Елбасы Жолдауы

«Тіл туралы терең ой қозғалды»

Written by Aray2005

Мухаббат Турдыева,
«Жамбыл облыстық Махмут Қашқари атындағы ұйғыр этномәдени бірлестігі» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі:

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің алғашқы Жолдауында ішкі саяси мәселелер, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, экономиканы жандандыру, халықтың хал-ахуалын көтеру, әлеуметтік қамтамасыз ету мәселелеріне баса назар аударды. Бұл өз кезегінде көпшіліктің көкейінде жүрген сан түрлі сауалдарға жауап бола білді. Сондай-ақ Президентіміз Жолдау барысында қазақ тілі мәртебесі турасында терең ой қозғады. Бәрінен бұрын заңбұзушылық пен адамзаттың жеке басына келетін қылмыстық әрекеттерге қарсы жаза қатаңдығын одан әрі күшейту туралы Үкімет басшыларына арнайы тапсырмалар берілді. Қазір шындығын айтқанда адам саудасы, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық, балаларға қатысты педофилдік ауыр қылмыстар өршіп тұрған уақыт. Ешкімнің халықтың тыныштығын бұзуға қақысы жоқ. Себебі халық тыныштығы, бірлігі, ынтымағы, ауызбіршілігінің бекемдігі басты назарда болу керек. Міне, сондықтан да мұндай қылмыстардың алдын алу – кезек күттірмес міндет. Менің санамдағы Президент халық қамын ойлайтын, ел мүддесін көздейтін, халықтың болашағына, мамыражай өмір сүру салтына мүмкіндіктер туғызатын ерек тұлға.
Жолдауда тағы да жанымызға жай таптырған, шешуін тапқан бір дүние – Президенттің айтуынша, жердің шетелдіктерге сатылмайтындығы. Бұл мәселе дәл осы күнге дейін көптің көкейіне күдік ұялатқаны белгілі. Енді алдағы уақытта бос жатқан жер болмайды. Бәрі халық игілігіне беріледі. Ал мемлекеттен жерді тегін алғандар алған жерлерін кәдеге жаратпаса, оның қайта тәркіленетінінде жасырмады. Жалпы, Мемлекет басшысының Жолдауы көкейдегі көп сауалға жауап болды.

ПІКІР