"Тарих. Таным. Тағылым."

Тереңнен тамыр тартқан тарих

Written by Aray2005

…1971 жылдың ақпан айында Қарату кен-химия комбинаты Ленин, Жамбыл ГРЭС-і «Еңбек Қызыл Ту», Свердлов ауданындағы «Трудовой пахарь» колхоздары «Октябрь революциясы» ордендерімен марапатталды. Бұл жөнінде осы ұйымдарда өткен салтанатты митингілер туралы хабар берілді. 19 мамыр күні Свердлов ауданындағы Октябрьдің 40 жылдығы атындағы колхоздың қызылшашысы Нұрмаш Түйтебаеваға «Социалистік Еңбек Ері» атағы берілуіне орай ол туралы очерк жарық көрген. Ал 25 тамыз күні ГДР-дің журналистерінің Талас ауданындағы Талас қой совхозында болып, Социалистік Еңбек Ері Әбдір Сағынтаев бастаған ерен еңбектің ерлері туралы «Даланың 13 жұлдызы» атты репортаждары жарық көрген. Осы жылдың тамыз айында халық батыры Бауыржан Момышұлының 60 жасқа толуына орай жерлестерімен жүздесуі жайлы репортажда халық ұлының қасиеттері көрініс тапқан.
1972 жылдың қаңтарында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Д.А.Қонаевқа «Социалистік Еңбек Ері» атағы берілді. Бұл хабар облыс жұртшылығына газет арқылы таратылды. Жамбыл Жабаевтың туғанына 125 жыл толуына арналған ақындар айтысы елді бір серпілтіп тастады. Бұл айтыста да луговойлық ақын Қазыбай Бижанов І орынды жеңіп алды.
1972 жылдың 17 қарашасында облыстық «Еңбек туы» (қазіргі «Aq jol») газеті «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. Осы оқиғаға байланысты облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Х.Ш.Бектұрғанов салтанатты жиында құттықтау сөз сөйледі. Газеттің орденмен наградталуына орай халық ақыны Кенен Әзірбаев құттықтау өлеңін жолдаса, атақты шопан, екі мәрте «Социалистік Еңбек Ері» Жазылбек Қуанышбаев өз лебізін газет арқылы білдірген.
Жыл соңында өткен жас ақын-жазушылардың облыстық кеңесінде Қазақстан Жазушылар одағының Шымкент облысаралық бөлімшесінің хатшысы Н.Сералиев, «Жұлдыз» журналының бөлім меңгерушісі О.Бөкеев, «Жалын» альманағы бас редакторының орынбасары Т.Әбдіков қатысып, сөз сөйледі. 1974 жылдың алғашқы сандарында жаңадан құрылған Красногор ауданы туралы журналистер қалам тербеген. Ал маусым айында халық ақыны Кенен Әзірбаевтың 90 жасқа толуы мерекеленді. Бұл мерекеге СССР Жазушылар одағының бірінші хатшысы Г. Марков, Қазақстан Жазушылар одағының бірінші хатшысы Әнуар Әлімжанов, қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсірепов, қырғыздың әлемді мойындата бастаған жазушысы Шыңғыс Айтматов және басқалар қатысып, құттықтады. 1975 жылдың алғашқы нөмірінде атақты шопандар, «Алтын жұлдызды» «Социалистік Еңбек Ерлері» Жазылбек Қуанышбаев пен Ділдәш Итбасова бастаған бір топ еңбек ардагерлерінің «Сендерге сенеміз, үміт артамыз» атты жастарға ашық хаты жарияланды.
1976 жылғы газет тігінділерінде «Оныншы бесжылдықтың проблемалары: Ойлар. Ұсыныстар. Пікірлер» атты арнаулы бетінің айтар ойы көп болғандығын байқауға болады. «Еңбек даңқы – 75» очерктер мен фотосуреттер бәйгесінің қорытындысы бойынша Болат Мәуленовтың «Мұз және гүл» очеркі бірінші сыйлықты жеңіп алғандығы хабарланды. Жеңімпаздар арасында Д.Шалқарбаев, К.Рахметуллаев, Н.Оразбаев, Н.Дәутаев, Р.Мөмеев, С.Керімбаев, О.Тасыбеков және С.Әлімқұлов бар. Облыстық қазақ драма театрының құрылғанына 40 жыл толуына орай театрдың директоры Тұрар Дүйсебаев, бас режиссер Маман Байсеркенов, артистер Шәріпбай Сәтиев, Мұхамбетқали Табанов, Алтын Ружева сияқты театр тарландары «Еңбек туы» газетінің журналистерімен сұхбаттасқан. Осы театр 1977 жылы қаңтар айында Тұрар Дүйсебаевтың «Балуан Шолақ» спектаклін сахналағаны туралы да материал берген. Сәуір айында журналист Ғалымбек Еркінбаевтың жасөспірімдер арасында бокстан республика чемпионы атанған Серік Қонақбаев туралы жазған «Ертеңнен үміт зор» суреттемесі талантты тани білгенін айғақтаса керек. Сол жылдары қой қырқушылар арасында СССР-дың екі дүркін чемпионы атанған мойынқұмдық Шотай Қойбағаров туралы журналист Сағат Арыновтың очеркінде оқырманын толғандырар мәселелер көп. 30 шілдеде облыстық статистика басқармасы бастығының орынбасары Жұмабек Сапаралиевтің Ұлы Октябрь социалистік революциясының 60 жылдығына орай жазылған мақаласында облыс экономикасы мен мәдениетінің өсіп-өркендеуі әдемі баяндалған. Жыл қорытындысы бойынша ең үздік очеркі үшін «Еңбек туы» газетінің меншікті тілшісі Базар Қилыбаев бірінші сыйлыққа ие болғаны жөніндегі хабар тарих қойнауына жетелейді. 15 сәуірде газетте Мейрамбек Төлепбергеновтың «Жігіт жасы – 25» суреттемесінде жас жұмысшы Тінәлі Мәдіомаров туралы жазған. Осы жылы облыстық ақындар айтысы Меркі ауданында өтті. Айтыскер ақындар Өмірбек Қабылов, Аяз Бетбаев, Шырын Мамасерікова, Әшімхан Ақылбаев, Алтынбек Оразбеков, Қамзабек Әбдәлиев шеберліктерімен танылды. 30 желтоқсанда Жаңа Жамбыл фосфор зауытының іске қосылуына байланысты журналист Доқтырхан Тұрлыбеков химия алыбының алғашқы тынысы мен болашағы туралы ой тербеді.
Газет әдебиет пен өнерге ерекше назар аударған. Театр бір жылда бірнеше шығармаларды сахналап, журналистердің, ақындардың бәйгесін өткізу дәстүрге айналған.
Осы жылдары Жамбыл жерінен түлеп ұшқан ақын-жазушылар­дың туындылары республикалық басылымдарда жиі жариялана бастады. Кейінірек оқырмандарын тамсандырған Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаттары Шерхан Мұртаза, Әкім Тарази, Күләш Ахметова, тағы да басқалардың шығармашылығы жарқырап көріне бастады. Олардың соңынан ерген жас қаламгерлердің шоғыры осы жылдарда көбейе түсті. Ғалымдар, спортшылар, сахна саңлақтары, әншілер мен артистер, суретшілер мен мүсіншілер өздерінің таланттарымен талайды табындыра бастады. Тұрғылықты халықтың шығармашылығы тамырын тереңге жіберіп, биік белестерге бет алды. Руханият саласы қалдық қаржымен қаржыландырылса да, ұлттық сана жаңа сатыға көтеріле бастады.

(Жалғасы бар)

ПІКІР