Тілді құрметтеуді әркім өзінен бастауы керек

«Мемлекеттік тіл және БАҚ» облыстық байқауына

0 11

Азаттықтың ақ таңы атып, мемлекетіміз тәуелсіз ел атанғанда біз ойын баласы едік. Қазақ тілін дамыту, қолданыс аясын кеңейту секілді ұлт болашағына қатысты мәнді мәселелер біздің бала күнімізде көтеріліп, әлі күнге күн тәртібінен түспей келе жатқаны ойландырады. Тәуелсіздік алғанымызға биыл 30 жыл толып отыр. Бұл аз уақыт емес. Осыншама жыл ішінде ана тіліміздің мәртебесін биіктету мақсатында талай тірліктің қолға алынғаны да белгілі. Сол кезден бері ел аумағында жарық көретін газет-журнал, радио және теледидар арқылы мемлекеттік тілді қолдауға арналған сан түрлі сүйекті мақалалар мен бағдарламалар халыққа толассыз жол тартқаны да шындық. Бірақ нәтиже мардымсыз. Арамызда ойын орыс тілінде жеткізуге тырысатындардың, қатынас құралы үшін осы тілді қолайлы санайтындардың көп болуы алаңдарлық-ақ мәселе. Өйткені осындай құбылыс салдарынан қазақ қоғамы орыстану үрдісінен әлі айыға алмай келеді.

«Қайтсек мемлекеттік тілдің мерейі үстем болады?» деген сауалға жауап табу үшін тіл жанашыры, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Дулатитану» орталығының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Сәмен Құлбарақпен тілдескен едік. Сәмен Оразғалиұлы Тіл туралы заң күшейтілмей, бәрі де бекершілік екенін сөз етті.
– Тілімізді тұғырлы ету талай жылдардан бері жазыла-жазыла таптаурын болған тақырып. Енді тек әрекетке көшкеннен басқа амалымыз жоқ. Ол үшін Тіл туралы заң талаптарын күшейтуіміз қажет. Ата Заңымыздың 7-бабында «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деп атап көрсетілген. Заңда көрсетілген осы кеңпейілдік пен жалпақшешейліктен арылмайынша, қазақ тілі өзге тілдің тасасында қала беретіні анық. Сондықтан аталған баптағы «…орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген сөйлемді алып тастайтын немесе тілге қатысты жаңа заң қабылдайтын уақыт жетті. Ашып айтқанда, қазіргі уақыт Тіл туралы заңның талаптарын күшейтуді қажет етіп отыр. Заң жүзінде мемлекеттік тілге құрмет күшейтілсе, әрбір мемлекеттік қызметшіден тек мемлекеттік тілде сөйлеп, іс-қағаздарды мемлекеттік тілде жүргізу талап етілсе, мәселе аз жылда-ақ шешімін табар еді. Өйткені сөз берілсе орысша шүлдірлей жөнелетіндердің дені мемлекеттік қызметте жүргендер.
Негізінде біз секілді Кеңес үкіметінің тәрбиесін көргендер бұл істі жүзеге асыра алмайтыны анық. Өйткені біздің бойымызда «бұл әрекетіміз өзгенің көңіліне тиюі мүмкін» деген жалтақтық басым. Сондықтан мен кейінгі буынға үлкен сеніммен қараймын. Өйткені тәуелсіз қазақ елінде дүниеге келген балалардың дені қазір ат жалын тартып мінетін азамат әрі ұлттық мүддені ұтымды ұсыныс арқылы биік мінберден қозғай алатындай жасқа жетті. Олардың ішкі рух-сезімі мықты, сана-сезімі тұнық және ешкімге тәуелді болмай ержетті. Сол үшін де бұл мәселенің болашақта жастардың қолымен шешімін табатынына сенімдімін, – деді С.Құлбарақ.
Профессор сенім артқан жастар өз ішіндегі шала қазақтардан арылмайынша, олар да нақ осы мәселемен өмір бойы алысып өтуі мүмкін ғой. Егер кез келген қазақ баласын балабақшадағы қазақ топтарына беріп, қазақ мектебінде оқытса, үйде бір-бірімен қазақша сөйлессе, олардың бойына ұлттық тәрбие жастайынан сіңірілсе ғана қоғам аталған мәселеден арыла алады.
Облыста 238 мың 682 оқушы болса, оның 181 мың 826-сы қазақ тілінде оқиды екен. Ал балабақшаға баратын 59 мың 981 бүлдіршіннің 35 мың 653-і мектепке дейінгі білімді қазақ тобында алып жүр. Сонда бұл өңірдегі оқушылардың 76,1 пайызына, бүлдіршіндердің 62,5 пайызына білім мен тәрбие ұлттық болмысымызға тән негізде беріліп жатыр деген сөз. Бір қарағанда тәп-тәуір көрсеткіш. Алайда өңірдегі 442 мектептің ішіндегі 11 орыс, 122 аралас, 1 өзбек мектебінде қазақтың балалары да тәрбиеленіп жатпағанына ешкім кепілдік бере алмайды. Сол секілді облыстағы мектепке дейінгі білім беру ісімен айналысатын 561 мекеме ішіндегі 128 өзге тілді балабақшада да қазақ балалары бар екені анық. Қазақы қаймағы бұзылмаған оңтүстік өңірде қазақтардың баласына орысша тәрбие беруі көрініс тауып отырғанда солтүстік өңірлерді сөз ету – тіпті ауыр. Ертеңгі күні олар ержеткенде ұлт мүддесін ойлайтын азамат болып қалыптасатыны екіталай. Өйткені Алаш арысы Мұстафа Шоқайдың «Балаға қай тілде білім берсең, түбі сол ұлтқа қызмет етеді» деген сөзі бар. Жуалы ауданы №1 мектеп-гимназияның психологы Мира Өскембаева барлығы да қоғамға, қоғамды құрып отырған адамдарға байланысты екенін айтады.
– Бұл мәселемен күрес жүргізу әр отбасына ортақ іс. Әсіресе бала тәрбиесінде ата-ана рөлінің маңыздылығы айрықша. Ата-ана баламен қалай сөйлесу керектігін де меңгеруі тиіс. Сонымен қатар әр өңірде ұлттық болмысымызға негізделген «Ата-аналар» мектебін ашудың да пайдасы зор деп есептеймін. Осы арқылы бала өмірге келген кезден бастап 3 жас, 5 жас секілді әр өтпелі кезеңде ата-анасымен бірге аталған мектептің тәлімін көрсе, ол да үлкен олжа. Өйткені бала дұрыс тәрбиеге қанығып өсуі үшін ата-ана да соған сай болуы қажет. Қазіргі қазақ қоғамының басын ауыртып, балтырын сыздатып отырған мәселеден арылу үшін мемлекеттік тілге деген құрмет әр ошақта көрініс табуы тиіс. Сондықтан қазіргі уақытта алдымен ұлттық этнопсихологияны дамытуға күш салуымыз керек.
Жалпы кез келген бала ойыншық арқылы есейіп, ойыншық арқылы ой-өрісін дамытатынын ескерсек, оларға ұлттық нақыштағы ойыншықтар әперуге, қазақ тіліндегі ертегілер мен мультфильмдерді көрсетуге әр ата-ана тырысуы қажет. Дегенмен бұл істе де абай болған абзал. Себебі қазіргідей баланың тілін бүлдіріп, санасын улайтын, психологиясына кері әсер ететін, жүйкесін зақымдайтын шетелдік өнімдерді, сапасыз тәржімаланған дүниелерді ұсыну кейін опық жегізуі мүмкін. Ал бәрі біз ойлаған талапқа сай болса, ол бала есейгенде тілге де, ділге де кереғар келетін іске аяқ баспайды, – деді ол.
Бүгінде ұлт мүддесіне бейжай қарамайтындар «Мемлекеттік тілді дамытуды әркім өзінен бастауы керек» деген жақсы ой айтып жүр. Мәселен тұрғындар дүкенге, банкке немесе кез келген мемлекеттік және басқа да мекемелерге барғанда қызмет алуды қазақ тілінде таңдаса, олар қажеттілікке сай өз жұмысын мемлекеттік тілде жүргізуге бейімделеді екен. Сол секілді өз кәсібін әлеуметтік желілерде жарнама арқылы жүргізетін кәсіпкер не саудагерлер де тілге жанашырлық танытып, өз парақшасын қазақ тілінде жүргізсе, бұл да ұлт болашағы үшін үлкен көмек. Расында да «қоғамда мемлекеттік тіл қағажу көріп отыр» деп құр айқаймен даурықпай, әркім өзінше әрекет ете білсе, мемлекеттік тіліміздің қолданылу аясы кеңейіп, даму мүмкіндігі артатыны сөзсіз.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.