Мәдениет

Театр – тағылым ошағы

Written by Aray2005

Әрине, өнер ешқашан ұлтқа, нәсілге, материктерге бөлінбейтін мәртебелі дара һәм мәңгілік ортақ құбылыс. Себебі кез келген өнердің пайда болуы мен бүгінгі жеткен биігінде, табиғи тал бойында бүкіл адамзаттың қолтаңбасы, жанкешті еңбегі мен ізденісі, парасаты мен парызы, таланты мен махаббаты ақ қағазға төгіліп кеткен сиядай сіңіп жатыр. Сондай өнердің бірі – театр. Облыстық орыс драма театры 53-маусымын биылғы Жастар жылына арнады. Һәм жаңа қойылымдары да жастардың өміріндегі мәселелерді көтерді.

Жаңа маусым басталмас бұрын орыс театры ұжымы өшпес өнердің еларалық рухани әріптестік байланысын нығайтып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қырғыз Республикасы Бішкек қаласы Шыңғыс Айтматов атындағы орыс театрында өткен орыс театрларының онкүндігіне қатысып, гастроль барысында түрлі жанрдағы алты қойылым сахналап қайтқанын да айта кету керек. Бүлдіршіндерден бастап, ересек адамдарға арналған бұл қойылымдардың көрермен жүрегіне жол тауып, театр саласындағы тәжірибе алмасу шарасы облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен Қазақстанның Қырғыз еліндегі елшілігінің қолдауымен ұйымдастырылды.
Осындай рухани олжалы сапардан оралған ұжым шабысын бәсеңдетпей, бірден жаңа маусымның шымылдығын ашты. Өнерді өрелі өскелең ұрпаққа насихаттай отырып, көрермен назарын сахнаға аударған театр маусымы қарашаңырақтың фойесінде шағын театрландырылған көрініс ұйымдастырды.
Одан кейін көрермендерге арналған үлкен залда Эдуардо де Фелиппоның «Сеньорита Рита» комедиясы сахналанды. Қоюшы режиссер Өзбекстан Республикасының мәдениет саласының еңбек сіңірген қайраткері Сайфеддин Мелиев. Қойылымның атауы бас кейіпкер Ританың атымен аталады. Ол айналасындағы адамдардың, соның ішінде сүйген жары мен құрбы-құрдастарының сатқындығы, ақшақұмарлығына, рухани азғындығына қарамастан өз биігінде қалып, жан дүниесін кірлетпей, тәнін саудаға салмаған кіршіксіз көңіл иесі. Қойылымда махаббат пен адалдықтың, мейірбандық пен кішіпейілдіктің құны, адамдардың шынайы қарым-қатынасына қатты басымдық берілген. Актерлердің кейіпкердің жан дүниесін аша білу шеберлігі, грим, киімдері, мінез-құлқы, психологиясы жоғары деңгейде көрініс тапты. Аталған қойылым тараздық көрермендерге ғана емес, сонымен қатар Алматы, Талдықорған, Бішкек (Қырғызстан) қалаларындағы өнер талғампаздарының көңілінен шығып, тамаша ілтипатқа бөленгенін де ерекше атап өтуге болады.
Жалпы жаңа маусымның ашылуында бірқатар қойылымдардың көрсетілімі ұйымдастырылды.
Cахналанған қойылымдардың әрқайсысында жастардың тағдыры көрініс тапқан. Кедергілер мен қиыншылықтан шығу жолдары да, тағылым мен тәрбие де қамтылған. Жүрекке жылу ұялатқан бұл қойылымдар биылғы Жастар жылында өскелең ұрпақтың өресіне өзіндік өрнегін қалдырады деген сенімдеміз.

Нұржан Қадірәлі

ПІКІР