Сұхбат

«Тілшілік – менің тағдырым»

Written by Aray2005

Өңірімізге белгілі журналист, КСРО және Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, әріптесіміз Сәулембай Әбсадықұлы биыл жетпіс жасқа толып отыр. Мерейтой қарсаңында қаламгермен арнайы жүздесіп, өткен өмір жолы, журналистиканың кешегісі мен бүгінгісі туралы әңгіме-дүкен құрған едік. Сол ашық әңгімені оқырмандар назарына ұсынып отырмыз. 

– Құрметті Сәулембай аға, асқаралы алпыстың он жылын артқа тастап, жетелі жетпістің жалынан ұстауыңыз құтты болсын дейік, әуелі. Шерхан Мұртаза айтып кеткендей, «Журналистің жегені – жантақ, арқалағаны – алтын» екенін біле тұра, бала күніңізде тарихшы болуды армандаған сіздің тілшілікті таңдауыңыздың сыры неде?
– Өте орынды сұрақ. Біз ауылда өстік. Өзің білесің, Мойынқұмның етегіндегі шеңгелі мен жыңғылы, сексеуілі, жидесі орманға бергісіз, бір кездері ну қамысынан көк аспан ғана көрінетін. Талас және Аса өзендері үш аралды құшақтай ағып өтіп, Көк далаға барып (мен сол жерде Сәулембай деген мекенде дүниеге келіппін), Шу, Сарысу өзендерімен шұрқырасатын, Асанқайғы бабамыз Жерұйыққа теңеп кеткен Үшарал деген жерде өскенімнен бастайын әңгімені. Мен өскен жерді ата-бабаларымыз Бидалы, бертін келе Жетіқашар деп атапты.
Шаруашылық іріленгенде ауылымыз №1 ферманың орталығы аталды. Ұзына бойы бір-ақ көше. Батысында қазақы киіз үй жасаудың қас шебері Сатайбек атам тұрады. Шығысында жертөледе Арыстанбек бақсысы бар кішкене ауылда Әби көкем пышақтың неше алуан түрін жасайды. Ысқақ жәкемнің темірді балқытатын көрігі болушы еді. Біздің үйдің жанында Үсенбаевтар әулеті қоңсылас отырды. Әбілдә көкемнің баласы Әлшора домбыраға аққудың үнін қосқан дәулескер күйші еді. Сол күйімен жолдың қарсы бетіндегі кішкентай ғана қара шал – Ырыс жәкемнің қызы Айзаданың жүрегін жаулап, алып қашты. Ырыс жәкемнен қорқып, екеуі ну қамыстың ішінде екі күн жүріпті деп естідік. Жәкемнің көршісі Жуасбай атам көзі ашық, көкірегі ояу, сексенге келгенше газет-журнал, кітабыңды көзәйнексіз оқитын. Ауылдағы Ділдә жәкемнің қызы Күләштың ақындығы бар екен. Өзі көрікті қыз. Күйшіміз бар, бишіміз бар сол Күләшқа бәріміз ынтыға қараймыз. Осындай өнер қонған ауылда шабыттанбау мүмкін емес. Бала болсақ та, біздің де домбыраға, әнге таласымыз бар еді. Бәлкім, содан ба екен, біздің де құмарлығымыз оянды.
Ауылдағы кішкене мектепте бастауыш сыныпты бітіріп, ауыл орталығы – Үшаралдағы мектеп-интернатқа жатып оқитын болдық. Алғашқы кезде Мотай атамның, кейіннен Сенбек жәкемнің үйінде жатып оқығанымды, олардың маған баласындай қарағандарын неге ұмытайын. Өткен жылы «Aq jol» газетінде жұмыс істейтін Әбдиев Ерман інім телефон шалып, қазақтың аяулы қыздарының бірі Күләш Ахметованың осыдан 50 жыл бұрын облыстық «Еңбек туы» (қазіргі «Aq jol») газетіне мен туралы «Сәулембай» деген мақала жазғанын айтып, сүйінші сұрады. Күләш әпкем мақаласында менің әкемнің ойын-сауыққа, сал-серілікке бейім екендігін жазыпты. Ол жағын білмеймін, ауыр науқас жабысқан әкем маған қиссаларды оқытып, тыңдап жатушы еді.
Сол әсер етті ме екен, мен де кітапты көп оқушы едім. Күндердің күнінде бесінші сыныпта оқып жүргенімде республикалық «Қазақстан пионері» газетіне «Анама» деген өлеңім шықты. Өзі екі-ақ шумақ. Сол сол-ақ екен, «ақын бала» атанып шыға келдім. Аздап мақала жаза бастадым. Алтыншы сыныпта оқып жүрген кезімде жас республикалық тілшілер байқауынан жүлдегер атанып, қысқа қарай пошташы Спабек жәкем қағазға әдемілеп оралған шағын кітаптарды әкеліп берді. Ашып көрдік. Сенесіз бе, Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» трилогиясы, Тұрмағанбет Ізтілеуов аударған парсының «Шахнамасы», Тахауи Ахтановтың, Хамза Есенжанов сияқты алыптардың барлығы 16 дана кітабы қолыма тиді. Әсіресе әкем қатты қуанды. Жуасбай атам, Хамза көкем, Ділдә жәкем кітаптарыма «құда» түсіп, алып оқып, «кітапханашы» болып шыға келдім. Бұл жеңісіме қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беретін ұстазым, Мұхтар Әуезовтың сүйікті шәкірттерінің бірі – Амантаев Керімби ағай менен бетер қуанды. Сол жылы ақпан айында ауылымызға белгілі ақын Әбділдә Тәжібаев, жас ғалым Мырзатай Жолдасбеков, Қытайдан келген қазақтың дәстүрлі әндерін кемеліне келтіре орындайтын әнші Дәнеш Рақышовтар мектебімізге келіп, кездесу өткізді. Ұялғаныма қарамастан Керімби ағай менің 2-3 шатпақ өлеңімді оқытып, Мырзатайға әбден мақтады. Сірә, осылардың барлығы мені әдебиетке ғашық еткен шығар. Алайда мен 1967 жылы Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтының тарих факультетін таңдадым. Бәрібір менен ақындық та, тарихшы да шықпайтынын қайдан білейін. Бірақ, тілші үшін тарихтың орны бөлек екенін кейін білдім.
– Алайда сіздің аталған институттың тарих факультетіне екі мәрте түсіп, белгілі себеппен оқудан шығып, ауылда қара жұмысшы, клуб меңгерушісі қызметтерін атқарғаныңызды білеміз. Тіпті Талас асыл тұқымды мал зауытының директоры Әбдір Сағынтаевтың өзі шаруашылық есебінен Шымкент қаласындағы мәдениет институтына жібермекші болды дегенді де естуіміз бар. Ол қаншалықты рас?
– Ондай әңгіме болған. Менің мектептегі белсенділігімді, №1 фермада жұмыс істеп жүргенімде жастарды ұйымдастырып, түрлі мәдени іс-шаралар өткізгенімді ол кісі байқап, пайымдап жүреді екен. Бір күні жұмысшылар комитетінің төрағасы Назымбеков Шалбай аға арнайы келіп: «Қарағым Сәулембай, Әбекең сенің клуб меңгерушісі қызметіне келуіңді қалап отыр, қалай қарайсың?» деді. Бірден келістім. Менің алдымда ғана тәжірибелі мәдениет қызметкері Базарбек Жолтаев осы қызметті атқарып, көп жұмыс тындырғанын естігенмін. Базекең аудан орталығына ауысып, кадр жоқ, бұл сала ақсаңқырап қалса керек. Он тоғыздамын. «Тәуекел» дедім. Бұрынғы халық театрының мүшелері көмекке келді. Әсіресе Үшарал орта мектебінде он жыл бірге оқыған Құдайберген Әбдіраманов деген жан досымның көмегінің зор болғанын неге ұмытайын. Құдайберген Құдайдың берген дарынының арқасында музыкалық аспаптың құлағында ойнайтын өнерлі жігіт еді. Әйелі Әлима Қожабекова тамаша әнші болатын. Тағы да өнерлі жастарды тартып, клуб жұмысын алға қойдық. Атағымыз аудан, облысқа таныла бастады.
Сол жылы желтоқсан айында Республикалық кәсіподақ кеңесінің ұйымдастыруымен мәдени жұмыстарды ұйымдастырушылардың байқауына облыстық іріктеуден озып, Алматыға бардым. Ол жақта «Қарғалы» деп аталатын демалыс үйінде бізді 1 ай бойы дайындап, жылдың басында 19 облыстан келген 38 ұйымдастырушы сынға түсіп, абырой болғанда І орынды иеленіп, дипломмен, арнайы медальмен марапатталдым.
Менің бұл жеңісіме әкемдей болып кеткен Назымбеков Шалбай жәкем балаша қуанды. Содан ба екен, зауыт директоры екеуі келісіп, мені Шымкентке жаңадан ғана ашылған мәдениет институтына жібермекші екен. Тіпті жолдама да дайын көрінеді. Дегенмен де біреулерге бұл жақсылық аса ұнамаса керек, тізеге басып әскери борышты өтеуге аттандырып жіберді. Сөйтіп, маған әртістік бұйырмады. Әскери борышымды өтеп келген соң, баяғы өзім үйренген институтыма қайта бардым. Нарша досым ҚазГУ-ды 19 жыл оқып бітірсе, мен ҚазПИ-де 11 жыл оқыдым. Оқуды бітірер жылы ауылдағы Абай атындағы 8 жылдық мектептің директоры Боранқұл Көшмағанбетовке барып, мұғалімдік орынды сұрағанымда, ол мені қабылдамады. Ақырында маған тарихшылық бұйырмай, 1975 жылы Талас аудандық «Ленин жолы» газетіне тілшілікке қабылдандым. Оған тікелей себепші болған мектептегі ұстазым Тұрғын Қойшығараев. Соның өзінде үш ай сынақ мерзімін айлық алмай атқардым. Менің қабілетімді мойындады ма, газеттің редакторы Баймұратов Оразбек аға 1976 жылдың ақпанында тілші етіп қабылдады ақыры. Қысқаша айтқанда, менің тағдырыма әу бастан-ақ тілшілік жазылыпты. Міне, содан бері 44 жыл бойы тілшілікпен тіршілік етіп жүрген жайымыз бар.
– Сол тілшілік тіршіліктің тауқыметін талай мәрте кешкен шығарсыз?
– Әлбетте. Өйткені сіздің жазған мақалаңызда адамдардың тағдыры жатыр. Ол кезде «Правдадан» бастап аудандық газетке дейін не жазса да халық дұрыс қабылдайтын. Сөздің құны бар еді. Мақтасаң да, даттасаң да жауабы берілетін. Жаңадан барған кезім ғой. Редакторым Баймұратов Оразбек аға мамандығы журналист, нағыз өз ісінің білгірі. Әділ адам. Жақсы жазсаң қуанады, нашар жазсаң үйретеді, ширатады. Екпіндеп тұрған кезім. Маған Орталық гастрономды тексеріп, сын жаз деді. Бардым, тексердім. Жаздың күні еді. Азық-түліктің сақталуы қиын. Тексерсем, кемшілік жетеді. Көрген-білгенімді тізіп «Еріген май, сасыған ет» деген фельетон жаздым. Сол сол-ақ екен, атағым дүрілдеп сала бергенін қайтейін, дұшпандарым пайда бола кетті. Сол жылы күзде аудандық партия комитетінің екінші хатшысы партия жиналысына қатысып, мені әбден сөгіпті. Абырой болғанда, жиналысқа қатысқан жоқ едім. «Қайда әлгі Әбсадықов?» депті. «Оның жазып отырғанын оқысақ, жұмақта жүргендейміз. Аспаннан жаңбыр саулап, жер беті көкмайсаға бөленіп тұр. Шынында да солай ма?» деп қаһарын төгіпті әбден. Жиналыстан соң редакторымыз барлығымызды шақырып алып: «Хатшының айтқаны дұрыс. Сынды абайлап жазайық», деді. Маған ләм-мим деген жоқ. Демегеніне біраздан бері газетте жұмыс істеп жүрген кейбір әріптестерім риза болмай қалғандай. Содан кейін сынды абайлап жазып, жазсақ аты-жөнін атамай сықақтап, соңына «Мір Шеге» деп қоятын болдым.
1978 жылы қаңтар айында аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып Рахыжан Ерсейітов сайланды. Көп ұзамай аудандық газеттің тізгінін Әбдірәсілұлы Әбдірахман ұстады. Бұл бір биязы, салмақты, зиялы азамат болып шықты. Келгеннен бірінші хатшының тапсырмасы деп айтты. «Газетке көрінгенді мақтап, жалаулата бермей, проблемалық мәселе көтерсін тілшілерің» деп сәлем айтыпты. Сөйтіп, өміріміз өзге арнаға бұрылып сала берді. Әбекең өзі тұйық болғанымен іскер екен. Журналистиканы жанындай жақсы көруді сол кісіден үйрендік. Ізденетін болдық. Әлі есімде, ауданда мал басы өсіп, жекешені қоспағанда жарты миллионға жуықтады. Жайылым жетіспейді. Жусан, изен сирексіп барады. «Қазақстан үгітшісі» журналын оқып отырып, Оңтүстік Қазақстан облысындағы «Задария» асыл тұқымды мал зауытының қуаңшылық өсімдіктерін егу арқылы жайылымдықты жақсартып отырғанын біліп, газетімізге «Изен, теріскен еккен пайдалы» деген мақала жаздым. Газет шыққан күні редакторым барлығымызды жинап алып: «Хатшы мақаланы оқып, тапсырма берді. Сәулембай, Үлгібай (фототілшіміз) екеуің ауданның екі-үш агрономымен «Задарияға» барып қайтасыңдар», деді. Сөйтсек, ауданның басшысы таңертеңгі жұмысын аудандық газетті оқудан бастайды екен. Сын мақала болса, дереу бөлімдеріне бұрыштама жазып тексертетін көрінеді. Проблемалық мақала болса, тікелей өзі бақылауына алады. Содан не керек, Бейсеуов, Айдапкелов, Назаров деген үш агроном және Үлгібай екеуміз барлығы бес адам «Задарияға» барып көріп, екі беттік тәжірбиелік мақала жаздық. Аудан басшысы шаруашылық басшыларын шақырып алып, тапсырмасын берді. Біраз шаруашылықтың изен, теріскен еккенін де көрдік. Сол жылдары ғой деймін, «Түйе өсірген тиімді» деген проблемалық мақала жаздым. Ол да аудан басшысының назарына ілігіпті. Көп уақыт өтпей Ойық совхозының директоры Дадабаев Ералы аға аудандағы түйелерді жинастырып, түйе фермасын ашты. Енді біліп отырмын, сол жылдары Талас асыл тұқымды мал зауытында 800 түйе бар екен. Соның 500 інгені Ойық совхозына өткізілген. Ерекең онымен қоймай Қызылорда, Маңғыстаудан тағы да 500 түйе алдырды. Айналасы 2 жыл ішінде Қаратөбенің үсті түйе малына толды. Оның қымыраны Тараз қаласына тасылды. Бұрынғы Көк базарда «Ақ бота» деп аталатын, тек қымыран сатылатын дүкен ашылды. Міне, аудандық газеттің құдіреті! Табысты тасытты. Жаңа кәсіп көздерін аштырды.
– Ал қазіргі нарықтық заманда тілшілер қандай мәселе көтеруі керек деп ойлайсыз?
– Көтеретін болса, мәселе көп қой. Ең алдымен, адам тәрбиесі жөнінде, әсіресе жастар тәрбиесі жөнінде көбірек жазса деймін.
1997 жылы Қаратау қаласына көшіп келдік. Жекешелендіру деген желеумен мүліктер, малдар талан-таражға түсіп жатты. Ауылда кешегі ысқырығы жер жарған малшылар мен механизаторлар жұмыссыз қалды. Әйелдер қап арқалап тентіреп кетті. Сол кезде Қойгелді орта мектебінің директоры Бақытжан Мақашов пен аудандық мәслихат хатшысы Әбдірахман Әбдірәсілұлы екеуінен ауылдың жағдайын жақсарту турасындағы ой-толғамдарын, ұсыныстарын білдіретін ашық хаттарды жазуға өтініш еттік. Екеуі де елге жаны ашитын азаматтар еді. Ауылдың жағдайын ашып айтып, мәселелер көтерді. Оған үн қосушылар да табылды. Алайда билік тізгінін ұстап жүрген кейбіреулерге бұл бастамамыз ұнамады. Қолдау таппадық.
Мысалы, Елбасының «Бірігіңдер, кооператив құрыңдар» дегеніне үш-төрт жыл өтті. Былтырдан бастап «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы қолға алынды. Оқымай жүрмін бе, құрылып, үлгі алатындай кооперативтердің тәжірбиесі жөніндегі мақалаларды оқыған да, көрген де емеспін. Шетелде ондай екен, мұндай екен дегенді қою керек сияқты. Кеңес үкіметі тұсында да Ойық совхозында мал бордақыланып, шұжық шығарылып, сүт зауыты, кірпіш зауыты жұмыс істеді. Жұмыссыз жүрген ешкім жоқ еді. «Істеймін» деген адамға Үкімет қарасуыңдай-ақ қарасып жатыр. Бірақ «субсидия алсам ет өндіремін, шетелге шығарамын» дегендердің көбісі уәдесін орындамай жүр. Не көп, бағдарлама көп. Соның біреуін алып, талдап жазып жүрген тілші де жоқ. Әріптестерім өкпелемесін. Жұмыс істеу керек. Осыған байланысты бір-екі мысал келтірейін. Осыдан 2 жыл бұрын жергілікті газеттің біріне «Ауыл кооперативтерін құруға не кедергі?» деген мақала жазып жібердім. Баспайды. Газет редакторының орынбасарынан шықпау себебін сұрасам, ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісіне сілтеді. Онымен сөйлессем, «Ауыл шаруашылығы басқармасындағылар бұл мақаланы оқыса күледі», деп керілді. Намысқа тырысып, әлгі мақаланы «Egemen Qazaqstan» газетіне жібердім. Үш күннен кейін мақала жарық көрді. Бұл нені білдіреді? Мен жіберген мақаланы жақтырмаған әріптесім қағазға сенеді, ауылдағы шын жағдайды білмейді. Саралай алмайды. Осыдан біздің кейбір жас журналистеріміздің экономика заңдылықтарын терең білмейтініне көзің жетеді. Телеарна да солай. Орыс журналистерін тыңдап отырсаң экономикада да, саясатта да әбден төселген журналистер көп. Қазір Құдайға шүкір, журналист дейсіз бе, блогер дейсіз бе жетіп артылады. Бірақ көп нәрсенің сапасы болмай ма, біліктілері аздау. Не жазсаң да, нені жазсаң да сол саланың маманымен ақылдасып жазса, тілші қателеспейді. Өзім аудандық газетте істеп жүрген кезімде, аудандағы Сейілбек Әбдиев, Дулат Дүйсенбин сияқты іскер басшы ағаларыммен ақылдасып жүруші едім. Бәрін білуің мүмкін емес қой. Әсіресе мына заманда. Бүгінгі жас тілшілер ұйықтамау керек, ел арасында жүру керек. Тілші қоғамның даму үдерісін білмесе, одан білікті тілші шықпайды. Ал газетті айна десек, айнаның таза болғаны жақсы.
– Сіздің қызметтен босай жаздағаныңызды, тіпті екі жылдай аудандық мәдениет бөлімін басқарғаныңызды білеміз. Соның себептерін айтып, тарқатып бермес пе екенсіз?
– Оның барлығы өткен әңгіме ғой. Аудандық газеттің редакторының орынбасарымын. Бірде аудандық партия комитетінің үгіт және насихат бөлімінің меңгерушісі Жұманқұлов Көшербек аға кабинетіме арнайы келіп, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Амангелді Омаровтың мені саяси ағарту кабинетінің меңгерушісі қызметіне шақырып жатқанын жеткізді. Мен бірден бармайтынымды айттым. Ертесіне хатшының өзі шақырды. Зиялы адам еді марқұм. Менен неге келісім бермей отырғанымды сұрады. «Амангелді Жайлауұлы, мен галстук байлап кеңседе отыра алмаймын ғой. Маған еркіндік керек» дедім. Ол кісі бетіме қарап тұрып: «Аудандық партия комитетінің нұсқаушылығына пара беріп кіре алмай жүрген жігіттер бар. Айлығы да жоғары. Осындай қызметтен бас тартып отырған адамды бірінші мәрте көруім», деді. «Айлығы мені қызықтырмайды» дедім, тағы да қарап отырмай. Хатшым көнді, екі ай өткен соң бас редактор етіп тағайындады. Әбекеңнен кейін келген хатшыға қарамағындағылар мені жамандап, туыстарын тықпалады. Бірінші хатшы өзім қатты сыйласатын Дадабаев Ералы аға: «Жауың көп екен, Сәулембай. Тура айтқанды кім жақсы көрсін? Сол үшін олар сенен құтылғысы келетін шығар. Өзім хатшы болып тұрғанда сені ешқайда қаңғыртпаймын», деді. Сөзінде тұрды. Балтабай Бекежановпен де сыйластым. Әйтпесе оған да бықсығандар барын білемін. 2000 жылы бас редакторлықтан босап қалғанымда әкімім: «Училищеге директордың орынбасары болып барасың ба?» дегенде, бірден: «Жоқ, аудандық газетте қаламын» дедім. Сөйтіп қарағым, жалпы шығармашылық өтіліме 60 жыл, кейінгі уақыттағы облыстық «Aq jol» газеті мен өзімнің «Асыл мұрадағы» қызметімді қосқанда баспасөздегі бар жұмыс өтілім 45 жыл болған адаммын.
– Өмірде өкінген кезіңіз болды ма?
– Адам баласы болған соң өмірде қуаныш та, реніш те кездеседі. Қай уақытта да асып-таспадым. Өзіме жаманшылық жасаған адамдарды да кешіре білдім. Одан зиян көрген жерім жоқ. 1987 жылы облыстық газеттің редакторы Бекбосын Арғынбай аға мені Қазақстан журналистерінің VII съезіне делегат етіп қатыстырды. Жолай кетіп бара жатып: «Ол журналист емес, тарихшы, мен ҚазМУ-ды бітіргенмін. Ол неге съезге қатысады?» деп көкелеріңнің біреуі телефон шалды. Ал мен болсам: «Ең алдымен, Сәулембай сияқты жазып ал» деп айттым», деді. Арғынбай аға өте талантты журналист, қоғам қайраткері. Ұлт зиялысы. Сол ағадан көп үйрендім.
– Шераға айтқандай, «жетілген», «піскен» деген жаста өзіңізді бақыттымын деп айта аласыз ба?
– Аудандық газетке бас редактор болып тағайын­дал­ғанымда Нарша досым: «Сенен бақытты жан жоқ шығар. Астыңда тақ пен мәшине, қасыңда аяулы жарың бар» деп еді. Соның айтуына қарағанда, Құдайға шүкір, бақыттымын. Қандай биікке шықсам да отанасы мақтанбады, құлдилаған шақтарымда қолтығымнан демеді. Соған мың шүкір деймін. Бірақ мен үшін бақыт – тақ та емес, машина да емес, Қазақстанымның тәуелсіздігі. Ұлтым өзін өзге ұлттан қор санамаса екен деймін. Әрі отбасымның бақытты өмірі.
– Сіз тілші ғана емессіз, 20-дан аса кітаптың авторы­сыз. Өткен жылы облыста оза шауып, «Қазақстанның үздік өлкетанушысы» атандыңыз. Білуімше, жалғыз өзіңіз жеті жылдан бері республикалық «Асыл мұра» журналын шығарып келесіз. Солардың барлығына қалай үлгересіз?
– Өзімді тілшімін деп санаймын. Барлық абырой-атақты тілші болып жүріп алдым. Кітап жазсам – ол да тілшіліктің жемісі. Мен ұзақ жылдардан бері Талас өңірінің тарихын зерттеп жүрген адаммын. 1973 жылы әскерден оралдым. Совхоз партия комитетінің хатшысы, ақкөңіл ағамыз Мүтәліп Ережепбайұлының кабинетінде отырғанмын. Үстімізге Сағынтаев Әбдір аға кіріп келді. Сәлемдестік. Мүтәліп аға: «Сәулембай келгелі бері аудандық газетке совхоз жайлы мақала шыға бастады» деп мақтай жөнелгенде: «Иә, Сәулембай әскерге кеткелі ауылдан ойын-сауық та кетті. Болашақта біз туралы осы бала жазады», деді. Артық айтқаным емес. Ағаның сол сөзі өмірлік ұстанымыма айналды. Көп жылдан соң қызметтен босап, көңілсіз жүргенімде түсіме Сапақ датқа кірді. Он екі қанат ақбоз үйдің ішінде тұр екенбіз. Датқа менің басыма дулығасын кигізіп тұрып: «Осылай жүр», деді. Әруақты кісі ғой, жақсылыққа жорыдым. Өзін зерттеп жүр едім, сонымды естіген бе, аудан әкімі Батырбек Құлекеев: «Сәке, сіз осы Сапақ датқа туралы кітап жазсаңыз қайтеді?» деп еді, мен келісімімді бердім. Бұрын-соңды кітап жазып көрді дейсіз бе, құрастырып, қағазға түсіріп, жазғанымды Әбілдаев Бақтияр ағаға апарып оқытып едім: «Сәл ізденсең, кітап болғалы тұр», деп батасын берді. Сөйтіп, «Сапақ датқа» деп аталатын кітабым бұдан 20 жыл бұрын жарық көрді. Кітап жазуыма себепкер әрі демеуші болған Батырбек ініме қашан да ризашылығымды білдіріп жүремін. Талас өңіріне деген перзенттік парызымды шамам келгенше өтедім деп ойлаймын. Соңғы 20 жыл ішінде «Әбілдә би», «Арпалыс» атты кітаптарым Үшаралыма арналған. Таяу күндері «Үшарал» деп аталатын жинақ та баспадан жарық көрмекші. Талас ауданы туралы үш энциклопедиялық жинақты құрастырған адаммын. Барлық кітабым керемет деп айта алмаймын. Кемшілігі де болуы мүмкін. Бірақ туған жерге деген махаббатым мені жазушы еткендігін мойындауға тиіспін. Бала күнімде көрші Мәрия апамыздың менің анама құмалағын шашып жіберіп: «Мына бала болашақта нанын қағаздан теріп жейді» деген сөзін өз құлағыммен естідім. Анам менің қойшы болғанымды қалады. Жаратқан ием Мәрия апаның тілегін «Әумин» деп қойған-ау. Міне, 60 жыл болды, менің өмірім жазумен өрнектеліп келеді. Мен тілшімін. Сондықтан өз тағдырымды тілшілікпен байланыстырамын.
– Еңбегіңіз елене бергей, аға. Сізге, отбасыңызға амандық-саулық, шығармашылық табыс тілеймін.
– «ARAI» газеті маған сапалы, салмақты, сан қырлылығымен ұнайды. Ойлы тілшінің бірі өзіңсің. Арқалы ақынсың. Газеттің шығармашылық ұжымына оқырмандарыңызға адал болыңыздар деп тілек айтқым келеді. Рақмет!
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Нұржан Қадірәлі

ПІКІР