"Заң және біз"

«Тентектерді» тәртіпке шақырудың жолы қандай?

Written by Aray2005

Облыс әкімдігінің мәжіліс залында аймақ басшысының орынбасары Ержан Жылқыбаевтың төрағалығымен облыс әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Күн тәртібіне жергілікті комиссиялардың профилактикалық жұмыстардың үйлестіруші органы ретінде жүргізген жұмыстары шығарылып, талқыға түсті.

Ең алдымен облыстық комиссияның жауапты хатшысы Бақыт Жақсылықова баяндама жасап, есепті кезеңде орын алған жағдайға тоқталды.
– Үстіміздегі жылдың төрт айының қорытындысы бойынша кәмелетке толмағандардың арасындағы қылмыс 49,2 пайызға төмендеді. Десе де 2 денеге жарақат салу, 17 ұрлық, 4 тонау, 3 бұзақылық, 1 автокөлік ұрлау, 4 түрлі сипаттағы қылмыстық деректер тіркелді. Қылмыстардың дені Тараз қаласы мен Сарысу, Шу, Қордай аудандарында орын алды. Сарысу ауданында қылмыс өскені байқалып отыр.
Кәмелетке толмағандар арасында суицид бойынша өткен жылдың алғашқы төрт айында 5 факті тіркелсе, биылғы жылдың есепті кезеңінде 2 оқиға орын алды. Екеуі де Меркі мен Қордай ауданының мектеп оқушысы. Сондай-ақ өз-өзіне 3 бала қол жұмсауға әрекет етсе, оның екеуі Талас ауданына, біреуі Шу ауданына тиесілі. Бұл фактілердің барлығы қала және аудандық әкімдіктер жанынан құрылған кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның тиісті деңгейде жұмыс жасамай отырғанын көрсетіп отыр, – деді Бақыт Сауқынбекқызы.
Бұдан кейін сөз алған облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі Ювеналды полиция бөлімшесінің аға инспекторы Қуанышбек Қалжанов «Кәмелетке толмағандар арасындағы және оларға қатысты құқық бұзушылықтың алдын алудың Жол картасының орындалуы туралы» баяндады. Оның сөзіне сүйенсек, қазіргі таңда абақтыдан бостандыққа шыққан 46 азамат бақылауда тұр екен. Сондай-ақ педофилдік күдікпен тіркеуге алынғандарға да қырағы қадаға жүргізілуде. Алайда Қуанышбек Жақсылықұлы облыстағы 442 орта мектепте бар-жоғы 101 мектеп инспекторы жұмыс жасап жатқанын айтып, кадр жетіспеушілігін мәселе етіп көтерді.
Ал облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Гүлнар Ходжабергенова өңірде 3970 отбасы қолайсыз деп танылып, 126 бала есепте тұрғанын жеткізді. Сондай-ақ басқарма басшысы ерте жүктілік бойынша медициналық мекемелерде тіркеуде тұрған 57 қыздың тек 5-еуі ғана облыстың тұрғылықты азаматшасы екенін айтты. Қалғандарының бәрі өзге өңірлерден келгендер.
Өз кезегінде мінберге көтерілген облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов суицид фактілері бойынша тіркелген деректер мен оның алдын алу бойынша толықтай тексеру жүргізуге мүмкіндік болмай отырғанын жеткізді. Оған себеп, ата-аналар баласымен тікелей жұмыс жасауға мүмкіндік бермейді екен. Сауалнама жалпылама жүргізетіндіктен, бала психологиясын анықтау да мүмкін емес көрінеді.
Баяндамашыларды мұқият тыңдаған облыс әкімінің орынбасары келесі кезекте аудан әкімдерінің орынбасарларынан жеке-жеке жауап алды. Барлығының ақталуы бір үлгіде болғандықтан Ержан Жұматұлы орынбасарларға қала және аудандық білім бөлімдері басшыларының жауапкершілігін қарауды тапсырды. Және егер бұл жұмыстар тиісті жүргізілмейтін болса, орынбасарлардың өздерінің жауапкершілігі қаралатынын айтты.
Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары комиссияның келесі отырысын мәселелері қордаланып қалған аудандарда көшпелі өткізуді ұсынды.

Саятхан САТЫЛҒАНОВ

ПІКІР