ТИГУ-де жатақхана мәселесі түбегейлі шешілді

0 3

Бүгінде әрбір күнін қимас сағынышпен еске алатын студенттік шағымызда азаттықтың алтын бесігі Алматыға талай мәрте жолымыз түсті. Қай уақытта барсаң да араның ұясындай дуылдап жататын автобекетінен түсе сала мың бояулы мегаполис қаладағы сан түрлі оқу орнында жоғары білім алып жатқан достарымызды түгендеуге кірісеміз. Ұйқы дегеніңіз жайына қалады. Барғаннан қайтқанша сән-салтанаты мен тұмса табиғаты табан тіреген жанды таңдандырмай қоймайтын ару қаланы аралаумен табан тоздырамыз. Өзіміз де студент болғандықтан алып шаһардағы жоғары оқу орындарының тыныс-тіршілігі, жастардың өмірі қызықтырмай қоймайды. Оқу орындарын аралаймыз, сәті түссе замандастарымызбен пікірлесеміз… Әлі есімде, қаладағы іргелі оқу орындарының көк аспанмен таласқан жатақханаларын көргенде «мұндай оқу ғимаратында білім алатын, барлық жағдайы жасалған жатақханада жатқан студенттердің арманы жоқ екен» деп таңданғаннан таңдай қаққан сәттеріміз көп болды.
Cондай білім алушы үшін барлық жағдайы жасалған осынау жатақхана ғимараты Тараз қаласында да болса деген ойдың жетегіне еретін едік. Осы бір арманымыз 2018 жылғы 5 наурыздағы «Президенттің бес әлеуметік бастамасы» деп аталатын халыққа үндеуінің арқасында ақиқатқа айналып шыға келді.

Әлеуметтік саланың бойына қан жүгіртуді мақсат еткен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл бастамасының шарапатын Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің студенттері бір кісідей сезініп жатыр. Жақында оқу орнының 500 орындық студенттер үйі есігін айқара ашты. Бұл жатақхана университет студенттерінің танымдық, мәдени және әлеуметтену орталығы бола алуымен ерекшеленеді. Заманауи студенттер үйіне қойылатын барлық талаптың үдесінен шығатын бұл кешен республикадағы жоғары оқу орындарының студенттік жатақханалары арасында үздігі саналады.
Естеріңізге сала кетейік, студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мақсатында университет ұжымының шешімі бойынша, 2018 жылдың 26 қарашасында Тараз қаласының орталығында орналасқан «Тараз» қонақ үйі 430 миллион теңгеге сатып алынған болатын. Осыдан соң ғимараттың күрделі жөндеу жұмыстарына 310 миллион теңге қаржы жұмсалды. Осылайша соңғы үлгіде жабдықталған студенттер үйі пайдалануға беріліп, ТИГУ-де жатақхана мәселесі түбегейлі шешімін тапты.
– Студенттер үйінде студенттер сабақтан бос уақытында тынығып қана қоймайды. Мұнда олардың тұлғалық қасиеттерін жетілдіруге бағытталған түрлі орталықтар мен қызмет көрсету кешендерінің жұмысы жолға қойылған. Мәселен электрондық оқу залы өз тұтынушыларына тәулік бойы қызмет көрсетуімен ерекшеленді. Ал коворкинг орталығы әр түрлі мамандықта оқитын студенттердің бір-бірімен өзара пікір алысуына мүмкіндік береді. Бұл орталықта бизнес-тренингтер, шеберлік сыныптар мен интеллектуалды ойындар, пікірсайыстар өткізуге болады. Сондай-ақ студенттер қалауына қарай осындағы ағылшын тілі курсына да қатыса алады. Мұнан бөлек жатақхананың кинозалы, онлайн семинарлар мен вебинарлар өткізуге арналған студиясы, кездесулер мен жиындар ұйымдастыруға арналған конференция залы, асхана, «Адалдық» дүкені, кофейня орындарында да студенттерге лайықты қызмет көрсетіледі. Ал студенттердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында жатақхана ғимаратында түрлі үйірмелер мен клубтар, гимнастика залы мен сұлулық салоны жұмыс істейді. Мұндағы кофейня мен сұлулық салонында студенттер қызмет көрсетеді. Бұл әдіс оларды бизнеске баулу мақсатында кәдеге жарайды. Студенттік асхананың кейбір қажеттіліктерін университеттің агробиологиялық ғылыми зерттеу институты өтейді,–дейді ТИГУ-дің баспасөз қызметінің жетекшісі- баспасөз хатшысы Нұржан Туғанбай.
Сыртқы қасбеті ұлттық нақышта әрленген жатақхана ғимаратымен бірге оның ауласында орнатылған домбыра ескерткіші де өзара үйлесім тауып тұр. Бұл ескерткішті «ХХ ғасыр Гомері» атанған Жамбыл Жабаев даңғылына орнатудың өзіндік себептері де бар. Біріншіден, мұнда қолындағы домбырасымен тұтас бір ғасырдың сипатын, заманның ағымын жырға қосқан Жамбыл ақынға деген құрмет аңғарылады. Екіншіден, домбыра ескерткішінің студенттік жатақхана ауласына қойылуы жастарға ұлы даланың ұлы мұрасын ұмытпау идеясын аңғартады. Өз кезегінде дәл осындай сәулеттік және тәрбиелік маңызы зор идеяны облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ұсынған.
Биіктігі жеті жарым метр болатын темірден құйылған домбыра ескерткішін «Темір-байлық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мамандары асқан шеберлікпен құйып шыққан. Жалпы жаңа жатақхана алдындағы саябақты көгалдандыру, көгеріштендіру жұмыстарына 1 миллион 200 мың теңге жұмсалған.

Осыдан-ақ елдің ертеңі саналатын жастардың сапалы білім алып, білікті маман атануына барлық жағдайды жасауға жергілікті билік пен оқу орны басшылығы арасындағы әріптестік байланыстың себеп болғанын аңғара аламыз. Ал жастар үшін осы бір сенім капиталының өтеуі осында алған білім мен кәсіби дағдыны елдің өркендеуі жолында аянбай жұмсау болмақ.

Талғат Нұрханов

Leave A Reply

Your email address will not be published.