Қоғам

Темір тұлпар – темірдей тәртіп

Written by Aray2005

Жеті ауданның Учаскелік полицейлеріне 131 автокөліктің кілті табыс етілді

Қоғамдық қауіпсіздікті сақтап, ішкі тәртіпті қамтамасыз етуде учаскелік полиция инспекторларына қойылатын біліктілік, тәжірибелік секілді өзге де талаптардан бөлек, олардың материалдық-техникалық базасының әлеуеті мықты болуы шарт. Осы мақсатта кеше облыстық полиция департаментінің автопаркі учаскелік полиция инспекторларына арналған 131 автокөлікпен толықты.

Өңіріміздің көлікке ең мұқтаж деген 7 ауданының учаскелік полиция инспекторларына автокөлік кілттерін облыс әкімінің міндетін атқарушы Нұржан Календеров пен облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Арман Оразалиев Тараз қаласының «Достық» алаңында салтанатты түрде табыс етті.
Жиын барысында Нұржан Сәбитұлы облыс әкімдігі құқық қорғау органдарымен бірлесіп, аймақта қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздіктің сақталуын қамтамасыз ету жүйелі жолға қойылғанын, жергілікті атқарушы орган тарапынан қоғамдық тәртіпті сақтауға бөлінетін қаржы көлемі жылдан-жылға ұлғайып келе жатқанын сөз етті.
– Облыста жалпы қылмыс саны 9 пайызға төмендегенімен, қылмыстық теріс қылықтардың саны өскені бізді алаңдатады. Осы тұрғыдан алып қарағанда, облыстық полиция департаментінің материалдық-техникалық базасын нығайту арқылы қылмыстың азаюына ықпал етуіміз керек. Облыс әкімдігі үнемі құқық қорғау органдарымен бірлесе аймақтағы қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздіктің сақталуын қамтамасыз етіп келеді. Мәселен, соңғы 3 жылда жергілікті бюджеттен полиция департаментіне 19 миллиард теңге қаржы қаралса, биылғы жылдың өзінде 9 миллиард 2 миллион теңге бөлінді. Соның ішінде полиция қызметкерлеріне автокөлік құралдарын сатып алу үшін 486 миллион теңге бөлініп, ол қаржыға осы 131 автокөлік сатып алынды. Бұл өз кезегінде сан түрлі қылмыстар мен орын алатын оқиғалардың санын азайтуға септігін тигізеді деп сенемін.
Бірінші кезекте біз халықпен тығыз қарым-қатынас жасайтын, қоғамдық тәртіптің сақталуына тікелей жауапты учаскелік полиция инспекторларын көлікпен қамтамасыз етуіміз керек. Бұл меже орындалу үстінде. Екінші кезекте жол қауіпсіздігін сақтау шараларын күшейту міндеті тұр. Себебі облыс аумағын басып өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізінде, облыстың ішкі жолдарында жол ережелерінің қатаң сақталуын іс жүзінде қадағалай алсақ қана талай адамның өмірін сақтап қала алатынымыз анық, – деді Нұржан Сәбитұлы.

Арман Оразалиев әзірге облыстың 7 ауданының барлық учаскелік полиция инспекторлары қызметтік көлікпен қамтамасыз етілгенін, ал Талас, Сарысу, Т.Рысқұлов аудандарына келер жылдың бірінші жартыжылдығына дейін автокөлік бөлінетінін айтты.
– Еліміз қылмыстың алдын алу және оның жолын кесуге баса мән беруде. Соның бірі –
ҚР құқықбұзушылықтар профилактикасының 2017-2019 жылдарға арналған кешенді жоспары. Полиция инспекторларын арнайы қызметтік автокөліктермен қамтамасыз ету осы кешенді шараның жүзеге асырылуының нақты көрінісі. Одан бөлек облыс әкімі Асқар Мырзахметов реті келгенде өңіріміздегі әрбір ауданның шалғайда жатқан елді мекендерін аралап, тұрғындарымен жүздесіп келеді. Сол кездері ауыл тұрғындары мен зиялы қауым өкілдері учаскелік полиция инспекторларына қызметтік көлік қажет екенін бірнеше мәрте мәселе етіп көтерді. Соның нәтижесінде аймақ басшысы арнайы тапсырма беріп, айналасы бір жылдың ішінде көп олқылықтың орны толуда. Алдағы жылы қалған үш ауданның учаскелік полиция инспекторларына көлік табыс етсек, бұл мәселенің шешімі 100 пайызға орындалатын болады. Саладағы тағы бір күрделі мәселе – жол-көлік оқиғаларының орын алуы. Өңір басшысы бұл тұрғыда да арнайы тапсырма беріп, нәтижесінде патрульдік полиция қызметкерлері 100 жылдам жүретін автокөлікпен қамтылмақ. Аталған автокөліктер алдағы бір айдың көлемінде тапсырылады деп жоспарлануда. Осыдан кейін жол сақшыларын жаңа көлікпен қамту деңгейі 100 пайызға орындалмақ. Осы орайда облыс әкімдігіне өңіріміздің полиция департаментіне үнемі материалдық қолдау көрсетіп келе жатқаны үшін арнайы алғыс айтқым келеді, – деді департамент басшысы А.Оразалиев.

Расында, ауылдық жерде көбіне жасалатын қылмыс түрлері тұрмыстық-отбасылық жағдайларға қатысты екені белгілі. Әсіресе барымташылардың біреудің малын қыр асырып жіберуі тыйылмай тұр. Енді жаңа көліктермен әрбір ауылдағы учаскелік полиция инспекторларының жұмысы өнімді, қылмыс ашу деңгейі жоғары болады деп сенеміз.

Нұрым Сырғабаев

ПІКІР