«Тілді дамытуға әрбір азамат өз үлесін қосуы тиіс»

0 54

«Оқшау ой» айдарының бүгінгі қонағы – облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова.

– Рахия Сейтбекқызы, ашығын айтсақ, көшедегі көрнекі ақпарат пен жарымжан жарнама тілі жайлы айта-айта жақ талды. Сондықтан да сұхбатымызды мәнді мәселені шешу мақсатында басқарманың қандай жұмыстар атқарып жатқанынан бастасақ…
– Көрнекі ақпарат пен жарнама – тіл саласындағы ең бір өткір мәселе. Жиі-жиі сынға да ұшырайды. Себебі біріншіден, жарнама беруші сататын затына мән береді де, жарнаманың тіліне мән бермейді. Тілді білмей немесе сауаты жетпегендіктен емес, салғырт қарағандықтан түрлі кемшіліктерге жол береді. Екіншіден, кәсіпкерлердің көбінің заң талабынан хабары жоқ. Ал үшіншіден, қолданыстағы заңның бақылау, талап ету құзыреті жоққа тән.
Сондықтан да облыс аумағында естіген құлаққа түрпідей тиетін, грамматикалық, стилистикалық қателерге толы жарнамалар мен ақпараттар жетерлік. Орыс тіліндегі мәтіндер қазақ тіліне сөзбе-сөз аударылып, мағынасы бұзылған жарнамалар да кездеседі. Көшелерде, сауда орындарындағы, дүкендердегі «канцтовары», «хозтовары» «ведется видеонаблюдение», «мы открылись», «закрывайте двери», «требуется продовец» секілді мемлекеттік тілді ескермей, тек орыс тілінде рәсімделген ақпараттар тұрғындардың наразылығын туындатады.
Сол сияқты халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы көрсетілетін қызметтің түрлерін, қоғамдық тамақтану орындарындағы ас мәзірін жазу сияқты көпшілікке арналған хабарландырулардың қазақ тіліндегі нұсқасын да сирек кездестіресің.
Облыс орталығында 400 мыңнан астам халық тұрса, шамамен 70 пайызын қазақтар құрайды. Сонда жарнама берушілер «Қала тұрғындары қазақ тіліндегі жазуды түсінбейді деп ойлай ма?» деген ойға қаласың. «Жауаптылар қайда қарап отыр?» деген заңды сұрақ туындауы мүмкін. Біздің басқармаға келіп шағымданып та жатады. Алайда жоғарыда атап өткенімдей, заңнамалық қателіктерді басқарма мен жергілікті атқарушы орган қызметкерлері тексеріп, бақылай алмайды. Ондай құзыретті 2018 жылы Кәсіпкерлік кодексінен алып тастаған.
Бүгінгі жағдайда ескерту жасаудан, әдістемелік көмек көрсетуден әрі аса алмаймыз. Көпшілігінде жарнама берушілер жеке сектор өкілдері. Ал шағын бизнес субъектілерін тексеру және профилактикалық бақылау жүргізуге 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап үш жылға мораторий енгізілген.
– Құзыреттілік алынып, мораторий жарияланғанымен қарап отырмағандарыңыз анық, осы жағын тарқата айтсаңыз….
– Әрине, бұл салада деректемелер мен көрнекі ақпараттың сауаттылығын қадағалау, тілін реттеу, жүйелеу, оларды заңнама талаптарына сай орналастыру бойынша құқықтық түсіндіру, әдістемелік көмек көрсету жұмыстары бірнеше бағытта жүргізілуде.
Біріншіден, тоқсан сайын облыста «Көрнекі ақпарат пен жарнамаға – сауаттылық» айлықтары мен «Таза қалаға – таза жарнама» акцияларын ұйымдастырудамыз. Өткен жылы рейд жұмыстарының қорытындысы бойынша 35 мыңнан аса сыртқы көрнекіліктер мен ақпараттар, жарнамалар зерделенді. Соның ішінде 4000 ақпарат пен жарнама мәтіндері заңнама талаптарын бұза отырып ресімделген. Бұл бойынша олқылықтың 80 пайызы түзетіліп, қалғандарына ескерту хаттар берілді. Бұл шараларға тіл жанашырлары, «Жібек жолы» жастар волонтерлер қозғалысы, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық жастар қозғалысының еріктілері мен БАҚ өкілдері қатысты.
Бірақ бұл бір жылдың ғана шаруасы емес, биыл да жалғасады. Өйткені облыс бойынша шамамен 2 мыңға жуық мемлекеттік және бюджеттік мекеме, 15 мыңға жуық жеке нысан, 3 мыңнан аса билборд, кермелер бар. Әрқайсысының іші-сыртындағы жарнамалар мен деректемелерді, ақпараттарды зерделеп шығу оңай емес.
Сондықтан биыл да ақпан айында жарияланған айлық аясында рейдтік іс-шаралар жүргізілді. 4 мыңнан аса көрнекі ақпарат зерделеніп, 245-інің тіл заңнамасына сәйкес еместігі анықталды. Ұсыныс хаттар қалдырылды. Кәсіпкерлер кемшілікті түзетуге қарсы еместіктерін жеткізіп, түзетуде.
Екіншіден, көрнекі ақпарат мәтіндерінде қателіктерді анықтау және оны бірлесе шешу жолдарын қарастыру мақсатында облыстық кәсіпкерлер палатасы мен тілдерді дамыту басқармасы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Өйткені жарнама беретіндер көбінде жеке сектор. Жарнама агенттіктері өз беттерімен жұмыс істейді. Осыны бірізділікке салу, талап қою үшін жарнама агенттіктеріне әдістемелік көмек көрсетіліп, «Көрнекі ақпарат пен сыртқы жарнамадағы тіл нормалары» тақырыбында семинар-тренингтер, «Сауатты жарнама тіл тазалығының көрінісі» атты кәсіпкерлермен кездесулер өткізілуде.
Сонымен бірге былтыр әлеуметтік тапсырыс шеңберінде «Қоғамдық тіл инспекциясы» құрылды. Қоғам белсенділері мен еріктілерді қатыстыра отырып 1000 нысандағы жарнамалар мен ақпараттар, қоғамдық көліктердің тақтайшалары тіл нормаларына сәйкестендірілді. Бұл жұмыстар биыл да жалғасады.
Сол секілді басқарма жанынан «Жедел желі» қызметі құрылған. Өткен жылы 400-ден аса бизнес өкілдеріне көмек көрсетілді.
Біз кәсіпкерлерге, жарнама агенттіктеріне көрнекі ақпараттар мен жарнамаларға қатысты әдістемелік көмек көрсете отырып, тегін аударма жасап беруге әзірміз.
Әрине, бұл шаралар көрнекі ақпарат саласындағы заңбұзушылықтарды толық жоюға мүмкіндік бермейді. Бірақ қазіргі уақытта Парламент Мәжілісінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көрнекі ақпарат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасы қаралып, Кәсіпкерлік кодексіне тілдер басқармасының функциясын қайтару ұсынылуда. Алдағы уақытта бұл сұрақтар шешімін табады деп күтудеміз.
Тіл мәртебесі – ел мәртебесі. Ана тіліміздің тазалығы баршамызға ортақ. Сондықтан сауатсыз жазылған жарнамалар тіліміздің қадіріне нұқсан келтірмесін десек, көше келбетін қашырған жарнамалармен бірге күресуге облыс тұрғындарын, әсіресе жарнама берушілерді шақырамыз.
Қазақ тілінің мәртебесін арттыру, қолдау – әрбір ұлтжанды азаматтың парызы мен міндеті. Осы жауапкершілікті түсінгенде ғана біз жарымжан жарнама мен ақпараттардан арыламыз.
– Кейбір тұлғаларымыздың есімі көше­лерге берілгенімен, ұзындығы немесе орналасқан жері атына лайық келмейді. Бұл бағыттағы жұмыстарды да реттеу керек секілді…
– Тәуелсіздік жылдары ономастика саласында оң өзгерістер көп болды. 1991 жылдан бастап бүгінге дейін облыс аумағында 2 ауданның аты ауыстырылып (Свердлов және Луговой), облыс орталығы Тараз қаласы болып қайта аталса, идеологиялық тұрғыдан ескірген 268 елді мекен, 2 893 көшенің атауы өзгертілді, 288 нысанға жаңа атау берілді.
Елді мекендердің тарихи атаулары халықпен қауышып, олардың құрамдас бөліктері ұлттық танымға жақын дәстүрлі атаулармен қайта аталды. Тарихи тұлғалар мен еліміздің мемлекеттілігін нығайтуға үлес қосқан тұлғалардың есімдерін беруге басымдық берілді. Ономастикалық комиссия өз бетімен нақты жоспар жасап, атау бере алмайды. Ол халықтың сұранысымен ғана жүзеге асады.
Жоғарыдағы өзгерістердің барлығы жергілікті халықтың ұсынысы негізінде Қазақстан Үкіметінің жанындағы республикалық ономастикалық комиссия және облыстық ономастика комиссиясының қорытындылары негізінде жасалды.
Өткен жылы облыс бойынша 180 көшеге атау беру, қайта атау, транскрипциясын нақтылау жұмыстары жүргізілді. «Тараз-Арена» спорт кешеніне жерлесіміз, Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің есімі беріліп, Байзақ ауданындағы Қарасу ауылы Қосыбатыр ауылы болып қайта аталды.
Өткен жылы ономастикалық атауларға толық талдау жүргізіп, деректерді ашық пайдалану үшін ономастикалық электронды база жасадық.
Жалпы облыстағы көше атауларының 703-і (13 пайыз) жер-су атымен, 798-і (15 пайыз) дәстүрлі атаулармен, 3 409-ы (65 пайыз) кісі есімімен аталады. Кісі есімімен аталатын көшелердің 1 160-ы (34 пайыз) ҚР Президенті Әкімшілігі ұсынған «Тарихи тұлғалар» тізіміне сәйкес келеді.
Қазіргі кезде Жамбыл ауданында Бесағаш ауылын Қазақстанның Мемлекеттік туының авторы Шәкен Ниязбеков есімімен, Жалпақтөбе ауылында жаңадан салынған Мәдениет үйін композитор Шәмші Қалдаяқовтың атымен атау жұмысы жүргізілуде.
– Кәсіпкерлік нысандарының атауларын кім реттейді? Мәселен қала орталығында «Chalet» мейрамханасы, «Discovery coffee» секілді дәмханалар бар…
– Нысан атаулары, көше атаулары жазылған тақтайшалардың дұрыс жазылуы, бірыңғай үлгіде ілінуі көшелеріміздің көркін келтіріп, тарихи-мәдени танымдық тәрбие беретінін ұмытпау керек.
Облыста шұбалаңқы тілмен аталған нысандар жетерлік. Тараз қаласының өзінде ағылшынша, орысша немесе көмескі және жазылуы мүлдем түсініксіз атаулар бар. Бұл халықтың арасында психологиялық тұрғыдан жағымсыз әсер тудыруда.
Кәсіпкерлік нысандардың атаулары «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңмен реттелмейді. Қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес, біз республикалық ономастикалық комиссияның оң шешімі негізінде мемлекет меншігіндегі объектілерге атау беру, қайта атау, транскрипциясын нақтылау мен өзгерту жұмыстарын жүргіземіз.
Ал кәсіпкерлер жұмыстарын Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексі негізінде жүргізеді. Әрбір заңды тұлға «Электрондық үкімет» веб-порталы және кірістер басқармасына тікелей өтініш жазу арқылы жеке кәсіпкер ретінде тек қана аты-жөнін көрсету арқылы тіркеледі. Тіркелу барысында нысанның атауы көрсетілмейді.
Осы жерде ел Президенті Қ.Тоқаевтың қазақстандық компаниялардың атаулары да қазақ тілінде болуы керек екенін ескерткендігін айтқым келеді. Мұның елдегі барлық атауға байланысты айтылғанын кәсіпкерлер де түсіну керек деп ойлаймын.
Әрине, жеке нысандарға атау беру жекеменшіктің еркінде болғанымен, кәсіпкерлер арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, олар нысанның шет тілдеріндегі аттарын қазақша атаулармен ауыстыруға байланысты ұлттық атаулардың тізімін жасап, ұсынатын боламыз.
– Латын қарпінің соңғы нұсқасы бекітілгені белгілі. Бірақ қаладағы теміржол вокзалы, әуежай секілді шаһарға келетін қонақтардың көзіне бірден түсетін бірқатар нысандардың латынша атаулары қате жазылған. Бұл жұмыстарды кім қадағалайды?
– Рухани кеңістікте үлкен өзгеріс күттіріп отырған мәселе – қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жұмыстары. Ел Президентінің әліпбиді жетілдіруге қатысты тапсырмасына сәйкес әзірленген әліпбидің жаңа нұсқалары біздің облыста өткен жылы бірнеше рет өңірдің филолог-ғалымдарының, тіл мамандарының қатысуымен талқыланып, өз ұсыныстарымызды жолдадық.
Бүгінгі таңда облыста елді мекендердің, нысандардың атауларын мұның алдында бекітілген нұсқада жазу үрдісі бар. Мемлекеттік және бюджеттік мекемелерге әліпбидің жаңа нұсқасы бекітілгенше маңдайшаларды ауыстыруды уақытша тоқтата тұру туралы ұсыныс берілген.
Ал кәсіпкерлік нысандарының атауын латын әліпбиімен жазу олардың жеке бастамалары. Қателіктер анықталған жағдайда түзету туралы ескертіп, әдістемелік көмектер көрсетудеміз.
Өткен жылы облыс орталығындағы «Әулие-Ата әуежайы» мен теміржол вокзалының сыртқы көрнекіліктері мен жарнамалары зерделеніп, облыстық ономастика комиссиясының отырысында қаралып, кемшіліктер толығымен ретке келтірілді.
Биыл 28 қаңтар күні латын графикасына негізделген жетілдірілген қазақ тілі әліпбиінің жобасы ұлттық комиссия отырысында қаралып, мақұлданды. Қазіргі уақытта бұл бағыттағы жұмыстар негізінен латын графикасындағы әліпбидің жетілдірілген жобасымен таныстыру, түсіндіру форматында жүргізілуде. Алдағы уақытта жаңа әліпби нақты бекітілген соң, дағдыландыру, оқыту жұмыстары қолға алынатын болады.
– Төле би көшесіндегі «Маrt» сауда кешеніне қарама-қарсы «Taraz MALL» сауда үйі тұр. Ағылшын тілінде «Тараз Молл» болып оқылғанымен, тіл білмейтіндер «Тараз мал» деп оқуы мүмкін ғой. Латынша да «Тараз малл» болып оқылады. Бұған қалай қарайсыз?
– Еліміздің ірі-ірі қалаларында да «Astana Mall», «Esentai Mall» деген атаулар кездеседі. «Mall» деген ағылшын сөзінің аудармасы – «сауда орталығы» деген мағынаны білдіретінін түсінеміз.
Біз жеке кәсіпкерлермен өткізілген кездесулер, семинар-тренигтер, рейдтік іс-шаралар барысында кәсіпкерлік нысан атауларын мемлекеттік тілде жазу керектігі туралы түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізілуде.
Атаулардың мемлекеттік тілде жазылуының стандарты керек екендігі айтылып жүр. Біз де мұны күтіп жүрміз.
– «Ана тіліміздің қолдану аясының кеңеюіне мемлекеттік қызметкерлердің қазақ тілін білмеуі кедергі болып отыр» деген пікірге қалай қарайсыз?
– Мұндай пікірмен келісе алмаймын. Өйткені облысымызда жергілікті атқарушы органдардағы құжат айналымы тек мемлекеттік тілде орындалуда. Нормативтік актілер мемлекеттік тілде қабылдануда. Тілдің арасалмағына тоқсан сайын мониторинг жүргізіліп тұрады.
Бүгінгі таңда облысымызда барлық деңгейдегі әкімдік мәжілістері мен мәслихат сессиялары, барлық деңгейдегі мәдени-көпшілік жиындар мен салтанатты шаралар тек мемлекеттік тілде өтеді.
Алайда бизнес, банк саласында іс қағаздары толық қазақша жүргізілуде деп айта алмаймыз. Халыққа қызмет көрсету орындарында орысша қызмет көрсетіледі. Шындығында, бұл ниеттің жоқтығынан.
Мемлекеттік және азаматтық қызметшілердің қазақ тілін меңгеру деңгейін «ҚАЗТЕСТ» жүйесі арқылы анықтап отырамыз. Негізінен көпшілігі орта және ортадан жоғары деңгейде дәлелдеуде. Бұл жерде мемлекеттік және азаматтық қызметшілер арасында мемлекеттік тілді ең жоғарғы деңгейде білетіндер әлі де аз екенін атап өткен жөн.
Мемлекеттік тiлді үйренуге және білуге деген ниетті әр қазақстандық азамат өзiнен бастауы керек.
Ал мемлекетіміздің алға қойып отырған ең басты мақсаты – тілді дамытуға барлық қолайлы жағдай жасау болса, әрбір қазақстандықтардың, оның ішінде мемлекеттік қызметшінің міндеті – мемлекеттік тілді білу.
– Қазақ тілінің өрісін қалай кеңейтуге болады? Біз қай тұста ақсап жүрміз?
– Тілге қажеттілік туғызудың бірінші жолы – әр азаматтың тілді үйренуге деген құлшынысын ояту, жағдай туғызу, орта қалыптастыру, патриоттық рухын, сүйіспеншілігін арттыру екені белгілі.
Облыста бірыңғай мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, тілдік орта қалыптастыру, өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді меңгеруіне қолайлы жағдай жасау мәселелерін жүзеге асыру бағытында көптеген шаралар ұйымдастырып, жүйелі жұмыстар жүргізілді.
Өңірде тіл саясатын насихаттау, дарынды жастарға қолдау көрсету мақсатында өткен жылы әртүрлі форматтағы 309 іс-шара ұйымдастырылып, 55 000-ға жуық адам тартылды.
Атап айтқанда, үш тілді меңгерген жастар арасында «Тіл шебері», «Хакім Абай» байқаулары және «Тіл дарын» олимпиадасы, этнос өкілдері арасында «Мемлекеттік тіл – тәуелсіздік символы», «Мемлекеттік тіл – еліміздің тұғырлы тірегі», «Тіл – өркениеттің белгісі» тақырыптарында «дөңгелек үстел» отырыстары және қазақ тілін меңгерген өзге ұлт өкілдері арасында «Абай оқулары», «Мемлекеттік тіл – менің тілім» челленджі, «Өзім туралы» эссе жазу акциялары ұйымдастырылды.
Жас ақындар мен жыршы-термешілер арасында «Текті сөздің төресі – терме», Абай атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің облыстық байқауы мен «Тілім – тұғырым» атты жыр мүшәйрасы өткізіліп, жеңімпаздар алғыс хаттар және ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.
Бұл жұмыстар алдағы уақытта да белсенді жүргізіледі. Жалпы тілді дамыту үгіт-насихат, түсіндіру жұмыстары арқылы жүзеге асатындықтан, әрбір азамат бұл бағытта өз үлесін қосуы тиіс.
– Қазақ тілін өзге ұлт өкілдеріне үйретуде қандай тәжірибені қолдана­сыздар?
– «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» демекші, бүгінгі бүлдіршін, ертеңгі ел тізгінін ұстайтын балабақша балғындарының қазақ тілінде тәрбиеленуі – бүгінгі күннің ең басты мәселесі болып отыр. Облыстағы 551 балабақшаның 434-і, яғни 78,7 пайызы мемлекеттік тілде тәрбие береді. Мектепке дейінгі мекемелерде тәрбиеленетін 56 616
баланың 86,8 пайызы қазақ тілінде тәрбиеленушілер. Тағы бір айтарым, өзге тілді ата-аналар балаларын қазақтілді балабақшаға беріп, мемлекеттік тілді жетік меңгеруге деген құлшыныстары жыл санап өсіп келеді.
Сонымен қатар Тәуелсіздіктің 30 жылында қазақ тілінде білім беретін мектептердің саны 160-тан 308-ге дейін артты.
Мемлекеттік тілді үйренгісі келетіндер үшін тілдерді оқыту орталығы және оның аудандардағы филиалдары жұмыс істейді. Былтыр Қордай ауданында «Тілдерді оқыту орталығы» ашылды.
Оқыту курстары тегін жүргізіледі. Орталықтарда мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, жұмыссыздар, зейнеткерлер, бір сөзбен айтқанда, ниет білдірген кез келген азамат оқи алады. Курстар халықтың ересек топтарына арналғанын атап өткен жөн.
Өткен жылы мемлекеттік тілге 2 385 адам оқытылып, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 920 адамға немесе 62,7 пайызға артты. Қамтылғандардың 94 пайызы – өзге этнос өкілдері, мемлекеттік және азаматтық қызметшілер, жеке тұлғалар.
Қазақ тілін тілдесу арқылы меңгерту, қазақ тілінде ойын еркін жеткізе білуге жағдай жасау мақсатында TedX форматында жүргізілетін барлық ауданда «SÓILE» клубтары құрылып, оған өзге ұлт өкілдері тартылуда.
Тілдерді оқыту орталығының әлеуметтік парақшаларында уақытты тиімді пайдалану үшін «QazONLINE» айдарымен қазақ тілін тез үйренуге бағытталған 40 сабақ, ағылшын тілін онлайн үйрену бойынша 50 сабақ жарияланды. Бұдан басқа әлеуметтік желіде «Tarazlatyn», «Сауаттылық Time» және «Мен қазақша сөйлеймін» челленджі жарияланды.
«Tarazlatyn» ақпараттық инста парақшасында латын графикасы емле ережелеріне 107 пост, оқу дағдысын қалыптастыру үшін латын графикасында ғұламалардың қанатты сөздері, #Abai 175 хештегімен Абайдың 45 қара сөзі жарияланды.
«Сауаттылық Time» жобасы бойынша қазақ тіліндегі терминдер мен сөз тіркестерінің, көне, ескі кітаби сөздердің дұрыс жазылу емлесін көрсету бойынша 222 сөз жарияланды.
«Тілге құрмет – елге құрмет» ұранымен «Мен қазақша сөйлеймін» челленджі аясында әлеуметтік желіде өзге этнос өкілдерінің қазақ тілін үйрену тарихын баяндап, ұлы ақын Абай шығармасынан үзінді оқитын 559 бейнеролик орналастырылып, олар 219 167 қаралым жинады.
Қазақ тілін қарапайым деңгейде үйренуге арналған 16 сабақтан тұратын «QazOnline» мобильдік қосымшасы әзірленіп, аудандар мен Тараз қаласында тұсаукесері өтті. Қосымшаны кез келген ауыл, қала тұрғыны «Play Market» қосымшасы арқылы ұялы телефонына жүктеп алып, пайдалануына болады.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Айжан ӨЗБЕКОВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.