Облыстық әкімдікте

Тәжірибе алмасудың тиімділігі мол

Written by Aray2005

Жуырда коронавирусқа қарсы күрестегі тәжірибелерімен бөлісу мақсатында облысымызға Татарстан Республикасынан арнайы делегация келді. Кеше облыс әкімі Бердібек Сапарбаев құрамында білікті анестезиолог-реаниматолог, инфекционист, эпидемолог және амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін мамандары бар делегация мүшелерін қабылдап, облыс тұрғындары атынан алғыс айтты.

– Сіздермен жүздесіп отырғаныма қуаныштымын. Өзімнің және облыс тұрғындары атынан сіздерге біздің ұсыныстан бас тартпай, өңірімізге келіп, көмек қолын созғандарыңыз үшін үлкен алғыс айтамын. Сіздермен бірге жұмыс істеп жатқан әріптестеріңіз жұмыстарыңыз жайында баяндады. Облыс тұрғындарының коронавирустық инфекциядан емдеу жолында жасап жатқан еңбектеріңізден хабардармын. Халық үшін қазір сапалы ем-дом жасалуы керек. Бұл індетпен қазір күллі әлем жұртшылығы күресіп жатыр.
Біз бұқаралық ақпарат құралдары арқылы Ресей Федерациясы мен Татарстан еліндегі коронавируспен күрестегі тәжірибелеріңізбен жақсы таныспыз. Әрине бастапқыда бәрімізге қиын болды. Індетті жұқтырғандардың, оның салдарынан қайтыс болғандардың саны артпаса, кеміген жоқ. Татарстандағы статистикалық деректердің жақсаруынан денсаулық сақшыларының тынымсыз еңбегі көрінеді. Яғни уақытылы дұрыс шешімдер қабылдап, медициналық қызмет көрсеттіңіздер деп ойлаймын. Біз осы еңбектеріңізді ескеріп, Татарстан Республикасының Президентіне өтінішпен шықтық. Нәтижесінде Жамбыл жеріне арнайы делегация келді.

Бізге дәрігерлер жетіспейді. Сондықтан да зейнеттегі дәрігерлерді қайта қызметке шақыру және медициналық оқу орындарының соңғы курсында оқитын студенттерді емдеу ісіне тарту тәжірибесі қолданылып жатыр. Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін орталықтандырылған жүйе «СК-Фармация» компаниясы арқылы шешілген. Ал медициналық құрылғылар мәселесін шешуде демеушілер көп көмек көрсетіп жатыр. Биыл 10 дана компьютерлік томография қондырғысын сатып алып, аудан орталықтарына береміз.
Бір сөзбен айтқанда өңірдегі ахуал тұрақты. Әрине мәселе бар. Ауырғандар саны азайса да жүйелі жұмыс қарқынын жоғалтпауы керек. Бүгін Мемлекет басшысы Үкіметке республика аумағындағы күшейтілген карантинді тағы 2 аптаға созу туралы тапсырма берді. Бұл сөз жоқ дұрыс шешім болды.
Ал сіздермен әріптестік байланысты алдағы уақытта да жалғастыра беруді құптаймын. Бұл байланысты телемедицина, бірлескен конференциялар, семинарлар өткізу сынды мүмкіндіктерді қолданып, жандандыруға болады. Сіздердің көмектеріңіз дәл қазір бізге ауадай қажет. Сәйкесінше өңір медицинасының мүмкіндігімен, әртүрлі науқастармен жұмыс істеу сіздерге де мол тәжірибе болары анық.
Аудандарды аралау кезінде де біздің тәжірибенің дұрыс-бұрыстығын нақтылап берсеңіздер. Меніңше науқас ауылда болсын, қалада болсын бірдей ем-дом алуы керек, – деді Б.Сапарбаев.
Ал Татарстаннан келген делегация мүшесі, анестезиолог-реаниматолог Александр Ванюшин облыс әкімінің шексіз құрметіне ризашылығын жеткізді.
– Тараз қаласына табан тіреген үш күн ішінде біз мұнда көмек көрсетуге емес, тәжірибе алмасуға келгенімізді түсіндік. Барлығымыз Қазақстанға тұңғыш рет келіп отырмыз. Осы өңірге келіп, біз ауыл медицинасына жақындай түстік. Коронавирустық инфекцияны емдеудегі Қазақстан мен Татарстанның хаттамасында ешқандай айырмашылық жоқ. Біз бірлескен тәжірибе арқасында ғана коронавирусты емдеудің халықаралық хаттамасын түзе аламыз. Татарстанда да COVID-19-ға шалдыққан алғашқы науқас сіздердегідей наурыз айында тіркелді. Бұл індетпен күресте біз қатар келе жатырмыз. Сондықтан кей тұста сіздерден де үйренеріміз бар. Сіздер де бізге мамандарыңызды жіберсеңіздер болады. Ал қонақжайлылықтарыңызға рақмет, – деді А.Ванюшин.
Жиын соңында меймандарға сый-құрмет көрсетіліп, кәдесыйлар табыс етілді.

Талғат Нұрханов

ПІКІР