Сұхбат

«Телеарналарға рейтинг қуудың түкке де қажеті жоқ»

Written by Aray2005

«Оқшау ой» айдарының бүгінгі қонағы – белгілі журналист, облыстық «Jambyl» телеарнасының директоры Жасұлан ӘБДІХАЛЫҚ

– Жасұлан Лесбекұлы, бүгінде саны сапырылысқан, сапасы күмәнді сайттар көп. Әлеуметтік желінің әулие-әмбиелері секілді, тіпті Абайдың өзін бұл заманда әрі кетсе «блогер болатын еді» дейтін бейпіл ауыздар көбейді. Кешегі Ахметтер, Әлихандар, шындықтың шырақшысы Шерағаңдар қалыптастырып, нықтап, нақтылап кеткен қазақ журналистикасының бүгінгі бағыты қандай? Саны көп, сапасы күмәнді сайттар газеттің орнын басады дегенге қаншалықты сенесіз?
– Сайттардың саңырауқұлақтай көбейіп кеткені уақытша тенденция деп ойлаймын. Қазір жерден жеті қоян тапқандай әркім өзінің білгенін айтып жүр. Жалпы біз демократия дегенді әлі күнге дейін дұрыс түсінбеудеміз. Демократия деген барыңды ашып-шашып, ішек-қарныңды ақтарып тастау емес. Оған басқаша бойлауымыз керек. Ал бізде қазір қарап отырсақ, әркімде бір-бір сайт бар. Соны ешкім мемлекеттің мүддесіне пайдаланып жатқан жоқ. Тек жеке бастың қамын күйттейді. Және біздің сайттар жеке басқа тисушілікке бой алдырып, кәдімгі отбасындағы күйбең тірлікті айтып, «хайп» қууға құмар. Сайтпен өзіміздің дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарын мүлде салыстырудың қажеті жоқ. Бізде қазір «сайттар озып бара жатыр, интернет, әлеуметтік желі алға шығып кетті» деген кереғар тенденция бар. Бірақ өзіміздің қайнар бұлағымызға айналған телеарна мен газеттерді бұлар ешқашан басып оза алмайды. Қазір де «телеарнаны әншілер басып кетті» деп айтып жатырмыз ғой. Әншілердің көш керуені бүгінде киноға кетіп бара жатыр. Телеарнаны қойды, бәрі бір-бір бағдарлама жүргізді, жұлдыз болды. Осылай кетті. Әрі қарай қай жаққа кетерін білмеймін…
Яғни, қазір біз телеарнаны әншілерден тазаладық. Байқасақ, бүгінде журналистиканы блогерлер басып бара жатыр. Блогер деген түсініктің не екенін біз әлі ашып алған жоқпыз. Не статусы жоқ, не заңды белгіленбеген. Блогер– біздің түсінікте күнделік жазу. Қазір сондай жеке адамның тек өзіне ғана тән дүниені біз қоғаммен байланыстырып жібердік те, блогер дегеніміз кәдімгі бір қоғамның белсендісі, қоғамның мүддесін қорғап тұрған тіреуі сияқты болды. Ең жаман жері, сол блогермін деп жүрген қыз-жігіттер өздерін солай ұстайтын дәрежеге жетті. Ол сол жазба журналистиканы қаншама жыл оқып, мамандығында қайнап, материалдың қалай жазылуы секілді машақатын меңгермей-ақ, үйінде отырып алып, қолындағы «соткасымен» әр жерден қаңқу сөзді естіп, өзінің пікірін айтатын болды. Жалпы блогер деген жай ғана әлеуметтік белсенді, пікірін білдірушілер, өзінің қоғамға деген көзқарасын көрсетушілер деп анықтауымыз керек. Бірақ қазір «мен блогермін» деп ұялы телефонын сумаңдатып мемлекеттік мекемелерді түсіріп, ойына келгенін істейтіндер пайда болды. Ал егер ол шынымен мықты жазғыш, журналист болса, неге газетке, телеарнаға келмейді? Сол жерге заңды түрде жұмысқа орналасып, жазсын, айтсын, сөйлесін!
Ойлап қарасақ, адамның бәрі пенде ғой. Пенденің артында жақсы дүниесі де, бір кемшілігі де бар. Ал біз бүкіл тұлғаларды жерден алып, жерге салуға көштік. Бірін жемқор қылдық, бірін алаяқ деп айыптадық. Енді бірінің сақалына тиістік. Осылай қазіргі қоғамдағы өзіміз дәстүрлі санайтын, елге еңбек етіп жатқан, халықтың өнеріне, тыныс-тіршілігіне үн қосып жүрген белгілі азаматтардың ар-намысын аяққа таптадық. Ал арзан «хайп» жинағандар ғана әлеуметтік желіде отыр. Бәрі шетінен данышпан. Бір тұлға елдің алдына шығып, бір ауыз сөз айтайын десе, оның астына мыңдаған бетпақ пікірлер жазылады. Қорқынышты тенденция бұл. Бірақ соған қарамастан өзің айтқандай, кешегі Ахметтер, Әлихандар, Шерағалар қалыптастырған қазақ баспасөзі өшпейді, өлмейді. Маған кейде «дәстүрлі бағытта қалып кеттің, деңгейің өспей қалыпты» дейтіндер де бар. Мейлі, айта берсін. Тағы да айтамын, қазақтың тілі өлмейінше, қазақтың журналистикасы өлмейді. Қалады, жалғасады.
Кезінде «агент» деген болған, қалды емес пе? Қазір фейсбук, инстаграм, твиттер деген бар, бұл да қалады. Ертең заманына сай тағы да басқа дүниелер қалыптаса береді. Бірақ біздің қазақ журналистикасына тән кәдімгі қазақтың газеті мен телеарнасы жойылмайды. Осылармен бірдей жанталасып, аласұрып, бірде жеңеміз, бірде жеңілеміз, бәрібір өз оқырманымызды, көрерменімізді сақтап қаламыз.
Тағы бір қынжылатыным, көп форумдарда қазақ журналистикасына қасақана істейді ме, әйтеуір «дәстүрлі БАҚ-тың күні өтті, жаңа медиа пайда болды, жаңа заманға лайықты болуымыз керек» деген ұғымды құлағымызға сіңіріп жатыр. Сіңіре берсін. Шәмші Қалдаяқовтың әні жүз жылдан кейін де өміршең болып қалады. Қазіргі әншілер күніне мың ән шығарса да ол ертең ұмытылып кетеді. Жүз жылдан кейін де Шәмшінің әні қазақтың тойында айтылады. Сол сияқты жүз жылдан кейін де осы Ахметтер, Әлихандар бастаған газеттер оқылады, телеарнамыз болады. Мен оған сенемін!
– Қазіргі қоғамда төртінші билік деп әсерлі әспеттелгенімен журналистердің ешқандай статусы жоқ. Бүгінде осы мамандық иелерінің мәртебесі не мемлекеттік, не бюджеттік салаға жатпайды. Сондықтан БАҚ-тың баспана мәселесінде де бағы жанбай тұрғаны анық. Осы мәселе қалай шешілуі қажет деп ойлайсыз?
– Осы мәселені мен біраздан бері қозғап келе жатырмын. Шынында да мемлекет тарапынан қабылданып жатқан көп бағдарлама бар. Бірақ соның барлығын бұқараға насихаттап, халыққа жеткізіп, от пен судың ортасында жүрген журналистер жеңілдіктерден сырт қалып қояды. Өйткені не әлеуметтік салаға, не мемлекеттік қызметке жатпаймыз. Кезекке тұрып, баспана да ала алмайсың. Бізде қаншама жас журналистер жұмыс істейді. Тіпті отыз жыл бойы еңбек етсе де баспанасыз жүрген әріптестеріміз аз емес. Бұл мәселені өткенде өңірімізге депутаттар келгенде де айттым. Бізге заңға өзгеріс енгізіп, жүз пайыз акциясы мемлекетте тұрған БАҚ-тағы журналистерді тым болмаса «7-20-25» бағдарламасына енгізу қажет. Ол жерде тұрған көп те мәселе жоқ деп ойлаймын. Тым болмаса жалға алуға мүмкіндік берілсе игі. Журналистер жақсы дүние шығару үшін шығармашылыққа да қолдау, демеу керек.
Жамбыл облысына қызметке келгенімде сол кездегі облыс әкімінің орынбасары, қазіргі Тараз қаласының басшысы Ғалымжан Әбдірайымовтың алдында да осы мәселені көтергенмін. Бұрынғыдай банк болмаса да компаниямен жеке әріптестік ретінде журналистер үйін салсақ. Егерде қалалық әкімдік жер беретін болса, сол жерге инфрақұрылым тартылғаннан кейін үйдің бағасы арзанға түседі. Бізде облыстық телеарнамыз, газеттеріміз тұр. Ол жерде жүздеген журналист еңбек етуде. Солардың ортақ компаниямен меморандумға тұрып, тікелей компанияға төлейтіндей тетіктері бар. Кейін тағы бір басқосуда қалалық әкімдікке «Қала сыртынан журналистер ауылын құруға жер беріңіздерші» деп айтқаным бар. Сол жерге инфрақұрылым тартылса, әркім өзінің баспана мәселесін шешіп алар еді ғой. Міне, егер билік қабылдайтын болса, осындай ұсыныстар бар. Соңғы он жылда Жамбыл облысында бір-ақ журналиске үй берілген шығар. Содан кейін «Aq jol» газетінде бір кездері айлық жалақы есебінен несиеге пайызсыз пәтер беру туралы тәжірибе жүзеге асқан еді. Осыны да үйлестіре отырып, неге жалғастырмасқа? Ол үшін бізге биліктің көмегі керек. Егер нақты ұсыныс қажет дейтін болса, оны жазып, дайындап беруге әзірміз.
– Еліміздің ең басты байлығының бірі – бірлігі, достығы, ынтымағы. Ал жеке өзіңіз осынау он сегіз мың ғаламның иесі дарытқан достық сезімін қалай түсінесіз? Достан көңіліңіз қалған кез болды ма?
– Қиындау сұрақ. Біз әншейінде «анау менің досым, мынау да менің досым» деп санаймыз. Қарап отырсаң досың көп сияқты. Бірақ өзіңе нағыз қажет кездерде ғана айналаңдағы достың азайғанын көріп, көзің жете бастайды екен. Мен жылда бір досымнан көңілім қалады, жылда бір жаңа дос табамын. Бірақ оның барлығын дос деп айтуға бола ма? Дос деп біз кімді айтуымыз керек? Қуанышты бәрі бөлісе алады. Дос деп басыңа іс түскен кезде қиындықты бірге еңсере алатын адамды ғана айтатын шығар деп ойлаймын өз басым. Біраз қызметтің құлағын ұстап жүріп, басында сынып қала жаздайтынмын. Қазір етім үйренді. Қызметте жүрген кездегі достардың алты-жеті ай жұмыссыз жүрген күндерде ешқайсысын таппай қаласың. Содан көңілің суый бастайды. Кейін жақындатпай, арақашықтық ұстайсың. Оған қатты сенбеуге тырысасың. Адамдар қазір бір-бірін керек кезде ғана іздейтінін уақыт көрсетіп келе жатыр. Бірақ өзіңнің қасыңда қандыкөйлек жолдастарың да болады. Бүгін шарт етіп ренжісіп қаласың да, үшінші күні қайтып достасып кетесің. Өйткені шариғат бойынша мұсылман мұсылманға үш күннен артық ренжуге болмайды. Сол достарың жылдар бойы сүзгіден өтіп, шынайылары қасыңда қалады. Қалғандарының барлығын дос деп санауға болмайды. Оларды әріптес, қызметтес, іні, аға, бауыр, жекжат, құда, нағашы деп көреген қазақ атамыз әрқайсысына ат қойып қойған ғой. Солай атаған дұрыс. Біз дос деген ұғымды жеңіл қолданбауымыз қажет. Қазір іріктеліп қасымда қалған екі-ақ досым бар. Бастысы мен оларды солай досым деп жүрмін. Ал олар мені солай дос деп санай ма, санамайды ма, ол да белгісіз.
Жас кезде әркімді досым деп айта беруге болады. Қазір олай айта алмайсың. Оның үстіне саясатта жүргеннен кейін достарың мүлде сирейді екен. Олардың саған деген пікірі де өзгереді. «Мынау қызметке келіп еді, кісі болып кетті, бізбен араласпай кетті» дейді. Мен қаншама достарымның сыртымнан солай айтатынын білемін. Оның бәрін сеземін. Әркімнің өзінің таңдаған жолы бар. Бірақ мен олай деп оларға ешқашан айтпаймын. Рас, кейде қуаныштарына, тойларына бара алмай қаламын. Қазір кішкене уақыт тауып, сол достарыммен араласып жүрмін. Мемлекеттік қызметте жүргенімде 2-3 жыл мүлде араласпай кеткен кездерім болған. Кейде қоңырау шалса, тұтқаны ала алмай қалсам, соған да ренжитін. «Жиналыста отырмын» дегенді ол досыңа түсіндіре алмайсың. Мұнда жиналыстан жиналыс, сен күйіп басқа шаруамен басың қатып жатқанда, ол досың ауылда жатып «ішім пысты ғой» деп хабарласуы мүмкін. Сондай кезде қатты қапаланып «адам ерігіп жүрген жоқ, қоя тұрсайшы» деуің мүмкін. Сол кезде оның да ренжитіні рас. Оның бәрін түсіндіріп айта алмайсың. Түсіндіріп айтудың да қажеті жоқ шығар деп ойлаймын. Өмір сонысымен қызық. Жалпы адам есейген сайын досы азая береді екен, соған көзім жетті.
– Сіздіңше, қазіргі зиялы деп ат қойып, айдар таққан қауым қаншалықты зиялы һәм олар жастарға толыққанды дұрыс тәрбие беріп жатыр ма?
– Мен «мынау зиялы», «мынау зиянды» деп ешкімді айта алмаймын. Өйткені өзім ондай деңгейге жеткен жоқпын. Жалпы зиялы деп кімді айтатынымыздың да анық-қанығына барған жоқпын. Осы облыста жөн көрсетіп, жол сілтеп жүретін, өздері талай жыл еңбек етіп, құрметке бөленген, шәкірт тәрбиелеген, енді артында өсіп келе жатқан жастарға қол соғып, қошемет көрсетіп отырайық, осылардың тілеуін тілейік, бағыт-бағдар берейік дейтін ел ағалары бар. Бірақ жұмыс бабымен сегіз жылдай сыртта болып келген кезімде, кішкентай ғана Жамбылдың өзінде бірімен-бірі бір дастарханда шай іше алмайтын ағалардың әрекеті қатты қынжылтты. Бірінің үстінен бірі арыз жазып, бірінің орнына таласып жатқандар бар. Сосын басқа жақты білмеймін, біздің Жамбылдағы ең жаман үрдіс– пәленшенің руы, түгеншенің руы (руларының атын айтпайын, айтсам маған ренжиді) және олардың өзі өз алдына президиум президенті деп төраға, оның орынбасарларын сайлап алған. Олар жиналып алып, құрылтайын жасайды. Оның ішінде кәдімгі мемлекеттік қызметкерлер де бар. Біздің берекемізді қашыратын ең сұмдық қасіретті нәрсе – осы. Ата-атаға бөлініп алған ағаларды көрген жастар не істейді? Мәселен біз ортадамыз, бізден кейінгі жастар да бар ғой. Олар кімді таңдауы керек? Сырттан келген кезде осындай олқылықты көп байқадым.
Әрине, бәрі бірдей емес, бірақ осылардың да арасына от салып жүретіндерді көрдім. Жасаған жұмысыңа ақыл-кеңесін айтып, дұрыс бағыт берудің орнына, сен сүрініп кетсең, соны мәз болып екінші біреуге айтатындар бар екен. Соған қараймын да, ағалар бірінші бізге әдемі жол көрсете білсе деп ойлаймын. Соңғы кездері «Жамбылға шымкенттіктер келді, солар жұмыс жасап жатыр» деген қаңқу сөздер көбейгенін естідім. Мысалы, мен 5 облыста жұмыс істедім, бірақ маған «Жамбылдың жігіті мұнда не істеп жүр?» деп ешкім айтқан жоқ. Мен үшін Алтай мен Атырауға созылған қазақ даласының қай жері болса да туған жердей ыстық. Неге солай айтқанша өзің істемейсің? Өзің мықты болмадың, сосын оны біреу істеп жатыр. Мен де бардым солтүстіктегі Көкшетауға. «Сен не ғып жүрсің?» деп ешкім айтқан жоқ. Сол жерден өз ортамды, қаншама дос таптым. Қайнаған үш миллион халқы бар Шымкентте жұмыс жасадым. Онда да маған «Жамбылдан келдің ғой» деп ешкім айтқан жоқ. Ал неге енді біз «Шымкенттен келдіңдер» деп айтуымыз керек? Шымкент те, Атырау да, Көкшетау да өз жерің. Сондай арзан сөзді айтып жүргендердің өздерін басқа жаққа жұмыс істетіп көрсету керек. Олар осы жерден шықпай қалған. Қолмен ұстап, көзбен көріп, менталитетін үйреніп, барыңды бөліп беріп, жоғыңды сол жақтан алуың керек.
Ел ішінде қамқор ағалар бар, бірақ соның ішінде бүтінді бөлетіндер де жоқ емес. Достық, сыйластық, бір мүдде дегеннің не екенін алдымен олар өздері іспен көрсетуі қажет. Соларға біз қарауымыз керек. Ал өздері қырықпышақ болып, бірін-бірі жамандап, өсектеп жүрген кезде бізден не сұрайды? Бізде соны үйренеміз де, ертең біз де соған қарай кетеміз. Қазір қарап отырсақ, кішкентай жас жігіттердің өзі топ-топ болып бөлініп жүретін болған. Бір-бірімен сөйлеспейді. Өйткені үлкенің ұйымшыл болып, барлығыңды шақырып алып «бүйтіңдер», «сүйтіңдер» деп отырған жоқ. Міне, әңгіме осында. Өңірдің мүддесі айналып келгенде мемлекеттің мүддесі және ол біреу-ақ болуы керек. Бәріміз соған жұмыс жасауға тиіспіз.
– Қым-қуат тірліктен шаршап, кей кезде басқа тірлікпен айналысып кеткіңіз келмейді ме?
– Бизнеспен айналысып кеткім келеді. Бұрын үлкен қызметтерге барсам, ел басқарсам, жоғары лауазымда істесем деп армандайтынмын. Бірнеше қызметте істеп көргендіктен қазір мен ары қарай қызметте өсуге қорқамын. Керісінше таудың етегінде шағын отбасыма шақталған үйім, жерім болса, бала-шағамды асырап, салығымды төлеп тұруға жететін кішкене малым болса, сонымен таза ауаға, табиғат аясына кетсем деп аңсаймын.
– Ал табан аудармай абыройлы еңбек еткен мемлекеттік қызметке шақырса, қайтадан ораласыз ба?
– Мемлекеттік қызметте күн сайын «анау жерде анау ұсталып кетіпті», «істі болып қалыпты» деген ақпараттар көп қазір. Мен сол жігіттердің барлығы сол әрекетті қасақана солай боламыз деп жасады деп ойламаймын. Қызметте жүріп байқағаным, қағаздардың өзінің ұңқыр-шұңқыры көп. Қағазды дұрыс толтырмағанның өзі сенің соншама 20 жыл бойы жинаған репутацияңды тас-талқан етіп, болмаса саған біреу ерегісіп, артыңа түскісі келді, түсті, сонымен еңбегің зая кетіп, карьераңның күлі көкке ұшады. Қаншама жігіт солай кетіп жатыр. Арасында танитындарым да бар. Мен ойламаймын олар ұлттық мүддеге жаны ашымайды деп. Жаны ашымай жатқандары да бар. Астаулап жеп жатқандар да бар. Олардың да желкесінен шығып жатыр ғой. Дегенмен өз басым мемлекеттік қызметтің қиындығынан ешқашан қашқан емеспін. Бізде бір кереғар түсінік бар, қызметте 5 жылдай отырып қалса, соны өзінің жекеменшігі секілді ойлайды. Кейбір ағаларымыз сондай, өкінішті. Сол жерге жабысып қалады. Өйтуге болмайды ғой. Мына тұрған Жапонияның өзінде басшылық қызметте 3 жыл ғана отырады. Бірінші жылы бәрімен таныстың, жоспарыңды құрдың, екінші жылы жұмысты жүйеге қойдың, үшінші жылы жүйе орындалды ма, басқа қызметті ары қарай көр. Сен ол жерге басқа ештеңе бере алмайсың. Біреудің жолын байламауың керек. Ал бізде тас болып қатып қалған, кетпейді орнынан. Кейбіреулер ұжымның алдында жылап, ботадай боздап кетіп жатады. Сұмдық қой. Маған осы жерге қызметке келгеніме 1 жыл 1 айдан енді асты, мен мұнда бес жыл басқарамын деп ойламаймын. Егер жақсы қызмет ұсынып жатса, кез келген қалада, кез келген министрлікке ойланбай кете беремін. Отбасым да бес облысқа көшіп-қонып үйреніп қалған(күліп). Қазақтың кез келген жері менің жерім. Барамын, қолымнан келгенше, шамам жеткенше қызмет етемін. Ал енді арманыма жетіп, берерімді берген кезде қазіргідей қарбаластың барлығын қойып, бизнеске кетемін.
– Жалпы өзіңіздің өнерге де біртабан жақындығыңызды білеміз. Өлең жазатыныңыз да бар, ән де айтасыз. Осы құпия қабілеттеріңіз жайлы бірауыз айтып өтсеңіз…
– Мен жалпы көңілді адаммын. Өлең шығарамын, бірақ ақын емеспін, өлеңшімін. Менікі кәдімгі ұйқас қуған өлең ғой (күліп). Ешқашан ақынмын деп біреуге айтқан емеспін, айтпаймын да. Өзімнің жүрегіме кейде көрген, түйген ойлар келеді, соларды түртіп, сақтап қоямын. Еш жерге жариялаған емеспін. Бірақ шыны керек, мемлекеттік қызметте жүрген кезімде ешқандай шығармашылықпен айналысқан жоқпын. Мемлекеттік қызмет жұтып тастайды екен оның барлығын. Қазір телеарнаға келгелі көргенің бағдарлама, оқитының мәтіндер, шығармашылық шабытым қайтадан оянды. Содан соң, орта болмаса болмайды екен менің түсінгенім.
Ал жалпы ән айтамын, домбыра, қобыз, гитара да тартамын. Баяғы заман болса, садақ та тартатын едім (күліп). Соңғы кездері караокеге барып жүрмін. Караоке деген жақсы болды ғой, миың ашығанда сол жерге барып, эмоцияңды шығарып тастайсың. Оның ішінде де түгел орысша өлеңдер. Қазақша өлең жоқ, бар болса аз. Бұл да өз алдына бөлек мәселе. Бірақ мұның барлығы тек өзім үшін. Мен таза тілшімін, журналистпін. Келесі жылы қырыққа келеді екенмін. Жазып қойған қысқа-қысқа ауыл жайлы мөлтек ойларым, әңгімелерім бар екен. Соларды келер жылы тек өзім, отбасым үшін ғана (басқаларға ұқсап көп тираждап шығарып, сандалып сатпаймын) «Қырық» деген кітап етіп шығарсам деген ойым бар.
– Қазір білдей облыстық телеарнаның тізгінін ұстап отырған Жасұлан Әбдіхалықты бір кездері Астанада арба айдады десе, көпшілік сене қоймас. Бірақ бұл шындық. Солай ма, аға?
– Рас, жас кездегі сондай сәттерді жиі еске аламын. Аллаға шүкір, адамның еңбегіне қарай береді екен. «Көке» болмады ол кезде көтеретін, «тәте» болған жоқ тартып кететін. Мен тіпті ауылдағы мектепті бітірген кезде сыныптастарымның көбісі оқуға түсіп кетті де, менде ақша болмай, оқуға түсе алмай қалдым. Сөйтіп, қара жұмысқа жегілуге тура келді. Ауылда мая жинадық, жер жырттық, жем саттық, не істемедік, бәрін істедік қой. Содан ауылда табыс болмағаннан кейін жаңадан бой көтеріп келе жатқан Астанада «тәшкі» айдадым. Өзімнің әңгімем де арба айдаған кезім туралы. Сол сәттерді шешім қабылдар кезде, біреуге қатты сөйлеп қалғанда, жалқау жастарды көргенде жиі ойлаймын. Сосын маған мен осы қызметке тура осылай келе салған сияқты болып біртүрлі қарайтын адамдар болады. «Пәленшенің адамы, түгенше сүйреп жүр ғой оны» деген кезде ішімнен айтамын, «сен не білесің, менің не көргенім жайлы» деп. Соғыс көрген жоқ шығармын, бірақ Астанада 40 градус аязда 2 тонна жүк артылған арбаны сүйреп бара жатып ойлайтынбыз «Е, осы мен адам боламын ба, адам болмаймын ба, осылай «тәшкі» айдап кетемін бе?» деп. Намыс жібермеді. Көп жігіттер сол күні бойы арба итеріп тапқан ақшасын кешкісін арақ ішуге жұмсап жатқан кезде, мен оны шұлығыма тықтым, «оқуға түсем қалайда» деп жинадым. Келдім, оқуға түстім. Арба айдаудан бөлек, мен даяшы да болдым. Одан кейін Қызылордада Байқоңыр дейтін кішкентай қалада өзі үш-ақ автобус жүреді. Сол үш маршрутта кондуктор болдым. Бішкекте «Панорама» деген кафе бар, әлі күнге дейін мені біледі. Сол жерде «бармен» болдым. Былайша айтқан кезде нан тауып жеудің бәрінен өттім. Кейде мейрамханалардың дастарқанында отырған кезде даяшы қыз-жігіттер алдыңа ыдысты лақтырып жіберіп, зірк-зірк етеді. Мен сол кезде ұрсып тастаймын. Қасымдағылар «неге ұрсасың, олар ақша тауып жүр ғой» дейді маған. Ақша тауып жүр ма, дұрыс тапсын адал еңбегімен. Егер зіркілдемей, дұрыс қызмет көрсетсе, сен оған 500 теңгеңді артық тастап кетесің. Ол соның сервисі. Мен солай ақша жинағанмын жас кезде. Әркім өз қызметін дұрыс істеуі керек. Міне, осылай «тәшкі» айдап телеарнаға дейін келдім. Журналист болдым, шыңдалдым. Кейде «тәшкі» айдағандағы екі жайт естен кетпейді. Кейін соны фильм етіп түсіргім келеді. Сауда орталығындағы жол тар. Сен мына жақтан келе жатсаң, қарсы беттен басқа «тәшкі» жүгімен шығып қалса, екеуің кептеліп қаласың. Артқа жүруің керек, қаншама жүріп кеткен жолыңа шегінуге тура келеді. Қарсы беттегі арбашыдан мықты болсаң, ол кері шегінуі керек. Дуэль. Өйткені сенің қасыңда ақшасын төлеген қожайын тұр асығып, саған айқайлап, оған да солай. Екіншісі, кейде біреулердің аяғын байқамай басып кетесің, сол кезде ол аузына келгенін айтады. Сен оған қарсы сөйлей алмайсың. Себебі сен арбашысың, ал ол базар аралап жүрген дөкей. Сондай кезде шәпкіңді басасың да тіліңді жұтуды үйренесің. Сосын ол сөз сені іштей қайрай береді. Ол кезде нанды қандай қиыншылықпен тауып жегеніңнің бір жақсысы – осындай қызметке келгенде есірмейсің. Ойланып отырасың. Ақшаны «кезінде қолға түспей қор қылдың ғой, жоқ едің ғой, жерге қарап жүруші едім, 20 теңге тауып аламын ба» деп. «Мә, саған» деп шашасың. Ойланбай барып мұқтаждарға бере саласың. Қадірін де білесің, қанағатшыл боласың. Және «бүгін мен осы қызметтен кетіп қалсам, қайда барамын?» деген уайымнан сақтайды екен. Себебі екі қолға бір күрек табыларын анық білесің. Ұят сенің «тәшкі» айдағаның, «бармен» болғаның, еден жуғаның емес, ұят сенің үйіңде бала-шағаң нан таппай отырса, дұрыс киім бере алмай жатсаң – сол. Намыс деген кішігірім жерде жұмыс жасап жүргенің емес, сенің отбасыңды асырай алмай жатқаның. Сол принципті әлі ұстанып келе жатырмын. Бірақ өмірімде мықты кісілермен кез болдым. Журналистикаға келгендегі өзім қызықтап, еліктеген, қолым жетпейтін «жұлдыздармен» араластым. Өзім кезінде телеарнадан ғана көретін азаматтармен өмірде дос болдым. Мемлекеттік қызметте де жолым болды деп ойлаймын. Мені мемлекеттік қызметке шақырған Берік Уәлиұлына рақмет. Кейде шенеуніктерді шынымен сөгіп жатамыз, қит етсе, «ойбай, билік кінәлі» деп. Әкімдіктегілер журналистерге жау секілді көрініп тұрады. Ал сен ішінен қараған кезде, көзқарасың мүлде өзгереді екен. Олар да сол жерде 30-40 мың теңге айлыққа жұмыс жасап жүрген өзіміз секілді адамдар. Бастығы кетпей кешкісін үйіне қайта алмайды. Ол да баласын балабақшадан алуы керек. Ақырып күйеуі келеді үйіне. Таңертең қайтадан жұмыста болуы қажет. Соның бәрімен арпалысып, болмашы айлыққа жұмыс жасап жүрген кәдімгі мемлекеттік қызметшілер бар екенін көресің де, өзіңше ой түйесің. Әйтпесе мен де жаза аламын сойып тұрып фейсбукқа. «Ертең бастығы мамандарына сөгіс береді, айлығын қысқартып тастайды, обал ғой» деймін. Алла Тағала бірінші қаламды жаратқан екен. «О Алла не істейін мен?» дегенде «Жаз» деген екен. «Не жазамын?» дегенде «Адамдардың тағдырын жаз» деген екен. Сондықтан менің жазатын қауымның барлығына айтарым, жазған кезде сенің жазуыңның артында адамдардың тағдыры тұрғанын ұмытпау керек. Бір жазумен қаншама адамның отбасын, еңбегін тас-талқан етіп жіберуің мүмкін. Менің әлеуметтік желідегі жел сөзден қорқатыным сол. Анық-қанығына бармай, әр жерден естігенді жаза салдың, ал оның артында қаншама адам зардап шекті. Сондықтан не істесек те барлығын обьективті қарап істеген дұрыс деп ойлаймын. Мемлекеттік қызметте мен өмірлік ұстазым – Мырзахметовтің мектебінен өттім. Ол – үлкен мектеп. Менің оған дейінгі ойлап келген ой-таным, басқару процестері дегеннің барлығын 180 градусқа өзгертіп жіберді бұл кісі. Шымкенттен бастап, әр салада жанында болдым, мемлекеттік тұлға деп айтуға тұратын азамат. Сондай кісіден үйренгеніме қуанамын. Әлі де үйреніп келе жатырмын. Жақсы адамдар кездесті өмірімде, әлі де кездеседі деп ойлаймын.
– Байқасақ, қазір бұқараның өзі қоғамның тек негативті, жаман жақтарын көруге бейім. Тырнақтың астынан кір іздеушілерге әлеуметтік желілер де әл беріп, оңай алаңға айналды. Бұл бағыттың барар жері не? Қайтпек керек?
– Әр нәрсенің өз шегі болады. Бір жағынан елдер ішкі эмоциясын шығарып тастайтын орта шығар деп ойлаймын. Біз түсінуіміз керек, бірақ әлеуметтік желі дегеніміз – бұл бір адамның, Цукербергтің бизнесі. Біз сол айдаладағы американдықтың бизнесін дамытып, көбейтіп, жарнамасын таратып отырмыз. Біз көбейген сайын оның ақшасы көбейеді. Бұрын фейсбукта бөліскеніңді достарыңның бәрі көрсе, қазір белгілі бір пайызы ғана көреді. Түбі Цукерберг бұны ақылы қылатын шығар деп ойлаймын. «Кірдің ба желіге, ақша төле, пікіріңді бес мың досың көруі үшін осыншама ақша бер» деуі мүмкін. Екінші бір қауіпті нәрсе, әлеуметтік желілер мемлекеттің іргесін бұзамыз, сыртқы ақпараттық соғыс жасаймыз дегендерге ең оңай құрал болып қалды. Бірдеңені алады да ортаға тастай салады. Рас па, өтірік пе қарамаймыз, бөлісіп жібереміз. Аңғалмыз, сенгішпіз. Қазақтың өзі не нәрсе болса соның түбіне жетпей қоймайтын халықпыз ғой. Осыған әбден үйреніп алдық қазір біз.
– Жасыратыны жоқ, қазір қоғам сіздерден, яғни отандық БАҚ-тан, телеарнадан көп дүниелерді күтіп отыр. Кітап оқылмайтын халге жеткен заманда тағылым үшін емес, рейтинг үшін көрсетілетін бағдарламалар бастан асып жатыр. Осындай сын сағатта елді немен таңғалдыруға болады?
– Мен ылғи айтып отырамын, рейтинг қуған телеарна, ол телеарна болмайды. Рейтинг деген далбаса нәрсе. Рейтингті кім жасайды? Мемлекет емес, жеке компаниялар. Бізде қаладағы көпқабатты үйлердің шатырына құрылғы қояды, ол кім қай каналды көріп отырғанының есебін шығарады. Қаладағының бәрі қазақтың каналын көрмейді ғой. Қазақтың телеарнасын, қазақтың газетін көріп, оқитын халықтың бәрі ауылда. Сөйтеді де соның рейтингісін шығарады. Екіншіден жүз адамға хабарласып, сауалнама алып рейтинг жасайды. Үшіншісі үй-үйді аралау, бірақ үй аралап жүрген ешкімді көрген жоқпын. Сонда ол қалай жасалады? Оған мен келіспеймін. Контент, аудитория үшін жұмыс істемей, елге тәрбие беруді ойлау керекпіз. Халыққа ой салу басты мақсатымыз. Қазір елді 40 минут эфирдің алдында ұстай алмайсың. Сондықтан шамамыз келгенше шағын әлеуметтік, елге ой салатын роликтер жасап жатырмыз. Содан кейін 1 минутқа дейінгі «Алаш айтқан асыл сөз» атты жүз ролик әзірледік. «Ұлы дала өсиеті» деген тағы жүз ролик жасап жатырмыз. Ел қазір әр каналды айналдырып отырып тоқтап қалған кезде Тоныкөктің бір ғана сөзі шығып тұрса немесе Ахмет Байтұрсынның бір ойын көкейіне сақтап қалса, сол жетеді маған. Мені мың адам көріп, соның ішінде біреуі ой түйіп қалса, сол менің ұтысым. Шоу жасап ешкімді таңғалдыра алмаймыз. Америка оны баяғыда жасап қойған, оны жүз жерден қайталап, көшірудің пайдасы жоқ. Оданда қазақы танымға, ұлттың тіліне, сөзіне, жанына жақын дүние жасасаң жеткілікті.
Анимациялық мультфильм жасасақ деп шырылдап келе жатқаныма біраз болды. Бірақ ұсынысымызға ешкім әлі қолдау білдіріп жатқан жоқ. Тәрбиені бала санасына сіңіреміз десек, мультфильмнен бастауымыз керек. Қаржы мәселесі шешілмесе де тәуекелге барып, Қарахан мен Айша бибі туралы мультфильм түсіруге тапсырыс беріп қойдым. Және сериал түсірсем бе деп ойлаймын. Сериал болғанда да, театрда өтетін спектакльдердің теленұсқасын дайындауға ұсыныс жасадық театрға. Сол актерлер сол рөлдерде ойнайды, тек қойылымның локациясы театрда емес, үйде, далада болады. Осындай идеялар бар.
– Биылғы Жастар жылынан не күтесіз?
– Елбасы қажетті бағдарламаны нақты уағында орынды көтеріп, айтып жатыр. Бірақ сол бағдарлама өңірге жеткенге дейін тоны тоғыз рет айналады ғой. Тура сол қалпында жеткенше «ура –уралап» әр жерде форум, тренингтер легі басталады. Соны қою керек бізге түбегейлі. Оған кеткен ақша таза мұқтаж жастарға үлестірілсе. Тағы бір нәрсені айта кетсем, мемлекет балалар үйіндегі тәрбиеленушілерді 18 жасқа дейін бағады, тамақтандырады, ал нағыз адам қалыптасатын кезде шығарып жібереді. Содан олар не істерін білмей қалады. Ары қарай әке-шешесі жоқ қой оларды сүйреп жүретін. Нақты қолдауға мұқтаж кезде қараусыз қалдырамыз. Осылайша олар қылмысқа барады, теріс әрекеттерге ұрынады. Жастар жылында солардың әрі қарай жұмысқа орналасып кетуіне дейін бір жауапкершілік болуы қажет деп ойлаймын. Ақыры сол жастың процесіне кіріп тұр ғой ол. Сонша жылдық тамақ, киім, демеушілердің көмегі ақталмайды ғой, егер ол өскеннен кейін қоғамға еш керегі болмаса. Соның нәтижесіне жету керек. Мемлекет әр мекемеге міндеттесе, «соларды жұмысқа қалайда аласың» деп, оқу орындарына «тегін оқыт» деген талап қойса, оларға түк те тұрмайды. Және Жастар жылын тек той, «тусовка» екен деп қабылдамай, жауапкершілікті сезінсе, құр «хайп» жинап, қазақтың қызы қытайға тұрмысқа шықты деп, қаракөзіңді жаманатты қылмай, мықтысың ба қазақтың қызын өзің тәрбиелеп ал. Қазақтың қызы ақылды, кез келгені тәрбиеге көнеді, ер-азаматтан аспайды. Бойдақтарды «халықтың көбеюіне кесірін тигізіп жүрген зиянкестер» деп айтамын. Салық төлету керек бұларға (күліп). Төртеу тумайынша қазақ өспейді. Екі бала әке-шешенің көзі кеткеннен соң орнын жабады. Үшінші бала теңеседі, төртінші бала өсімге кетеді. Ал олар «үйлену үшін үйіміз жоқ, жеріміз жоқ» дейді, үйіміз, жеріміз жоқ кезде де үйлендік. «Ақша жоқ, ақша жоқ» деп алып, кешке қарай кафеге кіре қалсаң жастар толып отырады. Қайдан тауып жатқанын түсінбеймін. Менің де бес балам бар. Мен әке ретінде соларды аш қылмайын деп «тәшкі» айдасам да сүйреп келе жатырмын ғой. Қазір келіп кісімсініп, телеарнаның директоры болып, түк көрмей отырып айтсам бір жөн екен. Әркімнің проблемасы бар. Айқаймен ештеңе шешілмейді. Қазақ көбейсе жаман болмаймыз ғой. Әр нәрсені ақылмен шешуіміз керек.
– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Нұржан Қадірәлі

ПІКІР