олар еркінсіп кетті. Қосқұдықта органикалық емес зиянды, ауыр заттардың артып жатқаны содан деп ойлаймын. Қазір тиісті органдар кәсіпкерлердің төгіп жатқан лас суын жеке-жеке тексермей, Қосқұдықтағы біздің бағыныстағы карталардан жалпылама сынама алып, айыппұлды бізге салуда. Сонда, майды немесе химикатты артық төккен кәсіпкер үшін жазаны «Тараз су» алып отыр. Бір қуанарлығы, облыс әкімі А.Мырзахметовтің арқасында ағынды суды тазалап, өңдеп, зиянын жоятын қондырғы құрылысының қаржы мәселесі биыл шешімін тапты. Республикалық бюджеттен 14 миллиард теңге қарастырылып, ол үш кезеңмен игерілетін болды. Дегенмен тұтынушыларға бәрібір тыйым керек, – дейді М.Смайылов.
Оған қоса мекеме директорының айтуынша, көлік жуушы орындардың автономды су жүйесі болуы тиіс екен. Яғни жақын тереңдіктен скважина қазып, ішуге жарамсыз, бірақ техникалық мақсатқа пайдалана беретін суды алу керек. Алайда олар «Тараз су» жүздеген метрден шығарып жатқан сапалы ауызсумен көлік жуып жүр. Бұл да бір үлкен мәселе.
Ал Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 20 шілдедегі №546 бұйрығымен бекітілген «Елді мекендердің су бұру жүйелеріне ағынды суларды қабылдау қағидаларына» өзгеріс енгізу мақсатында өңірімізден сайланған Сенат депутаты Абдалы Нұралиев жуырда «Тараз су» жұмысшыларымен кездесуге келгенде мекеме басшылары мүмкіндікті пайдаланып, осы мәселенің шетін шығарыпты. Жағдайды түсіндіріп, қолына қағаз да ұстатып жіберіпті. Ендігі үміттері сенаторда сияқты.
Еліміздің басты заң шағарушы өкілетті органының жоғары палатасы бұл мәселеге селқос қарай қоймас. Бірақ «тәртіпсіз» тұтынушыларға, әсіресе көлік сырлап, мотор майын ауыстыратын кәсіп иелеріне бәрібір тыйым салған жөн-ақ. Өйткені «әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожа болмаған соң, істің немен бітетіні бесенеден белгілі ғой.

Жасұлан Сейілханов

ПІКІР