ТИГУ-дегі тағылымды шара

0 0

Өмір өрнектерін өлеңімен бейнелеп, қара сөзбен тура жол көрсетіп, байтақ даланы әнімен әуелеткен Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы жас таланттардың да өнерін шыңдауда. Ұлы ақынның шығармаларын насихаттаумен ғана шектелмей, өнегесін жастардың бойына сіңіруді көздеген фестивальді Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті ұйымдастырды. «Абай тағылымы» атты облыстық байқауға өңіріміздегі жоғары оқу орындары мен колледж студенттері және 9,10,11-сынып оқушылары қатысты.

Аталмыш университеттің «Шерхантану» ғылыми-зерттеу орталығы өткізген шара 4 бағытқа топтастырылып жүргізілді. Алғашқысында үміткерлер ақынның өлеңдерінен, қара сөздерінен, жалпы шығармашылығынан Абай бейнесін еркін форматта сахналық қойылыммен көрсетті. Екінші бағыт бойынша талантты жастар ғұламаның қара сөздерін жатқа мәнерлеп оқыса, 3-топтағылар «Абай – жаңа қоғамның жанашыры» тақырыбында эссе жазды. Ал, 4-бағытта ақын өмірі мен шығармашылығына байланысты ашық сабақтардың, сыныптан тыс сағаттардың жоспарлары жинақталды. Әр бағыт бойынша қазылар алқасы бөлек тағайындалды.
Нәтижесінде 1-бағыт бойынша 1-орынды Т.Рысқұлов ауданы, Ә.Бөкейханов атындағы мектептің шәкірттері жеңіп алды. Екінші бағытта Тараз қаласындағы №56 мектептің оқушысы Шерхан Шырынбек топ жарды. Ал 3-бағытта Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің студенті Ақмөлдір Таңжарықова ешкімге дес бермейді. Сол сияқты 4-бағытта №39 мектеп гимназияның оқушысы Раушан Қасымова үздік атанды.

Қ.Рахметуллина

Leave A Reply

Your email address will not be published.