Sport

Тілшілер Түркістанда топ жарды

Written by Aray2005

Жамбылдық журналистерден құралған «Тараз-Пресс» құрамасы Түркістан облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері арасында шағын футболдан өткен республикалық турнирде екінші орынға ие болды.

Аламан додаға Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарынан 13 құрама қатысып, бақ сынады. Барлық командалар 4 топқа бөлініп, жарыс көрігін қыздырды.
Жамбылдық журналистер топтық кезеңде қызылордалық «Сығанақ» және батысқазақстандық «Жайық Пресс» командаларымен күш сынасты. Алғашында қызылордалық команданы 3:1 есебімен жеңген жерлестеріміз оралдық әріптестерінен 6:1 есебімен басым түсті. Осылайша топтық кезеңде 6 ұпай еншілеген «Тараз-Пресс» командасы ¼ финалда Талдықорған қаласының «Тұран» командасымен кездесті. Алайда жамбылдық журналистер Түркістандағы турнирге дейін шағын футболдан БАҚ арасында фаворит саналған «Тұран» командасын 4:1 есебімен тізе бүктірді. Жеңісті жорығын жалғастырған жігіттер мұнан соң Нұр-Сұлтан қаласынан келген «Хабар» командасына қарсы ойнады. Елордадағы БАҚ лигасының 4 дүркін чемпионы саналған «хабарлықтар» мен жерлестеріміз арасында финалға бергісіз ойын өрбіді. Алма-кезек шабуылға толы болған ойын 3:3 есебімен аяқталды. Есесіне жамбылдық команда пенальтиде қарсыластарын 3:2 есебімен қапы қалдырып, ақтық бәсекеге берілетін жолдамаға иелік етті.
Финалда «Тараз-Пресс» командасы топтық кезеңнен сыралғы Қызылорда­ның «Сығанақ» командасына қарсы тұрды. Топтық кезеңде 2 доп айырмасымен жамбылдықтарға есе жіберген қызылордалықтар финалда қарымта қайтаруға тырысып бақты. Алайда матчтың негізгі уақытында қос команда да тең түсті. Түркістан турнирінің жеңімпазы пенальтиде анықталды. Бұл тұрғыда жамбылдық команда қарсыластарына 3:2 есебімен жол берді.
– Өткен жылды Түркістан облысын­да ұйымдастырылған турнирден жүлдегер атанумен бастап едік. Биыл да Түркістан жерінде ІІ орынға ие болып тұрмыз. Ағымдағы жылы журналистер арасындағы шағын футболдан бір­қа­­тар тартысты турнирлер өтеді деп жоспарлануда. Сәуір айының соңында Талдықорған қаласында «Жетісу» теле­ар­насының 20 жылдығына орай тағы бір жарыс түндігін түрмек. Ал маусым айында дәл осы қалада Сейдахмет Бердіқұлов­ты еске алуға арналған дәс­түр­лі турнир ұйымдастырылады. Бар­лық сайыстарға тастүйін дайынбыз, – дейді «Тараз-Пресс» командасының капитаны Нұржан Туғанбай.
Біз де өз тарапымыздан аяқдоп аламанында Жамбыл журналис­ти­ка­сының мерейін үстем етіп жүрген әріптестерімізге сәттілік тілейміз.

Шынболат Күзекбаев

ПІКІР