Қоғам

Тазалыққа тиянақтылықпен қарайық!

Written by Aray2005

Көктем – Жер-ана еміреніп, дала төсі бусанып, тіршілік атаулыға жан бітетін кезең. Әрбір күні қауырт тірлікке толы мерзімде еліміздің барлық аймағында екі ай көлемінде көгеріштендіру-абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Жылдағы қалыптасқан үрдіс бойынша облыс аумағында өткізіліп жатқан санитарлық тазалық жұмыстарына мемлекеттік мекемелермен қатар, қала тұрғындары да барынша атсалысуда.

Тіршілік атаулыны түрлендірген көгілдір көктемде тазалық шараларын қолға алу алғашқы орында тұратыны белгілі. Қоршаған ортаны күл-қоқыстан тазартып, арық-атыздардың көзін ашып, ағаш отырғызу жұмыстарын уақытылы атқару әрбір азаматтың абыройлы міндеті болмақ. Бүгінде өңір тұрғындары науқандық істің бел ортасынан табылуды әдетке айналдырып, нәтижесінде қала, ауыл көшелері көз тартарлық қалыпқа келуде. Облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Ағабек Мырзабековтің айтуынша, ағымдағы жылдың 30 наурызына дейін өткізілген облыстық сенбіліктер бойынша 50 390 дана тал-терек отырғызылып, 5 847 шаршы метр гүлзар,
3 440 шаршы метр көгал орналастырылған. Сонымен қатар 584,2 шақырым арық және канал, 1 468 шақырым көше тазаланған. Сол секілді 449 138 шаршы метр саябақтар мен скверлер көріктендіріліп, 3 355 тонна күл-қоқыс тазаланып, полигондарға шығарылған.
– Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңына сәйкес, елді мекен аумағын абаттандыру және санитарлық жағдайын көтеру аудандық мәндегі қала және ауыл әкімдерінің тікелей функционалдық міндеттеріне кіреді. Сол себептен қала, аудан және ауыл әкімдері облыстық мәслихаттың 2017 жылғы 27 маусымдағы №12-16 шешімімен бекітілген Қағидасы аясында биылғы жылдың
1 наурыз – 1 мамыр аралығында барлық аудандар мен Тараз қаласы әкімдіктері тарапынан жергілікті жерлерде 2 айлық көктемгі абаттандыру және санитарлық тазалау жұмыстары бойынша атқарылатын іс-шаралар дайындалып, әкімдік қаулыларымен бекітілген.
Жалпы алдағы уақытта барлық облыс азаматтарының назарын елді мекендер мен көшелердің тазалығын сақтауға, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарына үлкен жауапкершілікпен қарауға шақырамыз, – дейді Ағабек Мырзабеков.
Әдетте, тазалық мәселесі қозғалғанда, сын алдымен жергілікті билікке айтылып жатады. Алайда тазалықтың табалдырықтан басталатынын естен шығармаған абзал. Әрі-беріден соң тазалық тазалаған жерде емес, таза ұстаған жерде болатыны да қаперде болғаны жөн.

Талғат НҰРХАНОВ

ПІКІР