«Тектұрмас» кешені талайды тамсандыруда

0 3

Тараз қаласын кезекті рет аралаған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев алдымен «Тектұрмас» тарихи-мәдени кешенін жаңғыртудың үшінші кезеңі аясында атқарылған жұмыстардың барысымен танысты.

Қазіргі таңда қала тұрғындарының тынығуына арналған Талас өзенінің бойындағы ұзындығы 423 метрді құрайтын жағалау жұмыстары толығымен аяқталған. Жағалауға жайлы орындықтар орнатылған. Жұмыс барысында табиғи ландшафт барынша сақталған. Құздардан сарқырап аққан сарқырама ерекше әсер сыйлайды. Сарқырамаға су арнайы қазылған құдықтардан құйылуда. Өзеннің қарама-қарсы жағалауын абаттандыру жобасы да дайын. Жоба көп ұзамай іске аса бастайды. Өз кезегінде Бердібек Машбекұлы әртүрлі шағын сәулет нысандарын көбірек пайдалану, аумақты көгалдандыру жұмыстарына баса назар аударуды тапсырды.
Сондай-ақ Бердібек Сапарбаев Ахмет Байтұрсынов көшесіндегі аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың қажеттіліктерін қамтамасыз ету мақсатында ашылған он төртінші әлеуметтік павильонға ат басын бұрды. Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Амановтың айтуынша, әлеуметтік павильондағы өнімдердің құны нарық бағасынан 30-40 пайызға төмен. Айталық, картоптың келісі 115 теңге, қант 220 теңге, жұмыртқа 27 теңгеге сатылуда. Сапасы жоғары, ал тауар түрлері ауқымды.
– Әлеуметтік павильондар халықтың әлеуметтік осал топтары үшін арнайы салынып жатқанын ұмытпаған жөн. Алыпсатарлыққа жол бермес үшін бір адамға сатылатын тауардың көлем-нормасын белгілеу қажет. Сондай-ақ жақын маңда тұратын мұқтаж отбасылардың тізімін жасау керек. Төмендетілген бағадағы өнімнің негізгі тұтынушылары солар болуы керек, – деді облыс әкімі.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.