Тілге құрмет заңнан емес, санадан басталады

«Мемлекеттік тіл және БАҚ» облыстық конкурсына

0 27

Елімізге белгілі жазушы ағамызбен сұхбаттасу мақсатында өткен жылдың күзінде Алматы қаласына жолымыз түсті. Уағдаласқан уақытта ағамыздың сән-салтанаты жарасқан зәулім үйінің алдынан табылдық. Толқи-толқи есіктің қоңырауын бастық. Кесек-кесек туындыларымен жарқырай көрініп жүрген жазушымен сұхбаттасу бақыты бұйырып тұрғанда толқымай қайтейік. Әрі біздің қаламымыздың қуаты арқылы ертеңгі күні ондаған, мүмкін, жүздеген оқырманның керегінше рухани азық алатынын ойлағанда көңіл тіпті масайрап сала береді.

…Қоңырауды басқанымыз сол екен, таяқ тастам жерден «Бұл кім-ей!» деген өктем дауыс естілді. Жөнімізді айттық. Көп күттірмей есік ашылды. Ағамызбен амандық-саулық сұрасып, жыл көрмеген таныстардай шұрқырастық та қалдық. Ерекше ілтипатпен, жылышыраймен қарсы алғаны қуантып тастады.

Уақыт тығыз. Таразға кері қайтатын билет қалтада. Сұхбатты екі-үш сағат шамасында бітіріп, теміржол вокзалына қайта жолға шығу керек. Мән-жайды түсіндіріп, «уақыт созбай сұхбатты бастай берсек» деп өтініш айттық. Келісіп, есік алдындағы сәкіге жайғастық. Сонымен, көптен күткен сұхбатым басталды. Балалық шағы, өскен ортасы, студенттік жылдары, әдеби ортаға араласа бастаған кезі, шығармашылық ізденістері, қазақ әдебиетінің кешегісі мен бүгіні, жастардың жайы… Бір сөзбен айтқанда, екі сағатқа жуық уақытта аталған және басқа да мәселелерге байланысты орамды ой, кестелі сөз айтылды. Соңғы сауалымыз қоғамдағы өзін алаңдатып жүрген өзекті мәселелерге байланысты болды. «Әрине, алаңдататын мәселе көп. Бірақ бәрінен де тілдің жайы жаныма қатты батады. Тіл – ұлттың жаны, халықтың баға жетпес қазынасы», деп әңгімесін бастаған жазушы ана тіліміздің төңірегіндегі көптеген мәнді мәселелерді ашына айтып, ағынан жарылды. Байқаймыз, тіл туралы таңды таңға жалғап толғануға бар. Қазақ тілінің бүгінгі жай-күйі жайлы тебірене, толқи сөйлеген жазушының әр сөзі, әр ұсыныс-пікірі өткірлігімен бізді де үлкен ойға қалдырды. «Ана тіліміздің кең өріс алуына әрбір қазақстандық қолынан келгенінше үлес қосуы керек. Соңғы айтар сөзім осы. Жүр енді, басқа сұрақтарың болса, шай үстінде жалғастырармыз», деп түйіндеп, жауабымызды күтпестен орнынан көтеріле берді.

Осылайша сұхбатымызды аяқтап, шаңырақтың босағасынан енді аттай бергеніміз сол еді, қақпа ашылып, бірнеше адам сау етіп кіріп келді. Қасымызға жеткенше де жазушы сырттай таныстырып үлгерді. Жұмыстан, сабақтан келе жатқан жұбайы, ұлы мен келіні, немерелері екен. Кіреберісте ағамыздың отбасымен аз-кем танысып-білісіп, ішке қарай өттік. Отбасы мүшелері толық жиналғанда дастарқанға отырдық. Дастарқан басындағы әңгімеміз де танысып-білісуден ары аспады. Көптің соңынан жазушының немересі қасымызға келіп жайғасты.

– Я очень устал сегодня. Был тяжелый день, – деді немересі анасы ұсынған шәй құйылған кесені алып жатып.

– Что случилось? Были ли ваши уроки трудными? – деп әжесі тізе түйістіріп қатар отырған немересінің маңдайынан сипап, мейірлене сөйледі.

– То же самое можно сказать. Экзамен тоже начался. Все занято.

– Не переживай. Ты  обязательно будешь есть плоды своих  трудов, –деді әжесі.

– Да, твоя бабушка права, – деп анасы да енесінің ойын қоштай кетті.

– Если ты хочешь жить хорошо и благополучной жизнью, тебя следует трудиться прямо сейчас, – деп әкесі әңгімеге араласты.

Өзара әңгімелері осылайша орысша жалғасып жатты. Жазушыға қарадым. Бірер минут бұрын ғана қазақ тілі туралы өрекпи сөйлеп, әрең басылған жазушы бір пәсте бәрін жуып-шайып кеткен отбасының әрекетінен ұялса керек, жерге қарады.

…Әрмен қарай отырудың еш мәні қалмады. Тезірек кетуге асықтық. Қонақжайлылықтарына, ілтипаттарына алғысымызды жаудырып, далаға шықтық. Жазушы ағамыз да ілесе шықты. Алғашқы қарқын жоқ. Үнсіз қақпаның алдына дейін келіп, қоштасар сәт келгенде ол: «Бүгінгінің жастары, бұл жастар деген», деп іркіліп тұрып қалды.

«Ана тіліміздің кең өріс алуына әрбір қазақстандық қолынан келгенінше үлес қосуы керек емес пе еді», дедік те, қош айтысып кете бардық.

«Ұлы адамның үнін есті, үйіне барма» деп Мырзагелді Кемел ағамыз осындай бір жағдайдан кейін айтса керек.

*     *     *

Халқын бар болмысымен жақсы көрген, елінің болашағына ет жүрегі езіліп алаңдайтын жанның сөзі мен ісі бір-бірімен қабысып жатса керек-ті. Қандай еңбектен оқығанымыз, кім айтқаны есімізде жоқ, бірақ қойындәптерге «Мәдениет, тіл мен дін жарлықпен биіктемейді, өшіп те кетпейді. Олардың өркендеуі адамдардың санасындағы өзгеріске байланысты» деген ойды түртіп қойған екенбіз. Рас, сана жаңғырмай, қоғам мен адам түзелмейді. Өз алдымызға дербес мемлекет құрып, егемендік алғанымызға отыз жыл болды. Неге өзгермейміз?! Неге түзелмейміз?! Әлде ұлттың рухы мен ана тілдің мәртебесін көтеріп, мәдениетін мәуелету тек мемлекеттің міндеті ме?! Шүкір, санамыз өзгермесе де сөзіміз өзгерді. Ел алдында мүсіндей мінсіз көрініп, әдемі сөйлеуді жақсы меңгердік. Ал ісіміз басқа. Сөзіміз бен ісіміздің арасы Ащыкөл мен Тұщыкөлдің арасындай алшақ. Тек мінберде ғана ұлттың патриоты, жанашыры болып көрініп, кімді алдаймыз?..

Қайбір жылы жастармен өткен бір кездесуде елге белгілі жергілікті кәсіпкер көсіле сөйледі. Халықты, тілді, Отанды сүюге, елге қалтқысыз қызмет етуге үндеген кәсіпкер сөзінің соңында жиынға қатысып отырған жастардың намысын қамшылап, жігерін жанып, Мағжан Жұмабаевтың отты жырын оқыды. Әсерлі шықса керек, залда тебіренбеген, толқымаған жан қалмады. Жастардың үлкен қошеметінен орнына жайғасқан ағамызға біршама уақыттан кейін қарасақ, қолын жағына сүйеген күйі қалғып кетіпті. Даңғаза музыка шыбын шаққан құрлы әсер етер емес.
Өкінішке қарай, көбіміз қара бастың қамына келгенде құстай сергекпіз, ал ұлттық, елдік мәселеге келгенде ұйқылы-ояумыз. Ояу болып көрінгіміз келгенімен, қалғып кете береміз. Қашан оянар екенбіз?!

Талғат НҰРХАНОВ,

журналист

Leave A Reply

Your email address will not be published.