Қоғам

Тіл инспекциясы талапты күшейтеді

Written by Aray2005

Облыстық «Қазақстан студенттерінің Альянсы» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен, облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының қолдауымен қоғамдық тіл инспекциясы құрылды. Инспекцияның алдағы жұмыс жоспары бекітіліп, мақсат-міндеттері талқыланған жиынға инспекция мүшелері, ерікті жастар қатысты.

Басқосуды ашқан қоғамдық тіл инспекциясының төрағасы Қаныбек Мұратбаев қазақ тілінің мәртебесін көтеріп, қолданыс аясын кеңейту мақсатында үлкен жауапкершілік жүктеліп отырғанын атап өтті.
– Қоғамдық тіл инспекциясының негізгі мақсаты – жарнама мен көрнекі ақпараттардың заң нормаларына сәйкестігіне мониторинг жүргізу. Шағын және орта бизнес өкілдеріне жарнама, көрнекі ақпаратты дұрыс, сауатты ресімдеуде көмек көрсету болып табылады. Инспекция құрамында заң саласының қызметкерлері, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мамандары, бизнес өкілдері, еріктілер бар. Инспекция мүшелері жыл соңына дейін Тараз қаласы мен аудан орталықтарында барлығы 200-ден астам мекемеде ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізеді,– деді Қ. Мұратбаев.
Ал облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының ономастикалық жұмыс бөлімінің басшысы Ақтолқын Искалиева тіл – ұлт тұтастығының тұғыры екенін атап өтіп, бұл бағыттағы жұмыстарды тек басқармаға жүктеп қоюға болмайтынын, ана тіліміздің беделін көтеру үшін жұмыла жұмыс жасау қажеттігін баса айтып өтті.

Талғат Нұрханов

ПІКІР