Тектұрмасқа кең автотұрақ қажет

0 38

Табиғаттың өзі көрік берген Тараз қаласы тарихи орындарымен де көптің қызығушылығын тудыратын жақұт мекен. Кейінгі кездері заманауи нысандармен, ғимараттармен түрленіп, туристердің де қызығушылығына ие болып келеді. Әрине, бұл біз үшін мақтаныш.

Осыдан екі жыл бұрын облысымыздың 80 жылдық мерейтойында ашылған «Тектұрмас» этнотарихи кешені құрылысының 2-кезеңі биыл аяқталып, осы жаздың басында қонақтарға есігін ашқан болатын. Қазіргі кейпі көз сүйсіндіретіні рас. Сонысымен де ол кешенге келушілердің қарасы тіпті түн жарымында да сейілмейді. Жаздың аптап ыстығынан да болар, келушілер күндізден гөрі қас қарая көбейеді. Соған қарай көліктің те қатары артады.
Кешеннің кіреберісіндегі көлік тоқтауға арналған орын тар болғандықтан көп кісілер темір тұлпарын жолдың қарама-қарсы бетіне аялдатады. Ол жер қыр, арғы жағы сай. Автокөлікті қоюға қауіпті болса да арнайы автотұраққа сыймағандықтан, жүргізушілер сол жерге көлік қаңтаруға мәжбүр.
Біз барғанда сол маңайға көлігін қоярға қолайлы орын таппай жүрген Абзал Сұлтанұлы:
– Міне қараңыздаршы, жол қырға орналасқан. Көріп тұрғандарыңыздай, арғы жағы төменге қарай құлдилап жатыр. Ой-шұқырлы жерге амалсыздан көлік қоюға тура келіп тұр. Бұдан бұрын келгенімде осы жерге қаз-қатар тізілген машиналардың ішінен бірі шығып, бірі кіріп, бір-бірінің бамперін сындырып, енді бірінің сыртын сырып кетіп жатыр. Тіпті кейбіреулері жол шетіндегі қой тастарға соғып алып та жатқанын көрдім. Сырылған, сынған көлікті қайта қалпына келтіріп, жөндету де оңай емес.
Тектұрмас кесенесіне барар жол жарықтанбаған. Аталған жолдың бойына көлігімді қоямын деп қараңғылықтан көлігіммен ылдиға қарай кетіп қала жаздадым. Абырой болғанда, сондағы басқа көлік жүргізушілері байқап қалып, қол ұшын созды. Сөйтіп, бір оқыс оқиғадан аман қалдым.
Демалыс орнына келіп, серуендеп, таза ауамен тыныстаймыз, көңіл көтереміз деп көлігімізді құртып алсақ – шығынға батқанымыз. Көпшілік халық келуі үшін салынған демалыс орнына кең автотұрақты ойластырулары да керек еді ғой. Өзім осы қалада тұрамын. Басқа облыстардан туыстарымыз қыдырып келсе, алдымен көрсететін бірден-бір әдемі жеріміз деп осында алып келеміз. Енді міне, көлікті қоятын жер таппай, айналып жүргенімізге біраз уақыт болды, – дейді.
Расында да 360 мыңнан аса халқы бар Тараз тұрғындарымен қоса, сырттан келетін меймандардың да көліктеріне мұндағы автотұрақ өте тар. Тұрақ салуға жер жоқ дейтіндей қаланың іші де емес.
Бұл жерге қоғамдық көлік те келмейді. Сондықтан келушілердің көбі жеке көлігімен немесе такси жалдап жетеді. Өзіміз де мұндағы жағдайды көріп, қайтар кезде шақырған таксиіміз 200-300 метрдей қашықтықтағы көпірдің қасына келумізді өтінді. Себебін кешенге жақындауға кептелістен шыға алмайтынымен түсіндірді. Егер кең автотұрақ болғанда мұндай келеңсіздіктер туындамас еді.

Қамар Қарасаева,

Тараз қаласы

Leave A Reply

Your email address will not be published.