"Тарих. Таным. Тағылым."

Тереңнен тамыр тартқан тарих

Written by Aray2005

БӘРІ МАЙДАНҒА… БӘРІ ЖЕҢІС ҮШІН!..

1943 жыл Қызыл Армия үшін жеңісті сәттерді жалғастыру кезеңі болды. Соғыстың алғашқы жылдарындағы аса ауыр кезеңдер артта қалып, жауды кейін шегіндіріп, бүкіл әлемді ірі жеңістерімен тамсандырған сәттер туды. 1941 жылдың 6 желтоқсанында Москва түбінде басталған шабуыл жалғасын тауып, Сталинград маңында фашистерге күйрете соққы беріп, Ленинградты блокада құрсауынан босатуға ұмтылыс күшейді. Күн өткен сайын Совет әскерлері мемлекеттік шекараға жақындай түсті. Осы жылы Украинаның астанасы– Киев азат етілді. Қараша айында Иранның астанасы – Тегеранда одақтас мемлекеттердің басшылары кездесіп, екінші майданды ашу жөнінде келісілді. Мұның бәрі тыл еңбеккерлерінің көңілін көтеріп, олардың табысты еңбек етуіне ықпал етті. Ендігі жерде билік басындағы партия еңбекшілердің тұрмысын жақсартуға, белгілі топтың белсенділігін арттыруға, майданнан жаралы болып оралғандарға көмек көрсетуді жақсартуға, көшіріліп әкелінгендерге жағдай жасауға, ең бастысы балалардың оқып, білім алуына назар аудару соғыстың алғашқы екі жылымен салыстырғанда біршама жақсарды. Майдандағы ұландарға, майданнан тыл еңбеккерлеріне жолданған хаттардың саяси астары күшейтілді. КСРО-ның құрамындағы халықтардың еңсесін көтеру бағытында олардың ұлттық батырлары үлгі етілді. Майдан далаларында әр республикада жасақталған әскери бөлімдер, солардың қаржысына құрастырылған әскери техникалар көбейтілді.
Осы жылға қатысты құжаттарды ақтарған сайын осыған көзіміз жетеді. Мәселен, 1942 жылы бастау алған «Колхозник Казахстана» танк колоннасын жасақтауға қаржы жинау жалғасын тауып, аяқталды. 282-қордағы 1-тізімдегі 28-бумадағы қағаздарда облыстың түкпір-түкпірінен еңбек ұжымдары мен жекелеген адамдардан облыстық партия комитетіне жолдаған жеделхаттардың тігіндісінде халқымызға деген мақтаныш сезім асқақтай түседі. Өздерінің басындағы ауыртпалықты ысырып тастап «Бәрі Жеңіс үшін!», «Бәрі майдан үшін!» деп еңбек етіп, қолындағы барын, жоқ болса еңбегі мен малын сатып, қаржы жинап, елдің, ердің жақсы атын шығару үшін қолдан келгеннің бәрін жасағанын анық байқайсыз.
Сол жеделхаттардың бірнешеуін ғана сөз етейік. Мәселен, Шу ауданынан жолданған хатта Кеңес селолық советінің аумағындағы мектеп директоры Мұқатаев танк колоннасын жасақтауға 1 500 сом қосқан. Осы мектептің бүкіл ұжымы қорға 126 мың 767 сом берген. Бұл қорға жаңа жылдың қаңтар айында Шу ауданы 2 миллион 602 мың сом аударған. Сарысу ауданынан жолданған жеделхатта жаңа жылдың бірінші айында астық қабылдау пунктіне қор есебіне 3 500 центнер астық құйылғанын айтқан. Сонымен бірге олардың 1 миллион 902 мың сом жинағаны, 138 қой, 12 жылқы, 2 түйе, 9 сиырды Қызыл Армияның құрылғанына 25 жыл толу күніне сыйлық ретінде жібергендерін айтады.
Мұндай хабарларды барлық аудандардан, ауылдардан келтіруге болады. Билік халықты ерікті, еріксіз түрде барын «Бәрі майданға… Бәрі Жеңіс үшін!» деген ұранмен алды. Сол кездегі тыл еңбеккерлерінің ауыр жағдайын айтып жеткізу мүмкін емес. Олар белін жазбай еңбек етті, барын майданға берді, аузынан жырып тамағын, жамылып жатқан көрпесін көшіріліп, жер аударылып келгендерге ұсынды. Қысылды, қымтырылды, бірақ өзегі мұқалмаған халқымыз бәріне төзді. Сондықтан да Ұлы Отан соғысындағы жеңіске біздің әрқайсысымыздың ата-бабаларымыздың, апа-әжелеріміздің қосқан өлшеусіз үлесі бар!

ТЫЛ ЕҢБЕККЕРЛЕРІНЕ – ЖАУЫНГЕРЛІК НАГРАДА

Мұрағат құжаттары арасында тыл еңбеккерлерін жауынгерлік орден, медальдармен наградтау туралы құжаттар жеткілікті. Мұның өзі соғыс жылдарында белін бүкпей еңбек еткен азаматтардың еңбегін бағалау болса керек. Соғыстан кейінгі 1947, 1948, 1949 жылдары соғыс жылдарындағы бүкіл халықтың еңбегіне өкімет пен партия рақметтерін айтып, кеуделеріне мыңдаған «Алтын Жұлдыз» тақты. Олардың барлығы да сол наградаға лайық! Біз олардың арасынан тек жауынгерлік наградаларға ие болғандардың ғана есімдерін атаймыз.
КСРО Жоғарғы Советі Президиумының Жарлығымен 1945 жылы 1 ақпанда І дәрежелі Отан соғысы орденімен Талас аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Шортанбай Жайлыбеков, Шу аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Мырзағали Әбдірахманов, ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен Жер қатынастары комитетінің Талас ауданы бойынша өкілі Хамит Арыстанов, еңбекшілер депутаттары Талас аудандық совет атқару комитетінің төрағасы Әбдікеш Қонақбаев, еңбекшілер депутаттары Красногор аудандық советі атқару комитетінің төрағасы Сейтахмет Қалықов, Жер қатынастары комитетінің Шу ауданы бойынша өкілі Спан Өткелбаев марапатталған. Соғыс жылдары шаруашылықтарды басқарған Хати Сауранбаев, Әбдір Сағынтаев сияқты шаруашылықты жүргізудің шеберлері шыңдалып шықты. Олар Ұлы Отан соғысы жылдарында жоғары көрсеткіштерге жеткені үшін соғыстан кейін Социалистік Еңбек Ері атағына ие болды. Тағы бір ерекше айта кететін бір мәселе, Талас және Меркі аудандарынан осындай атаққа ие болған тұлғалар өте көп болды.
Партияның тәжірибесінде өте сирек кездесетін жағдай: Талас аудандық партия комитетінің хатшысы Мәмбет Смағұлов пен аудандық атқару комитетінің төрағасы Әбжапар Досымбаев екеуі бірдей Социалистік Еңбек Ері атағына ие болды.
КСРО Жоғарғы Советінің Президиумының Жарлығымен 1945 жылы
16 қарашада І дәрежелі Отан соғысы орденімен Луговой ауданының «Тереңөзек» колхозының партия комитетінің хатшысы Шәмші Әбішева, Көктерек ауданының «Жаңа тірлік» колхозының шопаны Оспанбек Баубеков, Жамбыл облыстық партия комитетінің хатшысы Владимир Ващенко, Свердлов ауданының «Үш төбе» колхозының аға жылқышысы Төлеубек Еркеев, Луговой аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Самуил Иткин, Қордай ауданының машина-трактор стансасының комбайншысы Степан Кащенко, Жамбыл аудандық партия комитетінің екінші хатшысы Қабаш Оспанов, Свердлов ауданының Ленин атындағы колхоздың звено жетекшісі Шәміл Шантаева наградталды.
Осы Жарлықпен ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен 21 адам марапатталған. Олардың арасында партия, совет, комсомол қызметкерлерімен бірге, еңбек адамдары да бар. Ленин орденімен – 3, Еңбек Қызыл Ту орденімен – 17, «Қызыл Жұлдыз» орденімен – 17 адам наградталған. Сол сияқты «Құрмет Белгісі» орденімен – 57 адам марапатталған. Олардың арасында халық ақыны Кенен Әзірбаев та бар. Көптеген азаматтар медальдармен наградталған. Мұндай наградаға облыс басшысы М.И.Ткаченко да ие болды. Ол 1942 жылы наурыз айында «Социалистік Қазақстан» газетінің «Жамбыл облысында соғыс кезіне сай қатаң тәртіп жоқ» деген өткір сын мақаласынан осылайша қорытынды шығарды.
Ал «1941-1945 Ұлы Отан соғысы жылдарындағы екпінді еңбегі үшін» медалімен марапатталғандар өте көп. Олардың арасында партия, совет, комсомол қызметкерлерімен бірге еңбек, өнер, мәдениет, бір сөзбен айтқанда, халық шаруашылығының барлық саласының адамдары бар.
Мұндай марапаттарға жете алмай, Жеңіс күнін көре алмай кеткендер қаншама. Оларға Алатаудай ескерткіш орнатса да, әрқайсысының кеудесіне алтын жұлдыз тақса да артық болмайтыны анық. Ұлы Жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Қан төгумен, көздің жасын бұлаумен өткізген, қасіретке толы күндер мен түндерді басынан өткізген халық жеңіске жетті! Бойды қуаныш кернеді! Бірақ оның зардаптары жойылмақ емес. Бір ұрпақ буыны ойсырады, сиреді. Мыңдаған боздақ майдан даласында мәңгі қалды. Майдан даласында ерлік жасап, омырауына орден-медаль таққан жүздеген жамбылдық, оның ішінде жиырма азамат Совет Одағының Батыры атанды.

(Жалғасы бар)

Мақұлбек РЫСДӘУЛЕТ

ПІКІР