"Дін" Сұхбат

«Тек Алланың разылығы үшін ниеттеніңіз!»

Written by Aray2005

Он сегіз мың ғаламды жаратқан Иемізге құлшылық қылып, тек бір өзінің разылығы үшін ниеттеніп, бұйырғанын адал атқару ғана шын бақыт екенін ұғынған халқымыз дінді тірлігінің діңгегіне балайды. Асыл дініміз Исламға мойынсұнған мұсылмандар үшін қасиетті айлардың бірі Рамазан келіп, барша бауырлар ауыз бекітер тұста облысымыздың бас имамы Қанат Жұмағұлмен сұхбаттасып, көбімізге беймәлім діни мәселелер турасында нақты ақиқатын білген едік.

– Мұсылмандар көптен күткен қасиетті Рамазан да келді, ниет қабыл болсын! Оразаның қай күні басталып, қанша уақытқа созылатыны жарияланды, осы мерзім қалай анықталады?
– Бисмиллаһи рахмани рахим! Рамазан құтты, ниет-тілектеріміз қабыл болсын! Негізінен, өткен жылы еліміздің бас мүфтиі Серікбай қажы Ораз «Күллі Орта Азия жұртшылығы Рамазанды бір уақытта бастап, бірдей аяқтап, бірге айттасақ» деген игі бастама көтерген-тұғын. Одан бұрын 1 күн ары-бері айырмашылық болып тұратын. Биыл да солай сәуірдің 11-12-жұлдызында Астанада өткен «Ислам және жастар» тақырыбындағы халықаралық конференцияда көршілес мемлекеттермен бірге Оразаның күндерін бекіту мәселесі қаралды. Жиында жан-жақты пікірталас болып, соның нәтижесінде биыл мұсылмандар 6 мамырдан бастап отыз күн ауыз бекітеді деген шешім жасалды. Бұл шешімді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздегі іргелі зерттеу орталықтарының бірі Василий Фесенков атындағы «Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы» мекемесінен жаңа айдың көрінуіне қатысты ресми мәлімет алып, шариғи үкім негізінде Орталық Азия елдері мүфтиятының шариғат және пәтуа бөлімінің ғалымдарымен ортақ пәтуаласып шығарды. Оразаның нақты басталар күні шариғи үкімдер мен астрономиялық есептер негізінде анықталады. Байырғы уақыттары мұсылмандар жаңа туған айды көзбен көріп білген. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с): «Оразаны айдың тууына қарап бастап, айдың тууына қарап аяқтаңдар. Егер ай көрінбесе, шағбан айын отыз күнге толтырып, бастай беріңдер», – деген. Аллаға шүкір, биыл 30 күн ауыз бекітеміз. Қасиетті Қадір түні – 31 мамырдан 1 маусымға қараған түн. Ораза айты 5 маусымнан басталады.
– Сол секілді қасиетті Қадір, Бараат түндерінің де нақты қай күні екені нендей негізбен белгіленеді, ол туралы шешімді кім шығарады?
– Қадір түні хадис кітаптарының жазылуы бойынша ғұлама ғалымдарымыздың топшылауымен Рамазан айының 26-сынан 27-сіне қараған түні деп көрсетіліп отыр. Биыл Қадір түні 31 мамырдан 1 маусымға қараған түн деп белгіленді. Біз 19-20 сәуірдің ортасында атап өткен Бараат түні де Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) хадистеріне сай, Шағбан айының дәл ортасында, яғни 14 жұлдызынан 15-іне қараған түні болып бекітіледі.
– Өткен жылғы оразада қарыз болған күндерді биылғы Рамазанға дейін өтеуге болатынын білеміз. Алайда «келесі оразаға дейін өтеймін ғой» деп арқаны кеңге салып жүретіндер де кездеседі. Қарызды қай уақытта өтеген абзал?
– Иә, қаза келесі Рамазанға дейін өтелуі керек. Егер оған дейін науқастанып немесе жол жүрсе, сол секілді тағы да басқа себептері болмаса, барынша жылдамырақ қарыздан құтылған жөн. Көркем мінезді адамдықтың үлгісін көрсетіп кеткен Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыздың хадистерінде Алланың қарызын өтеуде әлдеқайда ұқыптылық танытуымыз керектігі айтылған. Рамазандағы ораза – бізге міндеттелген парыз. Сол себепті ол мойындағы қарыз болып есептеледі. Одан мейлінше жылдамырақ өтеп құтылған абзал. Рамазаннан кейін келетін Шәуәл айында сауабы мол 6 күндік нәпіл ораза бар. Оны да алдымен Рамазандағы қарыздарды өтегеннен кейін ұстаған дұрыс болады.
Айта кетейік, ауырып немесе жол жүріп әлде әйел адамдардың әр ай сайын беріп отыратын есебі кезінде ауыз бекітілмеген ораза күндерді 1 күнге 1 күнмен өтейді. Егер бұл үш себептен тыс, ешбір себепсіз ұсталмаған әр күнді 60 күнмен өтейді. Немесе 30 адамға тамақ беру арқылы қарыздан құтылады. Бұны кафарат деп атайды. Ал кафаратты білмей аузын ашып жіберсе, онда бір күнге бір күнмен өтейді.
– Берген ауызашарын, садақасын суретке түсіріп, жалпақ жұртқа жариялаушылық жиіледі. Осы дұрыс па?
– Садақаны мейлінше жасырын берген жақсы. Егер садақа жолға қойылмаған қоғамда әлдекімдерге үлгі болу үшін жарияласа, онда жөн. «Жасырын берілген садақа Алланың ашуын қайтарады» (Бәйхақи) делінген. Садақаның жасырын берілуі адамды риядан сақтайды. Жасырын берілген садақа адамның күнәсінің кешірілуіне себеп болмақ. «Егер садақаны құпия түрде берсеңдер, сендер үшін одан да жақсы. Алла сендердің күнәларыңды жарылқайды» (2.Бақара-271) делінген. Бабаларымыздан қалған даналықта да «Оң қолың бергенді сол қолың көрмесін» деген өсиет бар емес пе?!
– Пітір мен зекеттің айырма­шылығы қандай?
– Зекет – мал садақасы. Пітір – Рамазан айында берілетін жан садақасы. Пітір садақасы һижреттің екінші жылы, Рамазан оразасы парыз етілген жылы уәжіп етілді. Ораза айт күні таң атысымен уәжіп болғанымен, пітірді бірнеше күн, тіпті бірнеше ай немесе жыл бұрын беруге де болады. Бұл садақаның Ораза айт намазына дейін берілгені дұрыс. Себебі Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Осындай күнде (айт мейрамы) кедейлерді қайыр-садақа тілеуге мұқтаж етпеңдер» деген. Кедей-кепшіктердің де мейрам күндері барлық адамдармен бірдей қуанып, тойлауын ойлаған пітір садақасы бір жағдайлармен аталмыш мерзімнен қанша кешіктірілсе де, міндетті түрде берілуі тиіс. Пітір садақасын айт күні таң атысымен беру уәжіп болғандықтан, аталмыш уақыттан бұрын дүниеден өтіп кеткен адамдар үшін міндетті емес. Бірақ осы уақыттан кейін қайтса, артында қалған туыстары қайтқан адамның малынан өтейді. Сол сияқты таң атпай дүниеге келген сәбиге пітір садақасы – уәжіп. Ал таң атқаннан кейін туған балаға – уәжіп емес. Бір адамның пітір садақасы мұқтаж бір адамға беріледі. Бірақ бір адамның пітір садақасын бірнеше адамға бөліп беруге болмайды. Бірнеше адамның пітірін біріктіріп, тек қана бір мұқтаж адамға беріледі. Пітір садақалары, ең алдымен, жергілікті жердің мұқтаж кедейлеріне берілуі тиіс. Биыл пітір садақаның мөлшері – 300 теңге. Бұл – пітір садақаның ең төменгі мөлшері. Бұл мөлшерден артық беруге де болады.
– Бүгінде дін өте нәзік мәселеге айналып отыр ғой. Хақ Исламды ұстанатындарды адастырушы ағымдардан қалай айыруға болады? Дін деген осы екен деп, жат ағымдарға алданып қалып жатқан жастар көп…
– Исламды таратушы Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыз дүниеден өткеннен кейін әртүрлі діни ағымдар шыға бастаған. Пайғамбарымыздың өзі бір хадисінде «Яхудилер 71 топқа, христиандар 72 топқа, ал менің үмметім 73 топқа бөлінеді» деген. Алайда сол бөлінген 73 топтың біреуі ғана жаннатқа кіретінін де айтқан. Ғұламаларымыз Пайғамбар (с.ғ.с) айтқан 73 топтың жаннатқа кіретін біреуі қашанда, қай заманда да басым болатынын болжайды. Яғни көпшілік ұстанатын сара жол болатынын айтқан. Мысалы, біздің елімізде, Орта Азияда, тіпті күллі әлемде кең тарағаны – Ханафи мазхабы және имам Әбу Мансур әл-Матуридидің мектебі. Міне, осыларды ұстанған ата-бабаларымыз ешқандай да алауыздыққа барған жоқ. Тіпті бұл ұстанымдардан өзгесі біздің менталитетімізге, діни нанымымызға, санамызға қайшы.
– Әңгімеміз дін турасында болғандықтан, көп ішінде түсіне алмай жүрген мына бір сауалдың да жауабын өзіңізден білсек дейміз. Исламда некеге үлкен жауапкершілік артылады, алайда біраз уақыт ажырасып, қайта қосылып жүрген жұбайлар кездеседі. Шариғат бойынша талақ айтылғандар тағы бір некеге тұрмайынша, қайта қосылуларына болмайды деген қаншалықты рас?
– Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Талақ – Алла жақтырмайтын халал іс» деп айтқандай, ер азамат ажырасуға асықпағаны жөн. Десе де әртүрлі себептермен ер кісілер әйелдеріне талақ беріп қояды. Бұндай жағдайда әйел адам күйеуінің үйінде төмендегідей 4 жағдайда қалып, күтуіне міндетті.
Бірінші, денсаулығы бар, балиғатқа толған жас әйел 3 хайыз (3 етеккір) мерзімін күтеді («Бақара» сүресі, 228-аят). Екіншіден, хайыз көрмейтін бедеу әйел және қартайған әйел 3 ай («Талақ» сүресі, 4-аят), жүкті әйелге талақ айтылса, босанғанша, («Талақ» сүресі, 4-аят), күйеуі қайтыс болған жесір әйел күйеуі қайтқан күннен бастап, 4 ай, 10 күн күтеді («Бақара» сүресі, 228-аят). Бұл 4 мерзім – шариғатта идда мерзімі деп аталады. Талақ берілген соң, әйел өзіне тән мерзімді күйеуінің үйінде күтуге тиіс болады («Талақ» сүресі, 4-аят). Бұл идда мерзімі аяқталмайынша әйел кісі басқаға тұрмысқа шыға алмайды. Талақ берген күйеуі бастапқы үш түрлі идда мерзімі аяқталмай тұрып, неке жаңартпай-ақ, әйелін өзіне қайтара алады. Ал егер мерзім аяқталып, әйелді өзіне қайтарып үлгермесе, онда қайта қосылу үшін әйелдің разылығы, жаңалап неке қию және мәһір (неке сыйлығы) беру міндет болады. Алайда әйеліне үшінші рет талақ бермеген болуы тиіс. Егер үшінші рет талақ берсе, онда идда мерзімі аяқталған әйел бірінші күйеуіне адал болуы үшін, басқа бір ер кісіге тұрмысқа шығуы тиіс («Бұхари», 2496-хадис). Содан кейін ол ер кісі өз еркімен талақ берсе, әйел тағы да идда мерзімін күтіп болған соң, бірінші күйеуімен некелесе алады («Бақара» сүресі, 230-аят).
Қорыта келгенде айтарымыз – ер азаматтар ажырасар алдында білімді имамдарға жүгінгені дұрыс. Әрі ажырасқанда талақ сөзін бір рет қана айтса, жеткілікті болады. Бірден 3 талақты айту – бидғат іс. Сонымен қатар ер кісі не болса соған ашуланып, әйеліне «кет, құры, жоғал» деген сияқты сөздерді айтпауға тырысуы керек. Өйткені бұл да талаққа жатады. Сондықтан да өкініп қалмас үшін, қазақша айтқанда, «Қайтып кірер есікті қатты жаппа!» дегіміз келеді.
– Келелі әңгімеңізге көп рақмет!

Сұхбаттасқан Қамар ҚАРАСАЕВА

ПІКІР