Қазақстан халқы ассамблеясы

Тілі басқа болса да – тілегі бір…

Чуваштан шыққан Роза

Т.Рысқұлов ауданы Көкдөнен ауылының тұрғыны Роза Әлімбекованың ұлты – чуваш. Ол 1950 жылдары Ресей мемлекеті Краснодар өлкесінен Луговой елді мекеніне қоныс аударған. Небәрі 16 жасында әпкесі мен жездесінің артынан келген Розаның бастапқыда фамилиясы Краснова болған. Алайда, совхозда сауыншы болып жүрген кезінде Розаны 17 жасында Сыдық есімді болашақ күйеуі алып қашып, содан кейін тегін Әлімбековаға ауыстырған. 12 құрсақ көтеріп, бүгінде сексеннің сеңгіріне келген Роза апайды көкдөнендіктер ерекше құрметтейді. Ұл-қыздары мен немерелері қаумалап, бар қамын жасап отыр. Апай чуваш ұлтының тілі де, салт-дәстүрі де жадынан жоғалғанын айтады.

– Жастайымнан қазақ жеріне келіп, тұрмысқа шыққандықтан, чуваш ұлтының тілін де, дәстүрін де ұмытып қалдым. Қазақ ауылына келін болып түскеннен кейін тегім де ауысып, өмірім де басқаша өрбіді. Нан жайып, күбі пісіп, мал бағып, қазақтың тұрмысын кештім. Айналамның барлығы қазақ тілінде сөйлегендіктен, аз уақыттың ішінде тілді де жетік меңгеріп алдым. Содан бері 60 жылдан аса уақыт өтті. Бастапқыда ата-анаммен хабарласып тұратынмын, кейін олармен де байланыс үзілді. Ал Луговой ауылында тұрып жатқан әпкем мен жездем Ресейге қайта көшерде мені алып кеткісі келгенімен, мен жолдасымның қасында қалатындығымды айттым. Одан кейін ол кісілерді де көрмедім. Құдайға шүкір, 12 бала сүйіп, бүгінде немерелерімнің қызығын қызықтап отырмын. Бұл, әрине, ең бірінші кезекте бейбітшіліктің құтты мекеніне айналған егемен еліміздің арқасы. Одан кейін, ұлттар мен ұлыстар арасындағы достықты нығайта білген Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ерен еңбегінің жемісі. Мен Қазақстанда туылмасам да, осынау құт дарыған мекенде өмір кешкеніме дән ризамын. Өйткені, қазақ елі жат демей мені бауырына басты, бай әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрімен тәрбиеледі, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді санама сіңірді, ешбір ұлтта жоқ кең де, қонақжай қазақ дастарханының қасиетін танытты. Сондықтан да, қазақ жұртына айтарым тек алғыс, – дейді кейуана.

Қазақ ауылына келін болып түскеннен кейін Роза апай тегін ауыстырып қана қоймай, ислам дінін де қабылдаған екен. Сол себепті, ұл-қыздары қазақы тәрбиемен өсіп, нағашы жұртының шығу тарихынан бейхабар болған.

Жалпы тарихи деректерге көз жүгіртсек, чуваштардың арғы аталары түріктерден тамыр тартады. Қазір Ресей мемлекетінде 1,5 миллионға жуық чуваш тұрып жатса, Өзбекстан мен Украина мемлекеттерінде де чуваштар тұрмыс кешуде. Олардың негізгі діні – христиан. Міне, осы аз ұлттың бір бұтағы Жамбыл облысынан құтты қоныс тауып, өсіп-өніп отыр.

Кумандин ұлты туралы не білесіз?

Кумандин ұлты туралы естімеген боларсыз. Десе де, аталмыш ұлттың бір ұрпағы Тараз қаласында тұрып жатыр. «Қазфосфат» ЖШС-нің филиалы – Жаңа Жамбыл фосфор зауытының жұмысшысы Александр Алековтың Жамбыл жеріне келгеніне 20 жылға жуықтаған. 1989 жылы Ресей мемлекеті Алтай өңірінен қоныс аударған Александр бастапқыда Тараз қаласына жұмыс іздеп келген екен. Алайда жиырмадан асқан жас осында өмірлік жарын жолықтырып, қазақ қызымен тағдырын тоғыстырған.

– Жарымның есімі – Гүлшаһар Асқарова. Жамбыл жеріне жұмыс іздеп келіп, өзімнің қосағымды осында таптым. Қазір екі қыз сүйіп отырмыз. Жұбайым да Жаңа Жамбыл фосфор зауытында аспазшы болып жұмыс жасайды.
Атам мен әжем 1941-1942 жылдары, соғыс кезінде қайтыс болғандықтан, анам Агати Сазанова жастайынан жетім қалған. Сондықтан кумандин ұлтының шығу тегі туралы өзі де білмеді, бізге де ештеңе айта алмады. Әкем мен анам азаматтық некеде тұрғандықтан, қарындасым екеуміз әкем туралы көп білмедік. Өзім ержеткеннен кейін арғы аталарымыз туралы іздестіре бастадым. Бірақ, мардымды ақпарат айтар ешкім болмады. Қазір Алтай өлкесінде бар-жоғы 1000-ға жуық қана кумандиндер тұрып жатыр. Оның басым бөлігі Красногорск қаласының маңындағы ауылда шоғырланған. Онда қариялар арғы атамыз түріктерден тарағанын айтады. Ғаламтордан қарасам да, кумандиндерді түріктермен байланыстыратын деректер көп. Осыдан кейін біздің арғы атамыз түріктер болған деген болжамға келдім.
Негізі кумандиндердің тілі қазақ тіліне өте ұқсас. Мәселен, қазақ тіліндегі «сөз» сөзі бізде де «сөз» деп оқылады. Дәл сондай, «сөздік» сөзі де кумандин тілінде «сөздік» деп жазылады. Осы сынды ұқсастықтар өте көп. Қазір тіпті екі тілді бір-бірінен шатастырып алып жатамын. Ал ұлтымызға тән қандай әдет-ғұрып, салт-дәстүр болғанын мен түгілі, үлкендердің өзі ұмыта бастады. Себебі, кумандиндердің дені христиан дінін қабылдап, орыстанып кеткен, – дейді Александр.

Иә, біз ғаламтор бетін қанша ақтарсақ та кумандиндер туралы толыққанды ақпарат таба алмадық. Алайда, бір білгеніміз олардың тарихы шын мәнінде Түрік қағанатымен тамырласып жатыр екен. Ертеде бұл ұлтты «Дин» деп те атапты. Қытай тілінен аударғанда «күміс» дегенді білдіреді. Ал кумандин сөзін орысшаға аударсақ, «лебедь», яғни «аққу» деген ұғым береді. Алтай өңірін мекен ететін халықтың арасында кумандиндер аққу кейпіне ене алатын сұлу періден тараған деген де аңыз бар. Тағы бір қызығы, кумандиндердің ұлдары да, қыздары да жаппай түтікпен шылым шегіп тынығады екен. Міне, осындай салты қызық халықты Ресей мемлекеті 2002 жылы жойылып кету алдында тұрған ұлт ретінде мәлімдеді. Қазіргі кезде кумандиндер өз сөздіктерін жасап, жастары ана тілдерінде сауаттарын ашуда. Десе де, мұндағы жұрттың дені түп тарихын сақтай алмай, бүгінде орыстанып кеткені де жасырын емес.

Жалпы кейіпкеріміз кумандин ұлты туралы көп білмегенімен, қазақы салт-дәстүрге қанық. Жұбайы Гүлшаһар екеуі қыздарын қазақы салт-санамен тәрбиелеуде. Шаңырақтарында барлығы қазақ тілінде сөйлеседі. Александр бұл олардың ортақ отбасылық таңдаулары болғанын айтады.

– Қазақстанда тұрып жатқаннан кейін жұбайым екеуміз балаларымызға қазақы тәрбие беруіміз қажет деп шештік. Оған қоса, жарымды қазақ ұлтынан жолықтырғаннан кейін менің басқаша таңдау жасауыма да құқығым жоқ еді. Өйткені Жамбыл жеріне жұмыс іздеп келіп, өмірімдегі ең үлкен бақытымды осынан табамын деп кім ойлаған?!
Қазір жарыма, қыздарыма қарап, өмірімнің текке өтпегенін түйсініп, қуанамын. Оған қоса, көрші-қолаң, жора-жолдастарымның қазақ ұлтынан болғанына шүкіршілік етемін. Себебі, мен үшін жер бетінде ең бауырмал, ең мейірімді, ең қонақжай халық – ол қазақтар.

Жұмыс орнымда да күнделікті бірнеше ұлттың азаматтарымен жолығып, бірге қызмет етеміз. Сонда сырттан қарап тұрып, Қазақстандағы ұлттар достығы, бірлігі мен теңдегіне, шіркін-ай, таңдай қағамын. Осынау ынтымағымыздан Құдайым айырмасын. Егемен еліміз мәңгілік жасай берсін, – дейді кейіпкеріміз.
Иә, қазақ халқының кеңдігін кемдік емес, теңдік деп түсінген Александрдай азаматтың ақ тілегіне біз де қосылдық.

Бізде мордвалықтар да тұрады

Мордва ұлтының бір ұрпағы Таразда тұрып жатыр дегенді естігінде бірден оған іздеу салдық. Анықтағанымыз, Сергей Морозкин Жаңа Жамбыл фосфор зауытында еңбек етіп жатыр екен. Алайда, Сергей өзінің ұлтының шығу тарихын мүлде білмейтін болып шықты.
– Әкем Жамбыл жеріне 80-жылдары Ресейдің Пермь өлкесінен көшіп келгенде, мен дүние есігін жаңадан ашыппын. Әкемнің өзі де мордва ұлтының шығу тарихынан мүлде бейхабар болды. Сондықтан, маған да мардымды әңгіме айта алмады. Есейіп, өз алдыма шаңырақ көтергенімде, мордвалықтар туралы кітаптардан іздеп көрдім. Бірақ, көңіліме қонымды деректер таппадым. Ал әкемнің туыстарымен байланысымыз мүлде үзілген. Сондықтан, мордва ұлты қайдан шықты, арғы аталары кімдер болған деген сауал өзімді де қызықтырады.

Негізі, арғы бабаларым мордвалықтар болғанымен, мен қазақ жерінен еш қысастық көрген жоқпын. Қазір қазақтан бөлек, бірнеше ұлттың өкілдерімен жұмыста да, тұрмыста да қоян-қолтық араласып келемін. Бір-біріміздің қуанышымыздан бөлек, қайғымызда да ортақтасамыз. Бірде-бір мемлекетте ұлттар мен ұлыстар дәл осылай бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан жоқ шығар, сірә. Сонысымен де біздің бірлігіміз құнды. Осы орайда, барлық ұлттарды ұйыстырып, ынтымағымызды жарастырып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясына, оның Төрағасы, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа айтар алғысым шексіз. Президентіміздің, қазақ халқының бұл жақсылығын бүгінгі және кейінгі ұрпақ ұмытпайтыны анық, – дейді Сергей.

Иә, кейіпкеріміз осылайша жүректен шыққан сөзін жеткізді. Ал, оның өзінің түп тарихын білмейтіндігін кемдік дей алмаймыз. Өйткені, әке айтпаған дүниені, бала қайдан санасына құйсын? Сол себепті, мордва ұлтының шығу тарихына өзіміз де іздеу салдық. Анықтағанымыз, мордвалықтар туралы тарих беттерінде ХІ ғасырдан бастап айтыла бастаған екен. Ал ХІІ ғасырда мордвалықтардың қатары сиреп, олар мекен еткен жерлерді славяндар басып алған. Нәтижесінде, тарих бетінде «Пургасова волость» атты үлкен славян билігі дүниеге келген. Одан кейін бұл жерлер «Киевтік Русь» патшалығының құрамына өтіп, мордвалықтардың дені христиан дінін қабылдаған. Осылайша, олардың салты мен танымы өзгеріп, орыстанған. Қазірдің өзінде мордвалықтардың тағамы да, тұрмыс-тіршілігі де орыс ұлтына жақын келеді. Ресейді мекен ететін мордвалықтардың басым бөлігі орыс тілінде сөйлессе, Мордовия автономдық облысында сақталған аз ғана халық өз тілінде тілдеседі.

Тілші түйіні

Міне, бүгін біз жер бетінде аз ғана қалған ұлттар жайында баян еттік. Олардың әрқайсының шығу тарихы қызықтырмай қоймайды. Ал осы ұлттардың бүгінгі ұрпақтары Жамбыл жерінде тұрып жатқаны сөзсіз тарих. Кейіпкерлеріміздің кейбірі өз ұлттарының қайдан шыққанын білмей жатса да, олардың бойында чуваш, кумандин, мордва елінің қаны ағып тұрғаны ақиқат. Ал осындай ұлттарды тілі мен түрі, тегі мен жеріне бөлмей, барлығын бауырына басқан қазақ халқының бауырмашылдығы көпке үлгі екені даусыз.

Саятхан САТЫЛҒАНОВ

ПІКІР