«Тербейді ана бөбегін, Сол арқылы тербетеді өз елін!»

0 28

Сонау есте жоқ ескі заманалардағы тарихымыздың түп-тамыры түркілердің тас кітаптарында тайға таңба басқандай бедерленген сегіз саны о бастан шексіздіктің белгісі, мәңгіліктің мөрі ретінде бейнеленген. Ол таңбаның пәлсапасы бабалар парасатының, ұлылар ұлағатының көрінісі іспетті. Дәл осы белгімен адамзат әлманахында, тіршілік күнтізбесінде кестеленген 8 наурыз шежірені шексіздікпен жалғаушы ардақты аналардың, аяулы арулардың мерекесі болып саналатыны да сәйкестік болуы керек. Сондықтан бір ананың баласындай ұлтымыз ару көктемнің алғашқы сәлемін жеткізген осы салтанатты сәтті асыға күтетіні анық.

Ана керек, о, адамдар, ана керек адамға,
Анасыздар аң сияқты күн кешіп жүр ғаламда.
Пікірімді ұнатпаған таптық та дер дананы,
Даналықтың қажеті жоқ сыйлау үшін ананы, – деп талантты ақын Төлеген Айбергенов жырлағандай, бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен аяулы ана алдында қандай құрмет көрсетсек те жарасады. Ұлы дала иесі атанған ұлтымыздың арғы-бергі тарихында еріне адал жар, баласына ардақты ана болуымен ұрпаққа өнеге, отбасына ұйытқы, ұлтқа ұран болған аналарымыз аз емес. Шерлі шежіреміздің қай парағын ақтарсақ та тегі асыл аналарымыздың өнегелі ісі, айшықты жүзі мен ғибратты сөзіне қанасың.
Ұмай анадан бастап, Тұмар, Бегім сұлу, Құртқа, Қыз Жібек, Қарашаш, Айман, Домалақ, Ұлпан, алашқа ұлы Абайды берген Зере әжесі мен анасы Ұлжан, шоқ жұлдыздай Шоқанның әжесі Айғаным, көмейіне бұлбұл ұялаған Ұлбике, қара домбыраның киесі қонған Дина, шығыстың қос шынары атанған Әлия мен Мәншүк, желтоқсан көтерілісінің жауқазындары Сәбира мен Ләззат, адал еңбегімен халыққа үлгі болған ардақты анамыз Мәрзия Ибрагимова секілді ақылы асқан, дана аналарымыздың бейнесі асыл мұра ретінде ұрпағының санасында сақталды. Себебі шексіз мейіріммен, адамзатқа тіршілік нұрын төгіп, келешекке ақ сәуле, адал ниет нұсқап, өмір сыйлаған асқақ құдірет иесі, адам сәулетшісі ол – Ана.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Кез келген мемлекеттің жеткен биігі, мәдениеті, оның әйелге деген көзқарасымен өлшенеді» – деп ананың қоғамдағы төрін биікке көтерген тұжырымы бар. Жалпы отбасы һәм оның жүрегі ананың жайы Мемлекет басшысының ұдайы назарынан тыс қалған емес. Жыл сайынғы Жолдауында отбасы, демографиялық өсім, ана мен баланың денсаулығын сақтау мәселелеріне ерекше мән беріп, тапсырмалар жүктейді. «Қазақстан – 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында әйел – отбасының, мемлекеттің тірегі ретінде танылған. Ана мен баланы қорғау – әлеуметтік саясаттың аса маңызды құрамдас бөлігі ретінде жарияланды. Мемлекеттің дамуы, халықтың әл-ауқатының артуы отбасыдан басталатын Отанды жан-жақты жетілдіріп, нығайтудағы басым бағыттардың бірі – ана мен балаға әлеуметтік қолдау жасау болып табылады. Мыңдаған марғасқа баһадүр мен жүздеген жаужүрек ақынның, сұлулығына сом тарих пен саф өнердің өзі бас иген Айша бибідей арулардың ізетті ізін жалғап, ұлттың сұлулығына айналып жүрген нәзік жандыларымыз да аз емес. Бірі өнермен, екіншісі еселі еңбегімен, енді бірі кәсіпкерлікпен айналысып, мемлекетіміздің мәуелі баққа айналуына өздерінің өрнекті үлестерін қосып келеді. Халық даналығындағы «Дүниеде үш нұр бар: біріншісі – күннің нұры, екіншісі – ақылдың нұры, үшіншісі – ананың нұры» деген терең мағыналы, мірдің оғындай ұлағат тегін айтылмаса керек. Қалай дегенмен «ерлер тарихты жасайды, ал әйелдің өзі тарих».
Аналар мен нәзік жандыларға арналмаған өнер туындылары да кемде-кем. Ақындар мәңгілік жыр арнаса, жазушылар том-том романдар сыйлады. Ғалым да, шахтер де бас иетін анаға Қадір Мырза Әлі ақын;
Алғашқы дәм, ол да сендік сүт еді,
Ақ сүт берген қашанда үміт күтеді,
Отанымның өзі сенен басталып.
Жауларыма жеткен жерден бітеді, – деп перзенттік махаббатын поэзия тілінде бұлбұлдай сайратса, Тұманбай Молдағалиев:
Ойнап шығам содан кейін құрақтай,
Жарқылдаймын жүрегімді жылатпай,
Мүмкін, мүмкін ана махаббаты шығар бұл,
Мені сүйеп келе жатқан құлатпай, – деп жүрек сөзін жырдан өреді. Расында аналар һәм арулар тіршіліктің мәңгілік музасы. Ана деген ұғымның өзі ең үлкен ғылымның бірегейі. Сондықтан болмысы бекзат, жаны жайсаң, жүрегі шуақ абзал аналардың бақыты мен қуанышы да шексіз болғай. Сөз соңын анадан туған ардақты ақынның бірегейі Жұмекен Нәжімеденовтың сөзімен қорытындыласақ:
Тербейді Ана бөбегін,
Сол арқылы тербетеді өз елін,
Құмын, тауын, өзенін.
Тербейді Ана көлеңкені, шуақты –
Планетаның алақаны сияқты…
Мерекелеріңіз құтты болсын, арулар, ұрпақпен бірге мың жасаңдар аяулы аналар!

Нұржан Қадірәлі

Leave A Reply

Your email address will not be published.