Қоғам

Темірге тіл, жаңқаға жан бітірген жан

Ата-бабамыздан қалған ұлттық өнерімізді серік еткен белгілі зергер Мұрат Жексенбаев жайында мақала жазуға оқталғанда Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойында көзбен көрген бір оқиға ойға орала кетті. Мәртебемізді биіктетіп, абыройымызды асырған ұлы тойды көруге Алматы қаласынан бір топ жолдас жігіттер келген болатын. Көне қаламыздың көрікті жерлерін аралатып, түс ауа «Көне Тараз» тарихи-мәдени кешеніне табан тіредік. Енді ғана басталған той қызығын сөз етіп, кешеннің қақпасынан ішке ене бергеніміз сол еді, шеткерек тұста әлденеге таласа-тармаса кезекке тұрып жатқан көпшілік көзге түсті. Қандай да бір қызықтан құр қалатындай, біз де қастарына жақындай бердік. Сөйтсек, біз құралыптас бейтаныс жігіт түрлі әшекей бұйымдар жасап отыр екен. Бір қызығы, әлгі шебер арнайы қалып арқылы білезік, сақина, сырға, шашбау сынды түрлі әшекейлерді дайындауға бар-жоғы санаулы минуттарын ғана жұмсады. Ту сыртынан әрбір қимылын көзбен бағып тұрып, қолы қалт ете қалғанда әңгімеге тартып көрдік. Айтуынша, Алматы облысынан келген шеберіміз бірнеше жылдан бері әшекей заттар жасауды кәсіп көзіне айналдырыпты. Табысы да жаман емес. Қажетті құрал-саймандарын Қытайдан қыруар қаржыға сатып алған көрінеді. Кейінгі жылдары, әсіресе, Алматы, Оңтүстік Қазақстан облыстарында дәл осы кәсіпті дөңгелетіп отырғандардың көбейгенін айтқан шебер уақытының тапшылығына байланысты бізге ілтипатпен қол ұсынып, қайта жұмысына кірісті.

Бірер минутқа ғана созылған осы бір көрініс ұзақ уақыт санамда жаңғырып тұрды. Темірге тіл, жаңқаға жан бітірген шеберлердің қатары азайып, сонда ұлттық қолөнерімізді жасандылық жаулай бастағаны ма? Егер солай болған жағдайда, тереңнен тамыр тартып жатқан ата-баба дәстүрінің болашағы қандай болмақ? Жасандылық түбіне жетіп жүрмей ме? Бәрінен де осы жайт жаныма аяздай батты.
Көптен бері көкейге ұялаған көп сауалымызға жауап алармыз деген үмітпен зергерлік өнердің хас шебері Мұрат Жексенбаевтың шеберханасына арнайы ат басын бұрғанымыздың да бір себебі осы еді.
Шеберхана іші адам адасарлықтай астан-кестені шығып, шашылып жатыр. Темір қиындылары, жонылған ағаштар, әшекейлердің сұлбасы сызылған қағаз қиындылары… Аяқ алып жүру мүмкін емес. Көбіміздің қолымыз жете бермейтін, тіпті соңғы уақыттарда қолданыстан шығып бара жатқан әшекей бұйымдар ағаштан жасалған сөреде самсап тұр. Мүлдем басқа әлемге тап болғандай, таңданып жүрген кейпімізді аңғарған Мұрат зергер әңгімесін бастап та кетті.

– Зергерлік өнер ісмерлікпен қоса, асқан табандылықты, ыждаһаттылықты қажет етеді. Бұл – көлемі жағынан шағын болып көрінгенімен, өте нәзік те күрделі өнер. Жоғары оқу орнында оқып немесе ұстаздың тәлім-тәрбиесін алып зергер болып шығу мүмкін емес. Себебі, бұл өнер балаға атаның қанымен дариды. Өзім де он саусағынан өнер тамған әкемнің қасына ілесіп жүріп, бала кезімнен зергерлік өнердің қыр-сырына қанығып өстім. Кейін керекті құрал-жабдықтарды жинастырып, жиырма бес жасымнан бастап қолөнерге түбегейлі бет бұрдым. Қазір ойлап отырсам, осы өнердің ыстық-суығына төзіп жүргеніме отыз жылдан астам уақыт өтіпті. Әлі есімде, ең алғаш жасаған бірқатар бұйымдарымды Алматы қаласында бір азаматтар аттай қалап, сатып алмақ болды. Көп нәрсенің парқына бара бермейтін жас кезім. Қыруар қаржы ұсынып отырған соң ойланбастан келісе кетіп, көз майымды тауысып жасаған қолөнер бұйымдарымды саттым да жібердім. Арада көп уақыт өтпестен жан дүнием астан-кестен болып, егіліп тұрып жыладым дейсіз. Тап бір өзімнің кіндігімнен тараған ұрпағымды сатып жібергендей күй кештім, – деп зергер жастық шағының ұмытылмас естеліктерімен бөлісті.

Бізді таңдандырғаны, зергер осы уақытқа дейін қаншама қолөнер бұйымдарын, әшекейлер жасағанымен, ешқайсысы бір-біріне тіптен ұқсамайды. Қайталауға жаны қас. «Жеті рет өлшеп, бір рет кес» демекші, кез келген әшекейді жасау үшін ең алдымен қағазға сұлбасын түсіріп, сосын ғана көкейдегісін қолға алады екен. Айтуынша, кейде үш күн, үш түн отырып, көз шырымын алмастан жұмыс істейтін кездері де болатын көрінеді. Ал, кей туындысына үш жылға жуық уақытын жұмсаған.

– Мақтанғаным емес, ешқашан бір жұмысты қайталап істеген емеспін. Қазір жеке мұрағатымда зергерлікпен айналыса бастаған кезімнен бастап, бүгінгі күнге дейін жинаған бірнеше дәптерім бар. Онда менің барлық жұмысымның сұлбасы түсірілген. Егер де осы дәптерлерім әлдебір пысықайлардың қолына түсер болса, ақшаға белшесінен батар еді. Себебі, егер кез келген қолөнер бұйымының немесе әшекейлердің дайындалған сұлбасы болса, арнайы қалыбын сатып алып, сол арқылы жұмыстарын жүргізе береді. Қазір қытайлықтар шығарып жатқан әшекей заттарды жасайтын арнайы құрал-жабдықтар зергерлік бұйымдарға деген сұранысты мүлдем тыйып тастады. Тиісінше елімізде де зергерлікті кәсіп көзіне айналдырғандар, тарихи құндылықтарымызды емес, қалтаның күйін күйттегендер көбейе бастады. Қолынан шеге қағу келмейді. Бірақ, жан қинамастан оңай табыс тауып жүр. Жасанды дүниелер хас шеберлердің қолынан шыққан табиғи бұйымдардың орнын алмастыра ала ма? Әрине, жоқ. Көз майын тауысып, бар махаббаты мен ықыласын арнамаған соң жасанды дүниенің қайбір құны бар дейсіз?!

Міне, талайлардың тек кәсіп көзіне айналдыруы­ның салдарынан жыл санап зергерлік өнердің өрісі тарыла бастады. Қазіргі жастарда бұл салаға қызығушылық мүлдем жоқ. Не себепті? Кезінде кеңес үкіметінің тұсында зергерлерге барлық жағдай жасалды. Керекті құрал-жабдықпен қамтамасыз етіп отыратын. Ал, тоқсаныншы жылдары «Өнерпаз» атты ұйым құрылып, арнайы жай берілді. Кейін ұйым белгілі себептермен ыдырап, ғимарат жекеменшікке өтіп кетті. Онда суретші де, мүсінші де, зергер де қоян-қолтық араласып-құраласып жұмыс жасады. Міне, ата-бабамыздан жалғасып келе жатқан өнеріміздің өрісін кеңейткіміз келсе, зергерлерге жағдай жасап, ізін жалғастыратын шәкірттер тәрбиелеуіне мүмкіндік беруіміз керек, – дейді зергер.

Осылайша, саф өнердің сапасы мен болашағына алаңдаушылық білдірген зергер өзінің шеберханасын аралатып, жұмыстарын көрсетті. Шеберхана қабырғасында ілінген кісі бойымен шамалас қамшы, қаз-қатар орналасқан түрлі ат әбзелдері, ер-тоқым, жүгендерге қарап, таңданбау мүмкін емес. Тоқымы құрым киізден пішіліп, астарлап тігілген. Айыл мен үзеңгісі күміспен әшекейленген. Жүген мен құйысқан да қайыспен өріліп, түрлі тастармен көмкерілген. Қамшысы мен тұсамысы бір бөлек дүние. Адам қолынан шыққан дүние деуге сену қиын. Қасында тұрған ер жігіттің бес қаруының бірі саналатын шоқпарды көтермек болып оқталып едім, қос қолдағанда да шамам жетпеді. Осы сәтте еріксіз езу тартқан Мұрат Жексенбаев әңгімесін әрі қарай сабақтады.

– Адам баласына Жаратушымыз көптеген мүмкіндіктер береді. Сол мүмкіндіктерді дер кезінде байқап, тиімді пайдалана білуіміз керек. Көп ізденгенімнің, еңбекқорлығымның, табандылығымның арқасында қанмен дарыған өнерімнің барлығын пайдалана алдым деп ойлаймын. Тек қана зергерлікпен айналысып қана қоймай, көңілім ауған нәрсенің барлығын жасай беремін. Ақындар өлеңді тек шабыттары келгенде ғана жазады. Міне, сол секілді шабытым келмесе, кейде айлап шеберханаға жоламай кетуім мүмкін. Ал, кейде бірнеше күн бойы ұйықтамастан жұмыс жасаймын. Көбіне ұмытыла бастаған, көп пайдаланылмайтын дүниелерді жасауға тырысамын. Мәселен, көп жұмыстарымның бірі — шоқпар. Мұны ешкімнің сатып алмайтынын да білемін. Өнерді түсінбейтін кейбір өресіздердің «Бейбіт заманда қай жаумен шайқаспақ болып, шоқпар соғып жүрсің» деп күлгені бар. Мәселе жау шапқанда емес, бұл да ұлттық құндылықтарымыздың бірі. Қандай дүние соқсам да өзіммен бірге ала кетпейтінім белгілі. Артымыздан өсіп келе жатқан жас ұрпақ ұлттық мұраларамыздан мақұрым қалмаса екен, көріп-біліп өссе екен деген ой ғана, – дейді М.Жексенбаев.

Кейіпкеріміздің ендігі мақсаты — қолынан күші кеткенше ұлттық мұраларымызды ұлықтау бағытында жұмыстар жасап, мүмкіндік болып жатса жеке көрмесін өткізу. Сондай-ақ, ізін жалғастыратын шәкірттер тәрбиелеп, бар білгенімен бөлісуді көздейді.

– Тараз қаласында зергер шәкірттерім баршылық. Бірақ, өкінішке қарай, қазір ешқайсысы зергерлікпен айналыспайды. Шамалары жеткенше жұмыс жасап көрді. Ақырында қолдарын бір-ақ сілтеді. Қазір көпшілігі колледждерде сабақ беріп жүр. Осы орайда «Шәкірттеріңіз бұл кәсіпті неге тастап кетті?» деген сұрақ туындауы мүмкін. Ең басты себебі – жасаған бұйымдарын өткізе алмады. Өздері шығынға батты. Сондықтан да, басқа амалдары қалмады. Өзімнің де төрт құбылам тең, қағанағым қарқ, сағанағым сарқ болып, шалқып өмір сүріп жатқаным шамалы. Десе де, қандай жағдай болмасын, өзімнің жаным қалаған жұмысыма адалдық танытып келемін. Тек ақша үшін жұмыс жасамау керек. Ақша адамға абырой әпермейді. «Жер басып жүргеніңнен не пайда, артыңда ізің қалмаса» дейді ғой. Сол секілді, өлшеніп берілген ғұмырымда кейінгі ұрпағыма өлмейтін, өшпейтін мұралар қалдырғым келеді, – деп әңгімесін түйіндеген М.Жексенбаев бірнеше ай бұрын алған тапсырысын аяқтау керектігін айтты.
Қол алысып қоштастық. Көзім еріксіз шебердің саусақтарына түсіп кетті. Тілім-тілімі шығып, жараланған алтын қолдар зергерліктің қаншалықты қиын өнер екендігін әйгілеп тұрғандай еді.

Талғат НҰРХАНОВ

ПІКІР