Қоғам

Тілсіз жаумен күреске қаншалықты дайынбыз?

Written by Aray2005

Кеше облыс әкімдігінің мәжіліс залында өңірдегі төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссияның жоспардан тыс отырысы өтті.

Өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиында облыс аумағында өртке қарсы сумен жабдықтау жүйелерінің жағдайы, мемлекеттік және өкілетті органдардың елді мекендерде және гидротехникалық құрылыстарда жергілікті құлақтандыру жүйелерін ұйымдастыру бойынша қабылданған шаралары туралы мәселелер жан-жақты талқыланды. Басқосуда Бердібек Машбекұлы бүгінгі күні өртке қарсы сумен жабдықтау мәселесі аса маңызды екенін тілге тиек етіп, алдағы шілде-тамыз айларында ауа температурасының көтерілуінен өрт оқиғаларының қаупі жоғарылайтынын атап өтті. Сондай-ақ өңір басшысы облыс аумағындағы өрт гидранттары мен өрт сөндіруге арналған су қоймаларының жағдайын сын тезіне алды. Қазір өңірде 7705 өрт гидранты болса, оның 1501-і пайдалануға жарамсыз. Ал өрт сөндіруге арналған 149 су қоймасының 43-і істен шыққан. Аталған мәселе бойынша облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Бағдат Данилов баяндама жасап, ағымдағы жылғы жұмысқа жарамсыз өрт гидранттарын қалпына келтіру үшін Тараз қаласының әкімдігі 36 миллион теңге және Жуалы ауданы әкімдігі 2,5 миллион теңге қаржы бөлгенін жеткізді. Департамент бастығының мәлімдеуінше, соңғы үш жыл ішінде қалалық және аудандық деңгейдегі су шаруашылығы нысандарына жүргізілген тексеру нәтижесінде өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзуға жол берген 26 лауазымды тұлғаға 717 мың теңге айыппұл салыныпты. Сондай-ақ өртке қарсы су жүйелерін қалпына келтіру мәселесі өткен төрт жыл ішінде бірнеше рет облыстық, қалалық және аудандық төтенше жағдайларды жою және алдын алу жөніндегі комиссия отырысында қаралып, жұмысқа жарамсыз өрт гидранттары мен су қоймаларын қалпына келтіру жөнінде тиісті тапсырмалар берілген. Соған қарамастан жарамсыз өрт гидранты мен су қоймасының саны жыл санап өсіп жатыр екен.
– Жұмысқа жарамсыз өрт гидрантының саны өткен жылмен салыстырғанда Тараз қаласында 36 бірлікке, Мойынқұм ауданында 30 бірлікке артып отыр. Соңғы екі жылда Шу, Сарысу, Жамбыл, Қордай, Т.Рысқұлов, Меркі аудандарында бірде – бір өрт гидранты жөндеуден өтпеген. Бұл жағдай аталған ауданда өртті сөндіру кезінде гидранттарды пайдалануда қиындық туғызады, – деді Бағдат Жұмаұлы.
Жалпы 2011 жылдан бастап азаматтық қорғау органдары құрылысы жүріп жатқан нысандарға бақылау функциясын жүзеге асыру құқығынан шектелген. Ал 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері құрылысы аяқталған объектілерді қабылдау комиссиясынан алынып тасталған. Осы мәселелердің өзектілігін тілге тиек еткен департамент бастығы «Өңірлерді дамыту», «Ақбұлақ», «Ауызсу» сынды мемлекеттік бағдарламалармен ауызсу жүйелерін тартуда өрт гидрантарының жұмысқа жарамдылығына ерекше назар аударуды ұсынды.
– Аудандарда өрт сөндіруге қажетті су қорымен қамтамасыз ету жұмысы жолға қойылмаған. Жергілікті жердегі бюджетті нақтылайтын кезде осыған да тиісті қаржы бөлу керек. Сонымен қатар сала мамандары гидранттар мен су қоймаларын әрдайым тексеріп, назарларында ұстауы тиіс. Мамандардың болжауынша, шілде-тамыз айлары өте ыстық болады. Сондықтан әкімдер дайындықты күшейтулері қажет, – деген Бердібек Машбекұлы департамент бастығы көтерген мәселелерді жан-жақты зерделеуді өзінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбековке тапсырды.
Жиында «Жамбыл-су» кәсіпорнының директоры Марат Смаилов та Тараз қаласының көшелері мен аумақтарында орналасқан өрт сөндіру гидранттарының су қысымымен қамтамасыз ету мәселесін көтерді.
Сондай-ақ комиссия отырысында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Бағдат Данилов мемлекеттік және өкілетті органдардың елді мекендерде және гидротехникалық құрылыстарда жергілікті құлақтандыру жүйелерін ұйымдастыру бойынша қабылданған шаралары туралы да баяндама жасады. Жалпы облыс халқын құлақтандыруға 487 электр сирена қажет. Алайда қолда бары небәрі 74 сирена. Оның өзінде 65 сирена ғана жұмысқа жарамды. Төтенше жағдай кезінде халықты хабардар етудің маңыздылығына назар аударған департамент бастығы жергілікті бюджет есебінен 2020-2024 жылдар аралығында облыс аумағындағы елді мекендерді жыл сайын құлақтандыру жүйесімен жабдықтауға кезең-кезеңімен 336 миллион теңге бөлу қажеттігін жеткізді.
– Облыс аумағында 6 ірі гидротехникалық ғимараттың және Қырғыз Республикасындағы «Шоң-қақпа» (Киров) су қоймасының бұзылуы төтенше жағдайдың туындауына әкелуі ықтимал. Су басу қаупі бар аймақтағы 80 елді мекенде 540 291 тұрғын тұрады. Азаматтық қорғау саласының құқықтық нормативтік актілерінің талаптарына сәйкес гидротехникалық құрылыстарды пайдаланатын ұйымдары объектілік деңгейде жергілікті қосу арқылы құлақтандыру жүйесін құруға міндеттеледі. Гидротехникалық құрылыстарды пайдаланатын ұйымдарға құлақтандыру жүйесімен жабдықтау мәселесі жыл сайын облыстық төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссия отырысында қарастырылып, орындау үшін тиісті тапсырмалар берілуде. Алайда қаражат тапшылығынан аталған іс-шаралар бойынша тиісті шешім қабылданбауда. Сонымен қатар департамент тарапының сұраныс хаттар бойынша алынған ақпаратқа сәйкес, қазіргі таңда гидротехникалық құрылыстарды пайдаланатын ұйымдардың құлақтандыру жүйесімен жабдықталмағанын назарыңызға жеткіземін. Мысалы «ҚазСуШар» мекемесінің өңірдегі филиалы ұсынған ақпаратқа сәйкес облысымыздағы мемлекеттік меншіктегі үлкен су қоймаларының ешқайсысы құлақтандыру жүйесімен жабдықталмаған, – дейді Б.Данилов.
Ал өз кезегінде «ҚазСуШар» мекемесінің облыстағы филиалы директорының орынбасары Ғалия Зарубаева филиалға қарасты үлкен 7 су қоймасы бар екендігін айтып, аталған нысандар республикалық бюджеттен қаржыландыратынын атап өтті. Дегенмен бұл қаржы қызметкерлердің жалақысы, салықтар және басқа міндетті бюджеттіқ аударымдарға ғана жететін көрінеді. Сондықтан филиалда ағымдағы, күрделі жөндеу жұмыстарына және инженерлік-техникалық жарақтандыруға қаржы қарастырылмапты. Өз кезегінде мұндай ақпараттарға көңілі толмаған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев филиалдың шарасыздығын сын тезіне алды. Өйткені мекеменің қажетті қаржыны ала алмауының бірден-бір себебі салалық министрлікпен байланыстың жоқтығы болып отыр.
Жиын соңында өңір басшысы сала мамандары мен аудан әкімдеріне істен шыққан гидротехникалық жүйелерге жөндеу жұмыстарын жүргізіп, елді-мекендерде құлақтандыру жүйесін кезең-кезеңімен орнату және жаңарту жұмыстарын жалғастыру туралы тапсырмалар жүктеді.

Шынболат Сейдуалиев

ПІКІР