"Шамшырақ"

ТИГУ-дың колледжі тың бастамаларға ұйытқы болуда

Written by Aray2005

Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің көпсалалы колледжі мектеп бітіретін түлектер үшін ашық есік күнін өткізді. Оған 9, 11-сынып оқушылары келіп, оқу орнының материалдық-техникалық базасымен, ұстаздарымен танысты. Жұмыс процесін көзбен көріп, колледж әкімшілігімен пікірлесті. Осында білім алып жүрген студенттермен де тілдескен талапкерлер колледж туралы мол мағлұматқа қанықты.

Мұнда «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту», «Бастауыш білім беру», «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу», «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету», «Фермер шаруашылығы», «Орман шаруашылығы», «Ветеринария», «Кітапхана ісі» және «Туризм» салалары бойынша мамандар дайындайды. Жұмысын бастағанына небәрі бір-ақ жыл болғанымен колледждің толыққанды білім беруге қажетті материалдық-техникалық базасы жеткілікті. Арнайы зертханалары да бар.
Колледж директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Нұрлан Жамалбек:
– Бұл Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің коллледжі болғандықтан, көптеген қажеттіліктеріміз университет басшысы Ерболат Саурықовтың бастамасымен қамтылып отыр. Сол секілді студенттеріміз зерттеу, іс-тәжірибе жұмыстарын да университеттің агробилогиялық зерттеу институтының жылыжайларында өткізеді. Университеттің 5 қабатты студенттер үйіне колледж білімгерлері де орналаса алады. Өткен жылы 70 студент мемлекеттік тапсырыс аясында грантпен оқыды. Бұйыртса, биыл да гранттар болады, – дейді.
Ашық есік күні шарасына келген мектеп оқушыларының көбі «Туризм» мамандығына қызығушылықтары барын байқатты. Ал 9-сынып оқушысы Мөлдір Мәнібек:
– Мен үшін «Ветеринария» маман­дығы қызығырақ. Себебі қазіргі уақытта ауылдық жерлерде мал дәрігері жетіспейді. Соның салдарынан жаз шығысымен ауыл-аймақтарда мал аурулары артады. Мұндай қауіптің алдын алудың бірден бір жолы – білікті маман екені даусыз. Бұл колледжде малдәрігерлік мамандығында оқитын студенттерге арнайы кабинетте қажетті дәрі-дәрмектермен таныстыра отырып, іс-тәжірибеде мал шаруашылығына апарады екен. Оқуға грантпен түсе алмаған жағдайда да халыққа шын көмегім тиетін маман болғым келеді,– дейді.
Ашық есік күнінің соңы колледж студенттерінің концерттік бағдарламасымен қорытындыланды.

Қамар Қарасаева

ПІКІР