"Тарих. Таным. Тағылым."

Тереңнен тамыр тартқан тарих

Written by Aray2005

60-70-ЖЫЛДАРДЫҢ БЕЛЕСІ

…1974 жылы облыстың халық шаруашылығында күрделі қаржы көлемі 315 миллион сом болды. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 37 пайызға көп. Мұның 116 миллион сомы химия өндірісін дамытуға, 25 миллион сомы жеңіл өнеркәсіп, тамақ, ет, сүт өндірісін дамытуға, 55 миллион сомы ауыл шаруашылығын өркендетуге бағытталған. Өнеркәсіп кәсіпорындарында 900 миллион сомның өнімін өндіру белгіленді. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 12,6 пайызға көп. Сол сияқты Отан қоймасына 27,2 миллион пұт астық, 1 250 000 тонна қант қызылшасын өткізу белгіленді. Сонымен бірге 73 мың тонна ет, 70 мың тонна сүт, 35,8 миллион дана жұмыртқа, 13 370 тонна жүн, 280 000 дана қаракөл елтірісін өндіру белгіленді. Бірақ алға қойылған бұл міндеттердің бәрін орындау мүмкін еместігін ешкім айта алмады. Орталық жергілікті жерлерді қыспаққа алып, олардың қандай жолмен болса да ауыл шаруашылығы өнімін өндіруді молайтуды талап етумен болды. Ал табысқа жету үшін өндірістік қатынасты жетілдіру жұмыстары қолға алынбады.
1973 жылдың жоспарларын орындауда 12 кәсіпорын 3 миллион сомның өнімін өндіре алмады. Яғни 68 тонна жүн, 1,7 миллион шаршы дециметр былғары, 700 мың сомның жиһазы, 800 мың дана құрылыс кірпіші, 47 мың текше метр темір-бетон құрастырмасы кем өндірілді. 14 кәсіпорын еңбек өнімділігін арттыра алмады. Сонымен бірге 15 кәсіпорын өнімнің өзіндік құнын 2,3 миллион сомға қымбаттатып жіберді. Әсіресе өндірістік қуатты тиімді пайдалану Жамбыл және Шу қант зауыттарында нашар жүргізілді. Өнімнің сапасы нашарлап, қымбат қаржыға алынған жабдықтарды толық пайдалану сын көтермейтін жағдайға жетті. Мәселен, 1967-1968 жылдары Жамбыл ет комбинаты шетелдерден қымбат қаржыға сатып алынған техника мен желіні толық пайдалана алмады. Мұндай көрініс Жамбыл былғары аяқкиім комбинатында да орын алды. Облыстағы 92 құрылыс мекемесінің 26-сы жылдық жоспарды орындамады. Соның салдарынан 19 миллион сомның күрделі қаржысы игерілмеді. Облыста басталған құрылысты аяқтамай жатып жаңа нысандарды салу қолға алына беретін әдет қалыптасты. Жыл сайын облыста 300-ден 350-ге дейінгі аралықта жаңа нысандарды салу қолға алынады. Мұның өзі күштің шашырап кетуіне әсер етті.
Ауыл шаруашылығында да мәселе күрделене түсті. Облыстың 57 шаруашылығы астық тапсыруда облыстық көрсеткіш көрсетті.
37 колхоз-совхоз астық тапсыру жоспарын орындамады. 19 000 гектар суармалы жер игерілмей қалды. Қант қызылшасын өсіруде жылдан-жылға кемшіліктер молайды. Луговой, Свердлов, Қордай аудандары үш жылдың жоспарын орындамады. Бесжылдықтың өткен үш жылында облыс 20 000 тонна етті кем өндірді (282- қор,28- тізімдеме, 578-бума,38-іс).
«Партия жоспары – халық жоспары» деп қанша ұрандағаны­мен, жоспарлар осылайша орындалмай жатты. Қабылданған міндеттемелер мен жоспарлар ғылыми жағынан негізделмеген болып шықты. Бұл жөнінде биік мінберлерден облыс басшылары қанша айтқанымен, нақты іс қолға алынбады.
Жетпісінші жылдардың соңында билік КПСС Орталық Комитетінің Бас хатшысы Л.И.Брежневтің партия құрылысының проблемалары туралы теориялық тұжырымдары мен сөздерінен, ақыл-кеңестерінен, нұсқауларынан, жаңадан жарық көрген «Кіші жер», «Қайта өрлеу»,«Тың» кітаптары партияның өмірінде идеялық және елдің бүкіл өміріндегі көпшілік-саяси өмірінің ажырамас, тұтас іліміне айналғаны жөнінде күн сайын, сағат сайын айтылып жатты. Барлық мінберлерден басшының көрегендік саясаты бар дауыспен айтылды.Барлық алда тұрған міндеттерді шешу Бас хатшының тікелей еңбегімен байланыстырылды. Облыста сол жылдары социалистік жарысқа еңбек ететіндердің 93,1 пайызы қатысты. 32 ұжым, 3 928 бригада цех, бөлімше, 71 681 жұмысшы мен колхозшы коммунистік еңбектің екпінділері және ұжымдары деген атаққа ие болды. СССР-дың жаңа Конституциясының қабылданғанына бір жыл толуына орай 14 000 еңбекші үш жылдың жоспарын мерзімінен бұрын орындады. Еңбекшілер арасында үгіт жұмысын 500 баяндамашы,
3 500 лектор, 6 000 саяси хабарламашы, 14 000 үгітші жүргізді. Алайда саяси-көпшілік жұмысында және партия қатарын толықтыруда көзбояушылық, алдау, жалған ақпар беру белең алды. Соған қарамастан, өндірістің тиімділігін арттыруда сол кездің басты ұранына айналған еңбек тәртібін нығайту, қыдырымпаздыққа жол бермеу, өнім сапасын жақсарту, үнемшілдік бағытында жұмыстар жүргізуге ұмтылыстар болды. Дәл осы кездері орталықтан экономикалық қатынастарды жаңаша қалыптастыру мәселесі де көтеріле бастады. Бұл мәселе 1978 жылы желтоқсан айында өткен облыстық партия комитетінің XVIII партия конференциясында да айтылып қалды. Осы жылдары Қазақстанның қол жеткізген жетістігі өзге республикаларға қарағанда жоғары болды. Бесжылдықтың алғашқы үш жылында Қазақстанның өндірістік қоры 195 миллиард сомға өсті. Бұл еліміз бойынша алпысыншы жылдардың негізгі қорына тепе-тең. Өткен бесжылдықтың үш жылымен салыстырғанда 450 миллиард сомның өнеркәсіп өнімі көп өндірілді. Диқандар 35 миллион тонна астық, 8 миллион тонна мақта жинады. 6,5 миллион пәтер пайдалануға берілді. Ұлттық табыс бесжылдықтың басынан бері 15 пайызға өсті. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 12 пайызға көбейді. Жаңадан жүз өнеркәсіп кәсіпорны, цех пайдалануға берілді. 1976 және 1978 жылдары қазақстандықтар Отан қоймасына екі рет бір миллиардтан аса астық тапсырды. Қазақстанның жеткен жетістігіне Жамбыл облысының да қосқан үлесі аз болған жоқ. Облыс экономикасын дамытуға миллиард сомға жуық қаржы салынды. Бұл тоғызыншы бесжылдықтың сәйкес мерзімімен салыстырғанда екі есеге көп. Облыста өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1,6 есеге өсті. Облыс республикада өндірілетін минералды тыңайтқыштың 30 пайызын, фосфордың жартысын, былғары тері тауарының 50 пайызын, шақпақ қанттың 100 пайызын және жуылған жүннің 50 пайызын өндірді. Осылайша облыс ірі көпсалалы аумақтық өндірістік кешенге айналды. Алайда осы жылдары биік мінберлерден облыстың қол жеткен жетістіктері емес, игерілмей жатқан резервтері, жіберген кемшіліктері көп айтылды. Себебі бүкіл СССР-да қалыптасқан жағдай Жамбыл облысымен бірдей емес еді.

(Жалғасы бар)

ПІКІР