"Тарих. Таным. Тағылым."

Тереңнен тамыр тартқан тарих

Written by Aray2005

ТЫЛ ЕҢБЕККЕРЛЕРІНЕ – ЖАУЫНГЕРЛІК НАГРАДА

…Жеңіс әрқашанда алдыңғы толқын ағалар үшін де, бүкіл адамзат үшін де өте қымбат. Алапат соғыста жеңіске жетіп, бейбіт өмірдің салтанат құруына үлес қосу үлкен бақыт!
Сол бақытты күндерді жақындатқан Ұлы Отан соғысы жылдарында майданда шайқасып, тылда еңбек еткен жамбылдықтардың ерлігі мәңгілік! Ерлік ешқашан да ұмытылмайды! Сондықтан да тарихи құжаттарға негізделген бұл туындының орны бөлек. Қаншама деректер мен дәйектер келтіріліп, адамдардың аты аталды десеңізші! Аталмай қалғандары қаншама?! Бәлкім, бүгінгі күні сол соғыс жылдарындағы еңбек, оның тауқыметі мен қасіреті бір қарағанда ешкімге керегі жоқ сияқты болар, бірақ тарих үшін бәрі қажет. Ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмайды! Ұмытуға болмайды!

ТӨРТІНШІ БЕСЖЫЛДЫҚТЫ – ТӨРТ ЖЫЛДА…

Ресей империясына қарасты елдер ХХ ғасырдың бірінші жартысында неше түрлі қантөгіске толы оқиғаларды артта қалдырып, бейбіт өмірдің даму баспалдағына көтерілді. Билік халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін экономиканы дамытудың әртүрлі жолдарын іздестірді. Ең алдымен, ұзақ жылдар бойы пайдаланылып келген сом банкноттары ауыстырылды. Бұрынғы алақандай-алақандай сомның орнына Лениннің суреті басылған, безендірілуі айрықша ақша айналымға шығарылды. Осылайша ақшаның құнын көтеруге назар аударды. Сонымен бірге адамдардың белсенді, жанқиярлықпен еңбек етуіне бағытталған шараларды қолға алды. Бастамалардың өмірге келуіне ықпал жасады. Компартияның бүкіл ұйымдастырушылық жұмысы осыған бағытталды. Облыс партия ұйымдарында есепте тұратын 9 859 коммунист пен 2 759 мүшелікке кандидат алға қойылған міндеттерді орындауда ұйымдастырушы әрі жұмылдырушы күшке айналды.
Ленинградтықтардың бесжылдықты төрт жылда орындау және Мәскеу қаласы мен Мәскеу облысының 103 зауыты мен фабрика басшыларының Сталин жолдасқа жолдаған хатында айналымдағы қаржыны пайдалануды тездету туралы бастамаларын Жамбыл облысының еңбекшілері де қызу қолдауы үшін партия ұйымдары жиналыстың тәрбиелік, насихатшылық рөлін көтеруге күш салды.
Әсіресе теміржолшылардың қарқыны ерекше болды. 1948 жылдың жүк тасымалдау жоспарын мезгілінен бұрын орындап, жыл соңына дейін 13,3 миллион сомның жоспардан тыс жүгін тасымалдады.
Облыс өнеркәсіп орындары бесжылдықтың алғашқы үш жылында жалпы өнім өндіру көлемін 108,6 пайызға орындады. Бұл 1940 жылмен салыстырғанда 55 пайызға көп. 1948 жылы жалпы өнім шығару 25,3 пайызға артты. Жамбыл қаласындағы спирт комбинаты бесжылдықтың жоспарын 3 жыл он айда, Шу ауданындағы механикаландырылған орман пункті мен жүнді алғаш өңдеу фабрикасы 3 жыл 6 айда, Жол қатынасы министрлігінің кірпіш зауыты 3 жыл 7 айда, мемлекеттік былғары зауыты 4 жылда, ауыл шаруашылық ұн комбинаты 3 жыл 4 айда бесжылдық жоспарды орындап, мерейлері үстем болды.
Стахановшылардың саны 1948 жылы алдыңғы жылмен салыстырғанда 40 пайызға өсіп, 500 стахановшы мен лунинцевтер бесжылдықтың жоспарын мерзімінен бұрын үш жылда орындап шықты. Жекелеген жұмысшылардың табысы бұдан да жоғары. Мәселен, вагон жөндеу зауытының жол доңғалақтары шеберханасының токарі Прокудин 10 жылдық жоспарды, Шу депосының слесарі Абдреев 8 жылдық жоспарды, Жамбыл паровоз депосының жұмысшысы Жигулин 7 жылдық жоспарды төрт жылда орындады.
1948 жылы 27 селолық советке, 2 МТС-ке телефон байланысы орнатылды. Сарысу ауданында 100 нөмірлік телефон стансасы іске қосылды.
1948 жылы Социалистік Еңбек Ері атағына ие болған 150 ауыл шаруашылығының озаты мен СССР ордендері мен медальдарына ие болған 1 449 ауыл озаты еңбек өнімділігін арттыруға ерекше үлес қосты. Ерен еңбек иелері «Алтын Жұлдыз» медалімен марапатталды. 1946-1949 жылдары 195 жамбылдық Социалистік Еңбек Ері атағына ие болды.
1949 жылы облыстың құрылғанына он жыл толуына орай деректер жарияланды. Облыста өнеркәсіп кәсіпорны он жылда екі есеге көбейді. Қаратау кен-химия комбинаты, Жамбыл қант, былғары зауыты, Жамбыл ет комбинаты, тігін шеберханасы және жүздеген жергілікті майда кәсіпорындар мен кооперативтер өнім шығарды. Өнеркәсіп кәсіпорнының жалпы өнім шығару көлемі 10 жылда 41 пайызға, жергілікті және кооператив кәсіпорындарының саны алты есеге өсті. Жүз шақырымдық Жамбыл-Шолақтау теміржол желісі салынды.
1949 жылы облыста 358 бастауыш, жетіжылдық және орта мектептер болды. 10 жылда 16 орта, 9 толық емес орта және 12 бастауыш мектеп ашылды. Оларда 17 мың бүлдіршін білім алды. Балалар бақшасы 1,5 есеге көбейді. Ауруханалардағы төсек орны– 85,7, балалар бақшасындағы орын 77 пайызға өсті. Облыста 176 емдеу мекемесі жұмыс істеді. Дәрігерлердің саны 4 есеге көбейді.
Бұрынғысынша, Ұлы Отан соғысынан кейінгі жылдары да әйелдердің қоғамдық және саяси белсенділігін арттыруға арналған жұмыс өрістеді. 1949 жылы облыста 35 әйел Социалистік Еңбек Ері еңбек етті. 400-ге жуық қыз-келіншек «Отан» наградасына ие болды. Ұлы Отан соғысы жылдарында бүкіл ауыртпалықты көтерген әйел-анаға, әйел-еңбекшіге қамқорлық көрсету бағытында да жұмыстар жүргізілді.

Мақұлбек РЫСДӘУЛЕТ

ПІКІР