Жамбыл жаңалықтары

Техникасы жаңа шаруашылықтың жұмысы өнімді болады

Written by Aray2005

Кеше Жуалы ауданындағы картоп өсірумен айналысатын 13 шаруа қожалыққа жалпы құны 216,1 миллион теңгені құрайтын 50 дана ауыл шаруашылығы техникасы берілді. Жуалылық диқандардың көптен күткен қуанышымен бөлісуге облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ауданға арнайы барды.

Аймақ басшысы биыл картоп дақылының егістік көлемін арттырып, облыс нарығын мүмкіндігінше өз өнімімізбен қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Тапсырма аясында ағымдағы жылы нақты жұмыстар жүргізіліп, нәтижесінде негізгі көрсеткіштер айтарлықтай өсті. Мәселен биыл облыс бойынша 11,2 мың гектарға картоп дақылы егіліп, егістік алқабы өткен жылмен салыстырғанда 1 мың гектарға артқан. Ал бүгінгі күнге дейін 4 мың гектардан картоп жиналып, жалпы түсім 121,3 мың тоннаны құраған.
Жиында сөз алған аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев мол өнім алу үшін ең алдымен сапалы тұқым және мүмкіндігі мол техникалар қажет екендігін айтып өтті.
– Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының негізгі саласы.Аграрлы аймақ саналатын облысымызда Мемлекет басшысы қойған міндеттемелерді жүзеге асыруда ұтымды жобалар іске асырылып, өңір экономикасын арттыруда. Атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Дегенмен әлі де саланың дамуына айтарлықтай кедергісін келтіріп тұрған мәселелер де баршылық. Әрине бірінші кезекте ағын судың тапшылығы байқалады. Су тапшылығын болдырмау үшін жұмыстар жасалып жатқанымен, мәселе өзекті күйінде қалып отыр. Сондықтан шаруалар су үнемдеу технологияларын пайдалануға көңіл бөлуі керек. Қызылорда облысының әкімі қызметін атқарып жүрген жылдары Израильге бардық. Сонда израильдік шаруалардың тірлігін көріп қайран қалдым. Жері тастақ. Өзен-көл жоқ. Бірақ жасанды тоғандар жасаған. Сол арқылы тамшылатып суғарып, мол өнім алуда. Сол өнімдерімен өз нарығын қамтамасыз етіп қоймай, экспорттап отыр. Міне бізге де осы секілді тиімділігі мол тәжірибелерді пайдалану қажет. Бұлақтардың да суын неге пайдаланбасқа?! Сонымен қатар алдағы уақытта бірқатар аудандарда тоғандар салу жоспарлануда. Тағы бір маңызды мәселе – ауыл шаруашылығы техникаларының тозығының жетуі болып тұр. Бүгінгі күні облыста 18869 дана ауыл шаруашылығы техникасы есепте тұрса, оның ішінде картоп дақылын өңдейтін 267 дана техника бар.
Дегенмен бұл техникалардың тозығы жетіп, ескірген. Техникасы ескі шаруаның жұмысы өнімді болмайды. Картоп өндірісін қарқынды дамыту үшін бүгін жаңа техникалар «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы шаруа қожалықтарға лизингке берілуде. Бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыру керек.
Кеңес үкіметінің тұсында «Жуалының картобын нан секілді жеуге болатын» дейтін. Өкінішке қарай қазір олай мақтана алмаймыз. Бүгінгі беріліп отырған жаңа техникалар жуалылық диқандарға мол мүмкіндіктер сыйлайтынына сенімдімін, – деген Бердібек Сапарбаев айтылған кемшіліктер бойынша ауыл шаруашылығы саласына жауапты орынбасары Берік Нығмашевке нақты тапсырмалар жүктеді.
Ал берілген техникалар қатарында трактор, жүк тиегіш, минералды тыңайтқыш таратқыш, картоп қазғыш бар. Техникалардың әрқайсысының бағасы 10-16 миллион теңге аралығында.
Ал өз кезегінде шаруалар жаңа техникалар жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын жеткізіп, облыс әкіміне үлкен алғысын білдірді.

Талғат НҰРХАНОВ
Жуалы ауданы

ПІКІР