Тереңнен тамыр тартқан тектілік

0 0

Ғарасат ғасырларының алмағайып жылдары мен адамзат дамуының алып адымдарын артқа тастап, әр дәуірге өзінің әдемі әрі мен алуан әрлі әдебімен жететін жетелі мерекелер бар десек, солардың бірі де, бірегейі – әз Наурыз. Наурыз мерекесінің түркі текті әулетке тән атауы өкінішке қарай біздің дәуірге дейін келіп жетпеді. Әлемдік тарихнаманың осыдан шамамен 5000 жыл бұрынғы нұсқасында бедерленген — «…бұлар (көшпенділер) күн жылып жер көгере бастаған кезде белгілі бір жерге жас-кәрі демей түгел жиналып кешегі өткен ата-бабаларын еске алу рәсімін жасайды. Сонан соң бір-бірімен құшақ жая көрісіп, амандық-саулық сұрасады да оның аяғын бірнеше күнге созылған мереке-мейрамға ұластырады…» дейтін жазбалар ежелгі түркілердің жаңа жылды қалай қарсы алатындықтарынан хабар берсе керек.

Сондықтан да, аудармасы «жаңа күн» дейтін мағынаны беретін Наурыз атауының шығу тегі парсы жұртының тіл тауарихымен астастырылып барып үрдіске енгізілу кезеңін орта ғасырлардың ар жақ, бер жағындағы оқиғалар легінің бірі болар деп пайымдаймыз. Ал Наурыздың тегі мен тіні – арғы дәуірлердің елең-алаңынан бастау алатын болмыс нышандармен үндесе сабақтасып жатқан ұлағаты мол ұғым.
Әл-Тимиризи, Әл-Бухарилер заманынан жеткен аңыз-әфсаналар айтады: «Бірде қасиетті Мұхаммед (с.а.с.) кезекті бір сапарынан қайтып келе жатып керемет бір той-тойланып жатқан қауымға жақын маңға тоқтайды да сахабаларының біріне: «Бұл қандай той, қандай қуаныш екен? Біліп келіңдерші!» — деп жұмсайды. Мәселенің мән-жайына қаныққан сахаба келіп айтыпты: «Бұлар күн мен түннің теңелген сәтін білетіндер болып шықты… Сол күнді Жаңа жыл келді деп тойлап жатырмыз дейді» деп. «Бұл енді шынымен де ескеретін жағдай екен», – депті дейді қасиетті Пайғамбар. Адамзаттың соңғы Пайғамбарының осы лебізінен кейін әз Наурыз бүкіл Шығыс жұртының төл мерекесіне айналып кете берсе керек. Осылай арғы-бергі тарихнамалар куәлігіне жүгінсек, Наурыз мерекесінің табиғаттың төл баласы Адам-Ата әулетімен тұстас дәуірлерден жеткен мереке екендігін аңғарамыз. Сонымен бірге, кешегі абыз бабаларымыздың табиғат құбылыстарын жазбай таныған таным өресінің деңгейіне қалай таңданбасқа. Жаңа құрлық ғұламаларының бірі айтпақшы, мәселе дөңгелекті кімнің ойлап тапқанында емес, мәселе дөңгелектің басқан ізін барлай алатын ақылда.
ХХ ғасырдың алғашқы кезеңінде біраз жыл Наурызды тойлауға тыйым салынды. Бірақ, Наурызды төл мерекеміз деп таныған Шығыс қауымы нанымының шалқар кеңістігінің бәріне бірдей тыйым салу әсте мүмкін де емес еді. Бұл сөзімізге, сол жылдарда да жыл құрғатпай «тыныш» қана аталып өтіп келген Наурыздың нәпақасы мол көжесін ішкен бүгінгі аға ұрпақ өкілдерінің бәрі куә.
Тәуелсіздіктің таңымен қайта қаулаған Наурыз өскіні бүгінгі болмысымыздың айшығы мол бір парасы, Ұлы Дала шаттығының шарықтап тұрған бір белгісі. Жаратылыс жанданып, Жер Ана бусанып, жаңа өскін жарық дүниеге қарай саусағын жайып талпынатын тамаша сәттердің басы — бұл Наурыз! Наурыз таңы – адам болмысындағы өкпе-наз, өкініш пен нала пиғылдарды кері серпіп, адасқан көңіл, ажырасқан сезімдерді жаңа бір жақсылық айлағына қарай үйіретін киелі таң. Тегінде тектіліктің нышаны мол қазақ елінің биылғы әз Наурыз да жақсылықтың жаршысы, жарқын болашақтың жебеушісі бола берсін деп тілеймін!

Тәкен Молдақынұлы,
Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген артисі, мәдениет қайраткері

Leave A Reply

Your email address will not be published.