"Тарих. Таным. Тағылым."

Тереңнен тамыр тартқан тарих

Written by Aray2005

60-70-ЖЫЛДАРДЫҢ БЕЛЕСІ

…Дегенмен билік бұрынғыша бірінші қатарға экономиканы қойды.Сондықтан да әр нөмір сайын «Жылдық жоспарды мерзімнен бұрын орындаймыз», «Бесжылдықтың жоспарын төрт жылда орындаймыз» сияқты материалдарға кеңінен орын беріліп отырған. Сонымен бірге сапалы өнім шығару туралы бастамалар да ерекше назарда болған.
Оныншы бесжылдықтың үш жылында облыста 18 мектеп,
6 кәсіптік-техникалық училище, 28 балабақша салынды. Облыс республикада кабинеттік оқу жүйесінде оқу туралы бастама көтерді. Оқу орындарындағы 3 500 оқу кабинеті жаңа жабдықтармен жабдықталды. Мектеп оқушыларының 98,8 пайызы орта білім алды (282-қор, 38-тізімдеме, 622-бума, 1-іс).
Жетпісінші жылдары үсті-үстіне қаулылар қабылданып, жарлықтар шығарылғанымен еңбек және орындаушылық тәртіптің төмендеуі салдарынан шешімдер орындалмай, еңбек тәртібі төмендеп, мемлекеттік мүлікті талан-таражға салу, жымқыру, қымқырып кету көбейген. Сондықтан да билік партиясы қолынан келгенше осы кемшіліктерді жоюға ұмтылды. Алайда дендеп енген ауру оңайлықпен жазылмасын көрсетті. Жер-жерлерде бастама көтеру күнделікті үйреншікті іске айналды. Тоғызыншы бесжылдықта жаңадан ғана іске қосылған Жамбыл ГРЭС-інің ұжымының Қазақстан энергетиктеріне «Еңбек өнімділігіне жоғарғы қарқын, барлық өндірістік резервтер – бесжылдыққа!» деген үндеуін Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті қолдады. Бастама көтерген ұжым өндірістің барлық саласында жоғары табыстарға жетті. Үнемшілдік, еңбек тәртібін қатаң сақтау ұжымның басты қағидасына айналды. Еңбек адамына жағдай жасау бағытында да шешімдер қабылданды. Кіші Ақкөлдің жағалауынан 100 орындық демалыс-емдеу орнын салу қолға алынды. Ұжым еңбекті ұйымдастырудың жаңа тәсілдерін өндіріске енгізді.
Мұндай мысалдар өте көп. Свердлов ауданындағы «Октябрь революциясы» орденді Трудовой пахарь колхозшылары бесжылдықтың шешуші үшінші жылына арнап көтеріңкі социалистік міндеттеме қабылдады. Бесжылдықтың тоғыз айында олар мемлекетке 8 000 центнер ет, 20 600 центнер сүт, 1 700 центнер жүн, 109 000 дана жұмыртқа сатты. 1973 жылдың 1 қаңтарында шаруашылықтағы ірі қара 3 680-ге, қой 46 000-ға, жылқы 1 100-ге жетті. Мұның бәрі белгіленген жоспардан анағұрлым артық. Қыс айларында 6 000 қойды семіртіп, етке әрқайсысын 50 килограмнан өткізу жоспарланды.
Облыста бастама көтерушілер мен жоғары жетістіктерге қол жеткізген ұжымдар болғанымен, облыс бойынша кемшіліктер жеткілікті еді. Бұл жөнінде 1973 жылдың 28 қыркүйегінде өткен облыстық партия пленумында облыс басшысы Хасан Бектұрғанов партия белсенділеріне көптеген шындықты айтқан еді. Ол өз сөзінде жақында КПСС Орталық Комитетінің Саяси Бюросы 1973 жылдың халық шаруашылық жоспарын мерзімінен бұрын орындаудағы социалистік жарыстың қарқыны туралы қаулы қабылдады. Осы қаулыда елде қалыптасып отырған көптеген қиындықтар айтылғанын да жайып салды. Соңғы кездері өндірістің жобалық қуатын толық игеру бағытында өрескел кемшіліктер болып отырғаны сыналды. Мәселен, суперфосфат зауыты 1973 жылы жоспардан тыс 5 000 тонна тыңайтқыш беруге міндеттеме алған болатын. Алайда олар жоспардың өзін әрең орындап шықты. Қаратау кен-химия комбина­тында да іске қосылмай жатқан резервтер жеткілікті. Мұнда жыл сайын жоспарды орындау түйінді мәселеге айналып келеді. Қос суперфосфат зауыты қазір аяғына нық тұрғанымен, өткен жылы 12 миллион сом зиян шеккен. Бірақ еңбекті дұрыс ұйымдастыра білудің нәтижесінде үстіміздегі жартыжылдықты 12 миллион сом пайдамен аяқтады. Мәселе еңбекті дұрыс ұйымдастыра білуде екендігін олар дәлелдеді. Мұндай жақсы лебізді Жамбыл былғары комбинатының басшыларына айта алмайтындығын да жеткізді. Кәсіпорында 5 000 жұмысшы, 345 инженер-техник, 331 коммунист, 1 559 комсомол мүшесі еңбек етеді. Соған қарамастан, комбинат жоспарды орындауда төмен көрсеткіштер көрсетуде.
Пленумда облыс басшысы құрылысшылардың атына да сын айтты. Ауыл шаруашылығында да қордаланып қалған кемшіліктердің беті ашылды. Әсіресе қант қызылшасын өсіруде түйінді мәселелер көп. Осы жиында облыс басшысы тағы да бір сырдың бетін ашты. Ол – адамдармен жұмыс істеу. Осы салада кемшіліктер өте көп. Соның салдарынан облыста қылмыс жасау уақыт өткен сайын өсуде. Қасақана кісі өлтіру, мемлекеттік меншікті ұрлау, бопсалау, шабуыл жасау, бұзақылық – осының бәрі өскен. Тек бір жылда 27 зорлық, 46 қасақана адамға жарақат салу орын алған. Соңғы бір жарым жылда жол қауіпсіздігін сақтамаудан 300 адам өліп, 900 адам жарақат алды. 1973 жылдың алғашқы жартыжылдығында 1 147 адам қылмыс жасауға қатысты. Олардың арасында 87 жасөспірім, 627 жұмысшы, 72 колхозшы, 145 қызметкер, 46 студент пен оқушы болды. Олардың үштен бірі қылмысты мас кезінде жасаған. Облыс басшысы осы мәселелерді күйіне отырып айтып, адамдармен тәрбиелік жұмысты жетілдіруді талап етті (282-қор, 26-тізімдеме, 664-қорап, 9-іс). Шын мәнінде, бұл мәселелер тіркелгені, жоғары мінберден айтылғаны ғана. Расында, бұл жылдары жағдай қиындап, күрделеніп кеткен болатын. Сондықтан тәртіпті күшейтуге арналған шешімдер бірінен соң бірі қабылданып жатты.
Тоғызыншы бесжылдықтың шешуші жылының жоспарларын міндетті түрде орындау қанша айтылса да, орын алған кемшіліктер аз болған жоқ. 1973 жылдың желтоқсан айында өткен КПСС Орталық Комитетінің пленумында Бас хатшы Л.И.Брежнев бесжылдықтың жоспарын орындау жөнінде тағы да міндеттер жүктеді. Осы жылдың соңында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті «КПСС XXIV съезінің шешімдерін орындау жөніндегі Қазақстан Компартиясы Жамбыл облыстық комитетінің ұйымдастырушылық және саяси жұмысы туралы» қаулы қабылдады. Қаулыда облыста қалыптасқан жағдай жан-жақты айтылған. Бесжылдықтың қалған екі жылында үш жылда алынбаған белестерді толығымен алу міндеттелді.

(Жалғасы бар)

ПІКІР