"Тарих. Таным. Тағылым."

Тіл – ел байлығы

Written by Aray2005

Тіл – қай ұлтта, қай елде болса  да қастерлі, құдыретті. Ол әрбір адамға ана сүтімен бірге еніп, қалыптасады.

Тіл байлығы — әрбір елдің ұлттық мақтанышы. Ол атадан балаға мирас болып қалып отыратын баға жетпес мұра. Демек, әр адам ана тілін көзінің қарашығындай қорғауға, оның орынсыз шұбарлануының қандайына болса, да қарсы тұруы тиіс. Ана тілі – ең басты байлығымыз.

Қазақ тілі — мемлекеттік тіл. Бұл – бала кезінен өзге тілде сөйлеп үйренгендер үшін ауыр тіл болуы мүмкін. Бірақ Қазақстанның әрбір азаматы оны білу керек. Әсіре, ана тілін білу – бұлжымас парыз. Өйткені, ана тіліміз ұлттық жан дүниеміздің айнасы. Сондықтан елін, жерін сүйген әрбір азаматтың көкірегінде ана тіліне деген сүйіспеншілік, мақтаныш сезімі басым болуы керек. Себебі, қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі. Тіл — ұлттың жаны. Ал ұлттың болашағы — оның ана тілінде. Тіл — халықпен бірге өмір сүріп дамиды, әр ұлттың тілі — оның бақыты мен тірегі. Елбасы Н.Ә.Назарбаев халықтың болашағы туралы тереңнен толғай отырып: «…мемлекеттің ең басты дүниесі тек қана байлық емес, сонымен қатар ана тіліміздің болашағы…» деген болатын.

Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық салаларында қолданылатын тіл болғандықтан, жүргізілетін барлық іс-қағаздары мен құжаттар мемлекеттік тілде болуы тиіс. Өйткені өркениетке құлаш ұрған елдің бойында өзіндік ұлттық құндылықтары, елдігін айғақтайтын асыл қасиеттері сақталмаса, онда ол мемлекет бүгінгідей жаһандану заманында жұтылып кетуі әбден мүмкін. Негізінен, елдің өрісі қашанда білікті де, саналы ұрпақтың есебінен кеңеймек. Әлемдегі дамушы елдердің санатына енуді көздеген халықтың басты мақсаты да сауатты ұрпақ тәрбиелеу. Сауатты ұрпақ тәрбиелеу дегеніміз, өз ана тілінде еркін сөйлей алатын, оны терең меңгерген ұрпақ. Ал өз ана тілін жақсы білмейінше сауатты сөйлеп, сауатты жазып, тіл байлығын мол қолданбайынша, шын мәніндегі мәдениетті ел бола алмаймыз. Тіл тағдыры — ел тағдыры екенін ешуақытта ұмытпайық. Әрбір адам өз ана тілін білуі және мемлекеттік тілді меңгеруге міндетті.

Ерлан Тәжібаев,

Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы.

ПІКІР