Мәдениет

«Текті сөздің төресі – терме»

Written by Aray2005

Ел ішінде тіл мәдениетін дамыту және дәстүр мен өнерді насихаттау мақсатында Таразда термешілер байқауы өтті. Облыстық тілдерді дамыту басқармасы ұйымдастырған «Текті сөздің төресі – терме» атты байқау биылғы Жастар жылына және Сүгір жырау Бегендікұлының 125 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды. Жыл сайын дәсүрлі түрде өткізілетін байқауға бұл жолы 11 термеші қатысты.
Алдымен аумақтық деңгейде ұйымдастырылып, топ жарып шыққан үздіктер бақ сынасқан облыстық байқауда Сүгірдің термелерімен қатар, өткеннің өнегесін, өсиетін жеткізер жырлар айтылды. Терме тұнып тұрған тәрбие екенін бұл сайыс тағы да дәлелдей түсті.
Орындаушылардың термені сөзін анық, мақамын нақышына келтіре жеткізуімен қатар, сахна мәдениетін сақтауына да мән берілді. Нәтижесінде Тараз қаласынан қатысқан Айгүл Есекеева бас жүлдені жеңіп алып, республикалық терме додасына жолдама алды. Жүлделі І орынды байзақтық Балмырза Каленбаев, ІІ орынды сарысулық Ғалымжан Тезекбаев, ІІІ орынды жуалылық Мәлік Мықтыбеков олжалады.
«Сүгірдің өсиет толғауын» өз деңгейінде жеткізіп, тыңдаушыларды қанаттандырған мойынқұмдық Нұрболат Шикетаев «Сүгірді жырлаушы» аталымымен марапатталды. «Жігіттерге өсиет» жырын домбыраның қоңыр үнімен үйлестіріп, ашық та таза дауысымен әдемі орындаған Т.Рысқұлов ауданынан келген 11-сынып оқушысы Жансая Сәрсенбаева «Ең жас термеші» атанды. Өзге қатысушылар арнайы алғыс хатпен марапатталып, барлық термешілерге сый-сияпаттар тарту етілді.

Қ.РАХМЕТУЛЛИНА

ПІКІР