"Тарих. Таным. Тағылым."

«Теміртау түні» әні қалай туды?

Written by Aray2005

Осыдан 5-6 жыл бұрын ауданымызға қазақтың белгілі ақындарының бірі Қасымхан Бегманов келіп, шығармашылық жайында шүйіркелесіп, ой бөліскеніміз бар. Әңгіме арасында ол осы өлкеден Серік Томанов сынды талантты ақын шыққанын, бірақ соның баспадан жарық көрген кітабына қолы жетпей жүргендігін айтып қалды. «Талантты талант таниды» дегендей, Қасымханның зерделілігіне ризашылығымды білдірген мен ақынның қолымдағы жалғыз «У» деп аталатын кітабын сыйлаған едім. Кітапты жалма-жан ашып парақтап, Серіктің өлеңдерін шабыттана оқыған ол: «Па, шіркін, ақыным-ақ екен» деді сүйсінгенін жасыра алмай. Содан кейін өзінің өлеңдерін жатқа айтып, маған белгілі композитор, Қазақстан және Қырғызстанның еңбек сіңірген қайраткері, Жамбыл және Ш.Айтматов атындағы халықаралық әдеби сыйлықтарының лауреаты, жазушы, өнер зерттеушісі Илья Жақановтың «Сырлы жүрек пернесі» деп аталатын лирикалық эссе түрінде жазылған кітабын ұсынған. Кейін оқып қарасам, бұл кітап ақын мен композитордың шығармашылығынан сыр шертетін туынды болып шықты.

Екеуінің сыйластығына тәнті болып жүргенімде үстіміздегі жылы Илья ағамен қауышудың сәті түсті. Әңгімеден әңгіме шығып, ағаға Қасымхан сыйлаған кітапты көрсеттім. «Қасымхан қазіргі ақындардың ішіндегі таланттының бірі, – деді аға, мен оны махаббаттың ақыны деп санаймын. Оның сырға толы бірнеше өлеңіне ән жаздым». Сөз реті келгенде композиторға: «Солардың бірі – «Теміртау түні» деген әніңіз емес пе? Оның өмірге қалай келгендігі туралы кітаптан оқыдым. Бірақ, соны өз аузыңыздан естігім келеді, аға!» – дедім. «Осы жасқа келгенше Қазақстанның менің аяғым баспаған жері жоқ, сірә да, – деді композитор аға. Соның ішінде Теміртаудың орны бөлек. Онда менің рухани достарым тұрады. 2001 жылы күзде Теміртаудың тумасы Тілеукен Смағұлов деген бауырымның шақыруымен сол жаққа жолым түсті. Тілеукен жай ғана қара жаяу қазақ емес, қазақтың халық әндерін нақышына келтіріп орындайтын азамат. Сөзінің арасында: «Бізді қойшы, нағыз сал-сері Нұрекең ғой» деп қалды. Сөйтсем Тілеукенім Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты 1960 жылдан бастап жақын білетін болып шықты. «Жалындаған жастық шағымыз осы Теміртауда өтті, демалыс күндері лек-легімізбен топтасып Самарқан көлінің жағасына келеміз. Ән шырқаймыз. Нұрекең ортамызда, жалындап тұр, домбыра тартады, халық әндерін келістіре орындайды. Қызығамыз. Не керек, дуылдасқан жастар Нұрсұлтанның аузына қарайды. Әдемі кештерде, думанды отырыстарда Сара да Нұрекеңнің қасынан табылып, сызылта ән салады. Жұптары жазылмайды. Оған да қызығамыз» – деді Тілеукен.
Ол осы әңгімені айтқанда менің де қиялыма қанат бітіп, өзгеше күйге түскенім бар. Көп уақыт өтпей Алматыға пойызбен қайтар жолда Сарыарқаның шексіз сары даласына ынтызарлықпен қарап, Тілеукеннің Нұрсұлтан мен Сара туралы айтқан әңгімесі ойымды қозғап, бір әсерлі әуен бойымды тербетті. Өзгеше күйге түстім. Композитор – сезімнің адамы. Сезімнің шыңы – әуезді әуен. «Өзім таңғалған Теміртау түніне арнап бір ән шығармасам болмас деп шештім», – деді Илья аға.
Алматыға келген соң өзім қатты сыйлайтын Қасымханға ойымды айтып едім, ол да бәлсінген жоқ. Көп ұзамай әннің мәтінін қолыма ұстатты. Айдын көлде қатар жүрген қос аққу, әдемі айлы түн, сазды самал леп, жан толқытар сәтті ақыным шеберлікпен сомдап-ақ шығыпты. Сүйсіндім. Жақсы өлең – әуезді әнге өзі-ақ сұранып тұрады. Сондағы Қасымхан жазған «Теміртау түні» өлеңінің мәтіні былай болып келеді», – деген Илья аға оны өзі шығарған әнімен қоңыр даусына салып, жайлап айта бастады.

Жарқылдаған сырғаң-ай,
Толықсып бір туған ай!
Теміртауда кездестік,
Жаным, саған, жаным құрбан-ай!

Қыз сөзіне еліткен,
Жігіт едім желіккен.
Көрген сәтте өзіңді,
Толқыдым мен, айтшы, неліктен?

Сарыарқаның самалын,
Аймалатқан жамалың!
Жүрегімді жандырды,
Сырға толы мөлдір жанарың.

Көл тербетіп жағаны,
Жұлдыз жымың қағады.
Алаулаған жүзіңді,
Ай да қимай батып барады.

Теміртауда мақпал түн,
Жан сырыңды ақтардың.
Армандай бір ән қалды,
Белгісі боп, қимас шақтардың!
Әсерлі ән екен! Илья ағаның әндері сезімге толы болып келеді. Бүгіндері сазгердің «Жайлаукөл кештері» әнін білмейтін қазақ жоқ. Мына ән де жүрек толқытатын туынды екен.
Жақсы ән де жан азығы ғой. Ілекең іле-шала Теміртаудағы Тілеукен Смағұловқа жаңа әннің дүниеге келгенін айтып, сүйінші сұрайды. «Теміртауға іс-сапармен келген қазақтың аймаңдайлы арысы, сол кездегі Мемлекеттік хатшы Әбіш Кекілбаев та «Теміртау түні» әнін естіп, жылы лебізін білдірді деп хабарлады маған Тілеукен. 2001 жылғы 11 қарашада «Жас алаш» газетінде «Теміртау түні» әнінің нотасы жарияланды. Теміртауда авторлық кеші өткенде сол кездегі облыс әкімі Камалтин Мұхаммеджанов: «Теміртау түні» әні Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың романтикаға толы жастық шағына арналған ән деп жария етті. Не керек, Қасымхан да, мен де Теміртаудан үлкен шабытпен оралдық. Жақсы сөз жата ма, бұл ән туралы Атыраудағы үлкен азамат Төкен Танайұлы Жұмағұлов естиді. Сол азамат бір жолыққанымызда Елбасымызбен бизнесмендердің қатарында Швейцарияға баратынын айтып, менен «Теміртау түні» әнін аудио кассетаға түсіріп беруімді өтінді. Сәтін салса Елбасына тыңдатпақ. Төкең өтініп сұраған соң Атыраудағы мұнайшылар сарайына келіп, Гүлнәр мен Зина деген тамаша әнші қыздарға әнді орындатып, оны таспаға бастыртып, қолына ұстаттық. Әрі сол жылдары жарық көрген «Еділ-Жайық» әнінің тарихы баяндалатын кітапшаны да қоса тапсырдым. Төкен Танайұлы уәдесінде тұрды. «Ретін тауып, ән жазылған таспа мен кітапшаны Нұрекеңе табыс еттім. Бір хабары болып қалар» деп мені қуантты.
Композитордың бағы да, бары да әні ғой. Сол жылы Гүлнәр қарындасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Атырауға келгенде әлгі әнді орындап бермей ме. Әнді сүйсіне тыңдаған Елбасы: «Қалқам, бұл әннің сөзі бар ма өзіңде?» дейді. Гүлнәр: «Бар, аға» деп әннің мәтіні жазылған блокнотын ұсынады. Нұрсұлтан Әбішұлы: «Қалқам, енді осы әнді екеуміз айтып көрейік» дейді. Сонымен не керек, гитара шертіліп, әнші мен Елбасы екеуі «Теміртау түнін» қосыла шырқайды. Шалқыта айтсақ, бұл ән атыраулық Гүлнәр Тұралиеваның да жұлдызын жандырып, ән әлемінің ханшасы етті.
Көп уақыт өтпей жатып, баяғы Төкен Танайұлының айтқаны айдай келді. Астанада «Конгресс-Холл» залында «Еділ-Жайық» деген атпен авторлық кеші өткенде «Теміртау түні» әні орындалғанда тыңдармандардың қол соққанын көрсеңіз ғой. Композитор үшін одан артық бақыт бар ма? 2004 жылы 16 желтоқсанда Елбасы мені қабылдап, «Парасат» орденін кеудеме тағып, дүйім жұрттың алдында конверт тапсырды. Ол жерде оны ашып оқу қайда?! Оған сәл кейінірек тоқталайын, – деді Илья аға.
Сырлы сазгер әсерлі әңгімесін әрі қарай жалғады. «2005 жылғы Президент сайлауында жұртшылықпен кездесу үшін Нұрекең Атырау облысына келді. Сайлау комиссиясының құрамында едім. «Атырау» қонақүйінің мәжіліс залында маған сөз берді. Мен: «Нұреке, қош келдіңіз, алдымызда Президент сайлауы. Соның қарсаңында Қазақстанның біраз жерінде болдыңыз. Халық сізді шаттана қарсы алып, әр сапарыңыз ұлан-асыр мерекеге айналып жатыр. Міне, енді атыраулықтардың ортасында осы тәуелсіздік жылдарындағы тарихи жетістіктерімізді жарқырата айтып, болашақтың жарқын мүмкіндігін көрсетіп отырсыз. Еліміздің ұлы көшінің алды сондай нұрлы, біз сізге сенеміз! Сіздің жолыңыз – қаһармандық жол! Біз сіз бастаған жолмен жүреміз! – дедім.
Сосын ел білсін деген ниетпен: «Сіз өткен жылы маған жылы лебізіңізді білдіріп, хат жазғансыз. Соны оқып берейін бе?» дедім. Ол кісі күліп, мақұлдады. Сондағы жазылған тілек сөз мынау», – деді Илья аға. Мен апарған кітапты ашып, хатты оқып берді. Онда: «Құрметті композиторымыз Илья Жақановқа! Леке, өзіңізді және әндеріңізді аса құрметтейтінімді сіз білесіз. Қуанышы да, ауырлығы да мол осы тәуелсіздік жылдарында әр уақытта қолдау көрсетіп, жанымда болдыңыз. Зор рахмет! Бұл сіздің елге, Отанымызға істеген еңбегіңіз деп білемін. Әндеріңіз басылған табақшаны алдым. «Теміртау түні» әнін бізге (жанұямызға) арнапсыз. Рахмет!
Аман-сау болыңыз. Әлі де талай тамаша әндер күтуші Н.Назарбаев.
15.07.2004 ж. Астана»
Адам өміріндегі естен кетпес сәулелі сәттер көп шығар. Алайда, өнерді қадірлеген, оның арғы жағында адамның қасиетін бағалаған Елбасының шын жүрегінен шыққан сөзі мені қашанда қанаттандырады, – деп әңгімесін бір түйіндеді.
Осы жиында Ильяның дүйім жұрттың алдында «Теміртау түні» әнін орындауы өте ғажап шығыпты. Әсіресе, осы әннен кейін Елбасының композитордың «Толағай» деп аталатын әнін орындауы тіпті күтпеген жайт еді. «Жалпы алғанда, «Толағай» деп аталатын халық әні бар. Ел аузындағы аңыз бойынша ертеде бір батыр болыпты. Ол өмір сүретін аймақта айлап жаңбыр жаумай, жылдап қар түспей, халық судан тарығып, қырылатын шамаға жетіпті. Сол кезде әлгі батыр айшылық алыс жерден көк орай нуға бөленген, бұлағы аңыздап аққан тауды арқасына салып көтеріп, туған жеріне жеткенде әлгі таудың астында қалып, мерт болыпты. Сонда күңіренген елдің көз жасы жаңбырға айналып, айнала айдын көлі шалқыған жұмақ жерге айналыпты. Сол күннен бастап алып тау әлгі батырдың есімімен «Толағай» тауы аталыпты.
Бәлкім, біздің Елбасы да мың өліп, мың тірілген халқын нұрлы болашаққа бастап, Мәңгілік Ел құрамын деп басын бәйгеге тіккен ізгі арманы еске оралып, «Толағайды» шырқаған болар, – дейді Илья аға.
Ағаның бұл пайымымен келіспеске болмас. Ұлтын сүйген, сол үшін жаны күйген Елбасының әсем әуендерге ғашық болуы, оның жүрек тазалығын, ұлылығын сипаттамай ма?
Осылай дегенімде, Илья аға: «Елбасымыздың ерекше жаратылған тұлға екендігін оның қарапайымдылығы мен даналығы дәлелдеп тұрған жоқ па?» – деп ойға шомды.

Сәулембай Әбсадықұлы,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі,
Талас ауданы

ПІКІР