"Заң және біз"

Тергеушілердің хат тіркеушілерден айырмашылығы болмай тұр

Бүгінде облысымызда ұрлық дендеп тұр. Оған дәлел, ағымдағы жылдың төрт айының өзінде 1 917 ұрлық фактісі тіркелген. Осылайша біреудің мүлкін қолды ету көрсеткіші жаға ұстатып тұрса, ал, қылмыстың ашылуы «қарын аштырады». Нақтырақ айтсақ, жоғарыда аталған 1 917 қылмысқа қатысы бар күдіктілердің дәл қазір тек 736-сы ғана құрықталып, жазаға тартылған. Бұл аз ба, көп пе?

Ең алдымен облыстық ішкі істер департаментінің берген статистикалық мәліметін сөйлетсек, жыл басынан бері орын алған қылмыстардың 482-сі пәтер ұрлығы екен. Оның 18-і ашылып, өндіріспен аяқталған. Ал, 270 фактіде қылмыскер әлі күнге құрықталмаған.
Мал ұрлығы бойынша 124 қылмыс тіркеліп, небәрі 67 күдікті қолға түскен. Дәл сондай, 53 автокөлік және басқа да көлік құралдарын ұрлау жайттарында 29 қылмыстың беті ашылған. Нәтижесінде өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда тіркелген ұрлық фактілерінің саны 37,8 пайызға азайып, ашылу деңгейі 9,6 пайызға артқан көрінеді. Осылайша «бөркін аспанға атқан» департамент мамандары «қырдық-жойдық» деп отыр. Десе де, 1 917 қылмыстың 1 016-сы өндіріспен аяқталып, қылмыскерлердің әлі күнге тайраңдап жүргенін қалай түсінуге болады? Өткен жылы 2 121 ұрлық қылмысы сол бойы ашылмағанын ескерсек, биылғы 1 016 факті бойынша қылмыскерлер жазаға тартылады дегенге сене аламыз ба? Және ұрлық фактілерінің ізін суытпай ашуға не кедергі болуда?
Редакциямызға құқық қорғау са­ла­сы қызметкерлерінің жұмысына ша­ғым­данып келген Талас ауданы, Сәду Шәкіров ауылының тұрғыны Қуат Сейдрашов­тың айтуынша, мұның бәріне заң мамандарының қызметіне «жүрдім-бардым» қарауы сеп көрінеді.
– Ағымдағы жылдың басында қорам­да тұрған жалғыз айғырым ұрланып кетті. Малдың жоғалғанын байқағаннан кейін учаскелік полиция инспекторына хабарласқанымда, ол екі сағат кешігіп келді. Сол уақыт аралығында 102-ге сан мәрте қоңырау шалсам да, не ауданнан маман жібермеді, не учаскелік полиция инспекторының келуін тездетпеді. Әйтеуір, әрең жеткен Сәду Шәкіров ауылдық округі бойынша Дастан есімді учаскелік полиция инспекторы қылмыс орнын зерттеуге құлық танытпай, бір қағазды толтырғандай болды. Содан бері міне, алты ай уақыт өтті. Әлгі учаскелік полиция инспекторынан сұрай барсам, «Тіркеп қойдық, күтіңіз» дегеннен басқа жауап айтпайды.
Негізі Сәду Шәкіров ауылында мұндай ашылмаған ұрлық фактілері өте көп. Ал, ең қызығы, ұрлыққа қатысы бар деп ұсталған күдіктілер бірер аптадан кейін босап кетіп жатады. Атап айтсам, жақында ауылдық балабақша меңгерушісінің баласы мал базарында ұрланған сиырды сатып тұрған жерінен ұсталды. Бірақ, «Мал егесі кешірім берді» деген желеумен ауыл ішінде бұл мәселені жылы жауып қоя салды. Дәл сондай, қазір екі ағайынды азаматтың үстінен іс қозғалып жатыр. Бірақ, ауылда тұратын дәулетті кісінің балалары болғаннан кейін, олардың жазаға тартылатынына ағайындар күдікпен қарап отыр. Егер, бізге облыстан арнайы тексеріс тобы келетін болса, көп былықтың беті ашылар еді, – дейді ашынған ауыл тұрғыны.
Құқық қорғау саласы қызметкер­лері­нің жұмысына айтылған бұл жалғыз сын емес. Жыл басында Тараз қаласы «Талас» ықшамауданында орналасқан өз үйінің алдында тоналған Тынышкүл Әбдиеваның шағымына сүйенсек, бұл істе де тергеушілер бастапқыда келгенімен, алайда қайта ат ізін салмапты.
– Үйіме баспалдақпен көтеріліп келе жатқан едім, подъезде тұрған екі жігіт әй-шәйға қарамастан соққының астына алып, құлағымдағы алтын сырғамды, білезігімді және алқамды жұлып алып кетті. Аузы-басым қанға малынып, ес-түссіз жатып қалдым. Көршілерім әйтеуір жедел жәрдем шақырып, әзер дегенде өз-өзіме келдім.
Ауруханаға тергеушілер бастапқыда келгенімен, кейін оларды көр­ме­дім. Бір-екі мәрте немереме қоңырау шалдырып, істің барысын сұратып едім, олар мардымды жауап бермепті. Содан басымның амандығына шүкірлік етіп, бәрін қойдым. Негізі қиын жағдайға тап болған кезде ең бірінші құқық қорғау саласының қызметкерлерінен араша сұраймыз ғой. Ал, біздің полицейлерге бір адам өліп жатпаса, ол қылмыс ретінде саналмайтын секілді, – дейді сексеннің сеңгіріне шыққан кейуана.
Иә, осылайша есігінің алдында ауыр соққыға жығылып, өлім аузында қалған әжейдің өзінің ісін тәртіп сақшылары екінші орынға сырғытқаны таңғалдырды. Әлде, оларға қылмысты жіті зерттеу үшін, шағымданушымыз айтқандай, қылмыс орнында міндетті түрде бір адам өлуі қажет пе?
Негізі, тәртіп сақшыларының мұндай немқұрайды әрекетіне біз де куә бол­ған­быз. Ағымдағы жылдың наурыз айында «ARAI» газеті редакциясының кеңсесінен ноутбук пен үш бірдей компьютер мони­торы ұрланып кетті. Сол мезетте жедел тексеру тобы жеткенімен, арада екі айдан аса уақыт өтсе де, әлі күнге тергеу барысы туралы бір ақпарат жоқ. Өз тарапымыздан қанша мәрте хабарлассақ та, істі тергеушілер біріне-бірі сілтеп, «доп» құсатып қуып жүргенін естідік. Және жоғарыдағы шағымданушыларымыз мысалға келтіргендей, редакциямызға тергеушілер сол күні келгенімен, екі айдың ішінде біз де олармен қайта жүздеспедік. Тіпті, ұрлық болған жерге жеткен криминалистерге қай жерден саусақ іздерін алу қажеттігін өзіміз айтып, олардың жұмысын тілшілер атқаруға тура келді. Сонда бұл ұрлықты ұсақ-түйек қылмыс ретінде көру ме? Әлде, мамандардың біліксіздігі мен жауапсыздығы ма?
Бұл мәселені зерделеу барысында облыстық ішкі істер департаментіне арнайы хат жолдап, орын алған қылмыстық оқиғалардың қанша уақыт тергелетіндігін сұраған едік. Ондағы мамандар анықтау істері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары бір айдан, ал алдын ала тергеу істері екі айдан аспауы керектігін жазыпты. Және осы мерзім ішінде күдікті қолға түспесе, Қылмыстық-процестік кодекс шеңберінде қылмыстық іс қысқартылады делінген. Бірақ, мамандар «Егер жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында, кінәлі тұлға анықталып жатқан жағдайда үзілген сотқа дейінгі тергеп-тексеру мерзімі жаңғыртылып, тергеп-тексеру амалдары жан-жақты, объективті түрде жүргізіледі» деп жұбату айтқандай болыпты.
Демек, екі айдан асқан арыздардың барлығы қараусыз қалып, шағымдар көп құжаттың ішінде шаң басып жатыр деген сөз. Ал, «Егер күдікті табылып жатса, іс қайта қозғалады» дегенге сену қиын. Бұл баланы балмұздақ беріп алдаумен бірдей емес пе?
Әрине, еліміздің заңнамасына қарсы келер ойымыз жоқ. Барлығы бекітілген тәртіпте шешілгені жөн. Алайда, «екі айда іс қысқартуға жатады» деген шектеуді желеу етіп, қызметінде қалғып отырған кейбір тергеушілер арыздарды бір бұрышқа жинап қойып, қулыққа баспайтынына кім кепіл? Оған редакция атынан жазылған арызды бір-біріне сілтеген тергеушілердің әрекеті дәлел бола алатындай.
Бәлкім, осы мақаланы оқып отырған ішкі істер департаментінің басшылық тарапы «бізде мамандар жеткіліксіз, бір полицей бірнеше іспен айналысуға мәжбүр» деген сылтау айтатын шығар. Бірақ, біз департаментке жолдаған хатымызда осы мәселені меңзеп, құқық қорғау саласы құрылымдарының штаттық бірлігі мен жетіспейтін мамандар санын сұраған едік, ондағылар ақпарат беруден бас тартты. «Бұл құпия ма?» деген келесі сауалымызға да, мардымды мәлімет берер бір адам табылмады.
Әрине, байыбына бармай байбалам салудан аулақпыз. Бірақ, облыс тұрғын­дарының қауіпсіздігіне тікелей жауапты департамент мамандарының жүйесіз жұмыстарын көріп тұрып, тағы үнсіз қала алмаймыз. Өйткені, құқық қорғау қызметкерлерінің әрбір шешімінің астында адам тағдыры жатыр. Осыны тәртіп сақшылары түсінеді деп сенеміз. Және ұрлыққа ұсақ-түйек қылмыс ретінде қарамай, тұрғындардың арыз-шағымдары бойынша жауапкершілікпен жұмыс жүргізсе екен дейміз.

Саятхан САТЫЛҒАНОВ

ПІКІР