"Шамшырақ"

Тест көрсеткіші неге күрт төмендеді?

Written by Aray2005

Еліміздің мектеп бітіруші түлектері маусым айының соңы мен шілде айының басында кезекті Ұлттық бірыңғай тест тапсырды. Алайда өңір оқушылары бұл сыннан биыл төмен көрсеткіш көрсетіп отыр. Білім сапасының күрт төмендеуі және сынақ тапсырмасының қиындауы төңірегіндегі басқа да мәселелер облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен аппараттық жиында талқыланды. Мұндай жағдай облыс әкімдігі білім басқармасының, қалалық, аудандық білім бөлімдерінің, мектеп ұжымы мен аудан әкімдері тарапынан ҰБТ төңірегіндегі түсіндіру және өзге жұмыстардың төмен жүргізілгені екенін атап өткен өңір басшысы 500 бала түрлі себеппен сынаққа қатыспағанын және 114 бала рұқсат етілмеген заттарды алып кірмек болғаны үшін тестілеуге жіберілмегенін айтты.

– Қазір алдын ала жүргізілген саралау нәтижелері кейбір мектептердің ҰБТ-ға дайындығы өте төмен болғанын аңғартты. Әсіресе Жуалы, Т.Рысқұлов, Меркі аудандарында оқушылар салыстырмалы түрде 50 балдан төмен алған. Сонда оларға 11 жыл бойы мұғалімдер қандай білім берген? Білімнің сапасы қайда? Мемлекеттің көмегі мен қолдауына қайтарым қайда? Үш бірдей ауданның барлық мектебі 50 балдан асыра алмаса, жұмыстың нәтижесі қайда? Сосын Жуалы, Қордай, Мойынқұм, Шу, Талас, Т.Рысқұлов аудандарында 90-нан жоғары балл алған мектеп жоқ, – деді Бердібек Машбекұлы.
Бұдан соң Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесіне байланысты осы және өзге де мәселелер бойынша облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Гүлнар Ходжабергенова баяндама жасап, өңірде нақты 6619 түлек ҰБТ тапсырғанын, бірақ өтініш білдіргендердің 562-сі тестілеуге қатыспағанын атап өтті. Олардың 367-сі ерікті түрде ҰБТ-дан бас тартқан. Мұндағы 57 мектеп түлегінде жоғарғы оқу орындарына түсуге арналған сертификаты, ал 17 оқушыда түрлі оқу орындарының білім гранты болған. Сондай-ақ 100 түлек жақын және алыс шет елдерде білім алуды жөн көрген. Ал 75 бала тестілеу пунктіне кіргізу барысында тыйым салынған заттарды алып кірмек болғаны үшін аудиторияларға жіберілмеді. 114 бала аудиториядағы ережені бұзып сынақтан шығарылған. Алайда ол түлектердің әрқайсысымен және ата-анасымен жұмыс жүргізіліп, олардың көбісі қаңтар айында тапсырған тестілеу сертификаттарымен оқу орнына құжаттарын тапсырса, бірқатары арнаулы орта оқу орындарына түсетін болыпты. Алты бітіруші денсаулық жағдайына байланысты қорытынды сынаққа қатыса алмаса, оларға осы айдың соңына дейін өз білімдерін дәлелдеу мүмкіндігі берілген.
Ал «Білім-инновация» лицейінің 2 түлегі халықаралық тест нәтижесінде 140 балдық сертификатқа ие болған екен. ҰБТ нәтижесінде облыс бойынша Қордай ауданындағы №2 мектептің бітірушісі Дильназ Айтуған ең жоғары 136 балл алса, Тараз қаласындағы Айша бибі атындағы дарынды қыз балаларға арналған «Білім-инновация» лицейінің түлегі Райхан Аманжол 134 балл жинаған.Тараз қаласындағы №12, 49 гимназиялары мен «Дарын» мектеп-интернатының түлектері арасында да 134-135 балл алған бітірушілер бар.
Облыс бойынша 706 бала 100-ден жоғары балл жинаған. Жуалы, Қордай, Мойынқұм, Т.Рысқұлов, Талас, Шу аудандарындағы бірде-бір мектебінің түлегі ҰБТ нәтижесінде 90-нан жоғары ұпай жинай алмаған.
Өкінішке қарай шектік деңгей болып бекітілген 50 балды ала алмағандар да көп. Былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда шекті балды жинай алмағандар саны екі есеге артқан. Бұл жағдайға білім басқармасының басшысы тек ҰБТ нәтижесінің емес, 11 жыл бойы білім берген ұстаздардың, мектептегі білім сапасының көрсеткіші деген баға берді. 50 балл жинай алмаған Қордай ауданында 6 мектеп, Меркіде 4 мектеп, Мойынқұм мен Т.Рысқұлов аудандарында 3 мектеп, Шу ауданында 2 мектеп бар екен.
Білім сапасы мен тест көрсеткішінің мұнша күрт төмендеуінің себебін сұраған облыс әкіміне басқарма басшысы оқушылардың төртінші тоқсанда қашықтан білім алуға көшуі мен тест кезінде тексерудің тым қатал болуымен байланыстырды.
– Мен сізге тапсырма берген болатынмын. Әсіресе, 10 жылдан аса бір мектепті басқарып, ешқандай нәтиже көрсете алмаған директорлардың жұмысын саралау керектігін айтқанмын. Облыс бойынша 19-ақ мектеп 90-нан жоғары балл алған. Ал 20-дан аса мектеп 50-ден жоғары балл ала алмайды. Сонда бала сонша жыл не үшін оқыған? Оған жауап беретін мұғалім қайда? Директор қайда, – деген облыс басшысының сауалына Гүлнар Махақызы бүгінгі таңда 9 мектептің директоры орнынан босатылғанын, нақтылы кезеңде 6 мектеп директорының өтініші негізінде оларды да жұмысынан босату туралы бұйрық әзірленгенін және тағы 33 мектеп басшысын босату жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Сондай-ақ өңір басшысы түлектердің көршілес мемлекеттерге оқуға кетуін де зерделеу керектігін, мүмкіндік болса оған тежеу қажеттігін ескертті. Өйткені елімізде тегін орта білім алып, ал қаржысын өзге мемлекетке салып жоғарғы және арнаулы білім алатындардың Отан алдындағы жауапкершілігін арттыру тиіс.
Білім саласына қатысты көптеген мәселелер талқыланып, аудан әкімдерінен де тиісті жауаптар алынған соң күнтәртібіндегі келесі мәселелер қаралды. Олардың ең негізгісі карантин шараларын күшейтуге қатысты болды.

Айжан Өзбекова

ПІКІР