Театр актерлерінің жалақысы қаншалықты өседі?

0 1

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезіндегі тапсырмасы негізінде мәдениет және спорт саласы қызметкерлерінің жалақысы қаншалықты өседі. Бұл туралы ҚР Мәдениет, спорт, туризм және ақпарат құралдарының кәсіподақ төрайымы Светлана Иманқұлова айтып берді.

«Бюджет саласындағы қызметкерлердің, атап айтқанда мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақысына қарағанда, мәдениет және спорт саласы қызметкерлері өте төмен алады.

Себебі, бізде бюджеттік салада Үкіметтің №1193 қаулысы бойынша, базалық лауазымдық жалақы 17769 теңге деп белгіленген. Соған орай, қазіргі таңда Т.Жүргенов атындағы өнер университетін бітіріп келген әртістеріміз – 17679 теңгеге оған қосымша айлық қосылып, 30-35 мың теңге көлемінде ғана айлық жалақы алады. Сол үшін олар басқа жұмыс көздерін іздеуге мәжбүр болады», – дейді Светлана Иманқұлова Астанадағы ҚР Кәсіподақтар федерациясы Атқару комитетінің кезектен тыс кеңейтілген отырысында.

Оның айтуына қарағанда, «Нұр Отан» партиясының съезінде Президенттің өзі айтқандай, филармониялардағы жастардың, театрдағы актерлердің айлығы 30 пайызға көтерілмек.

«Оған біздің саланың қызметкерлері қатты қуанып жатыр. Өйткені, өзіңіз білетіндей, айлығы шайлығына жетпейтін бюджет саласы қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайына бұл сеп болары анық. Айлықтың аздығын Елбасының өзі естіп, «Нұр Отан» партиясының құрылтайында нақты айтып кеткеніне қуаныштымыз», – дейді ол.

Светлана Иманқұлова атап өткендей, актерлерге аттестаттаудан өткеннен кейін санат беріледі.

«Жаңадан бітіріп келген жас мамандарға санат бере алмаймыз. Өйткені, олардың еңбек өтілі жоқтығынан аттестаттау ережесінің талабына сай 1-2 жыл еңбек етуі керек. Содан кейін оларға бірінші, екінші немесе үшінші санат беріліп, базалық лауазымдық жалақыға қосымша үстемақы қосылып отырады. Филармонияда, басқа да театрда еңбек ететін жастардың айлығы 32-35 мың теңгеге келеді. Сол үшін 21 ақпанда үлкен кеңес отырысын өткізіп, Мәдениет және спорт министрлігі өкілдерінің алдында осы мәселені көтерген едік. Оның алдында да бірнеше министрлікке хат жазғанбыз. Олардан ешқандай нақты жауап келмеп еді. Содан кейін былтыр желтоқсанның басында кеңес мүшелерінің шешімімен мәдениет және спорт саласының қызметкерлері атынан Елбасыға хат жолдаған едік», – дейді кәсіподақ төрайымы.

Сол хаттың нәтижесін Светлана Иманқұлова «Нұр Отан» партиясының съезінде нақты естігенін айтады.

«Бұл жолы Мемлекет басшысы нақтылап «мәдениет және спорт саласы қызметкерлерінің де айлық жалақысы көтерілсін» деген сөзді айтты. Кәсіподақтың дауысы, қарапайым еңбек адамының дауысы жеткеніне қуаныштымыз», – дейді ол.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезінде Қазақстан Президенті осы жылдың 1 шілдесінен бастап бюджет саласындағы айлығы төмен қызметкерлердің жалақысын 30 пайызға арттыруды тапсырған болатын.

inform.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.