"Заң және біз"

Тентектерді қалай тезге саламыз?

Written by Aray2005

Сейсенбі күні облыстық әкімдікте облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбековтың төрағалық етуімен құқықбұзушылықтардың алдын алу мен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі ведомствоаралық комиссияларының кезекті отырысы өтті.

Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе – Қазақстан Республикасындағы құқықбұзушылықтар профилактикасының 2017-2019 жылдарға арналған кешенді жоспарының 2018 жылдың 10 айында орындалу барысы туралы облыс әкімдігі Ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Құрманғали баяндама жасады.
– Қазақстан Республикасы құқықбұзушылықтар профилактикасының 2017-2019 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес, басқарма тарапынан нәтижелі жұмыстар жүргізілді. Атап өтер болсақ, жоспардың жиырма екінші тармағы бойынша, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында «Облыстық ардагерлер кеңесіне» 4 миллион 464,2 мың теңге бөлініп, қоғамда тәртіпті сақтау, жастар арасында тәрбиелік бағыттағы іс-шараларды ұйымдастыру бағытында жұмыстар жүргізді. Сол секілді отыз бірінші тармақ бойынша «Іскер әйелдер қауымдастығына»
1 миллион 964,2 мың теңге бөлініп, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында 200-ге жуық отбасыға құқықтық кеңес берілді.
Сондай-ақ, Т.Рысқұлов, Сарысу, Талас аудандары жастар арасында кәмелетке толмағандар арасында «Түнгі рейд», «Дені сау ұлт – ел болашағы» спорттық сайысы және өзге де барлығы отызға жуық іс-шаралар өткізіп, нәтижесінде 2 500-ге жуық адам қамтылды, – деген Берік Уәлиұлы облыс тұрғындары арасында құқықбұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстарға бұқаралық сипат беру мақсатында ақпарат құралдарының әлеуеті кеңінен пайдаланылып жатқанын жеткізді.
Осы ретте, Бекболат Серікбекұлы әлеуметтік желілерде жұмысына байланысты түрлі сын-ескертпелер айтылып жататын мемлекеттік органдардың оң имиджін қалыптастыру бағытында басқарма тарапынан нақты қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанын сұрады. Желіде жарияланған әрбір өзекті мәселелер бойынша ұдайы сараптама жүргізіліп отыратынын айтқан Берік Құрманғали оң нәтижелерді тілге тиек етіп, нақты мысалдар келтірді.
Комиссиялардың бірлескен отырысында облыстағы автожолдардың апаттық жағдайы мен жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жастар арасында есірткіге қарсы иммунитет қалыптастыруға бағытталған үгіт-насихат жұмыстарының орындалу барысы қаралды. Баяндамашыларды мұқият тыңдаған Бекболат Орынбеков облыс әкімінің хаттамалық тапсырмаларының өз деңгейінде орындалмай жатқанын жеткізіп, бірқатар мәселелерге тоқталды.
– Ағымдағы жылдың 10 қыркүйегінде облыс әкімінің орынбасары Мәден Мұсаевтың (қазіргі таңда Мойынқұм ауданының әкімі) №09-6071 хатымен барлық аудан әкімдеріне әкімшілік аумақтағы иттерді таластыру және басқа да жануарларға қатысты қатігез іс-шаралар ұйымдастыру мен өткізуге тыйым салу үшін облыстық мәслихат қарауына енгізуді қамтамасыз ету тапсырылған. Алайда, бүгінгі күнге жоғарыда аталған шаралар қабылданбаған. Сонымен қатар, облыс әкімінің 25 қыркүйектегі №29-3 хаттамасына сәйкес, Қордай және Шу аудандары зерделеніп, учаскелік полиция инспекторларының өздеріне бекітілген әкімшілік аумақтарына көшпегені анықталған. Облыстық полиция департаменті бюджеттік бағдарламалар әкімшісі болуына байланысты, материалдық-техникалық базаны нығайтуға облыстық бюджеттен жыл сайын қомақты қаржы қарастырылады. Бюджеттен бөлінген қаржыдан аудандардағы учаскелік полиция инспекторлары мен жол-патрульдік полиция инспекторларының материалдық-техникалық базасын нығайту үшін не себепті тиісті шаралар атқарылмаған? – деді Бекболат Серікбекұлы.
Басқосу барысында облыс әкімінің бірінші орынбасары мұнан өзге де жастар саясаты, жол қауіпсіздігіне қатысты өткір сұрақтарын қойып, тиісті мекеме басшылары нақты жауаптарын берді.

Талғат НҰРХАНОВ

ПІКІР