Сұхбат

«Тірліктің мәні – мейірімде»

Written by Aray2005

«Қазір бой жарыстыратын емес, ой жарыстыратын заман» деп Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, бүгінгі жастар арасынан білімге құштар, іске бейімділерін кездестіріп, көңіл марқаяды. Былтырғы Жастар жылы, биылғы Волонтер жылы сондай жастардың бірқатарына қанат бітіріп, шабыт сыйлады. Әсіресе, істің көзін тауып, табысын ел-жұртымен бөлісе білетін жас азаматтардың қатарын арттырды. Олжасын басқамен бөлісіп, берекесін арттырып жүргендердің бірі – Т.Рысқұлов ауданы, Луговой ауылының тұрғыны Жәнібек Жүсіпов. Небары 17 жасында жеке іс бастап, бүгінде «Аялы алақан» қоғамдық қорын құрып, талайлардың батасын алып жүрген іскер азаматпен әңгімелескен едік.

– Жәнібек Жалғасұлы, жеке істі неден бастап едіңіз, қазір немен шұғылданасыз?
– Мектепте 9-сыныпты бітірген соң Алматыға әскери мамандықты меңгеруге оқуға аттандым. Алайда, комиссия талаптарынан өте алмадым. Ауылға қайтуыма тура келді. Бірақ құр қайтпадым, бейнетаспаны сапалы түсіретін камера ала келдім. Бастапқыда дос-жарандардың, таныс-тамырлардың тойын түсіріп, аз-кем тәжірибе жинадым. Осы іске әбден шыңдалдым. Оқуға түсе алмаған соң ауылға қайтып, орта білім алуды жөн көрдім. 2005 жылы мектепті тәмамдап, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, мұнай саласы бойынша жоғары білім алдым. «Қазқұрылыссервис» компаниясында өз мамандығыммен 2 жыл жұмыс істеп, оқығанымды іс жүзінде меңгердім. Сөйте жүріп, бұрынғы бейнетүсірілім жасайтын ісімді де дамыттым. Оған көбірек уақыт бөлуім керек болғандықтан, «Қазқұрылыссервис» компаниясынан өз еркіммен жұмыстан шықтым. Өзімнің білгенімді ініме үйреттім. Сөйтіп, ата-анаммен бірге мал бағып, егін егіп, жеке кәсіпкерлік құрдық. Шаруашылыққа қажетті ірі техникалар алып, оларды жалға беріп, көлік жөндеу орталықтарын, автобөлшектер дүкенін аштық.
Мағыналы тіршіліктің жолы көрсетілген асыл дініміз Ислам шариғаттарында ісіңнің сәттілігін, табысыңның берекесін садақадан табатының айтылады. Біз де табысымыздың белгілі бір бөлігін шын мұқтаж жандарға үлестіріп отырдық.
– Қайырымдылық қор құруға не сеп болды?
– Қайырымдылық іспен шұғылданып жүріп, жергілікті жерде көмекке мұқтаж кісілерді білу үшін аудандық әкімдікпен бірлесіп жұмыс істей бастадық. Әкімдік мамандары барлық істің заң аясында болуы керегін ескертіп, қайырымдылық қор құруды ұсынды. Сөйтіп «Аялы алақан» қайырымдылық қорын құрдық. Бұл расымен де жұмысымызды жеңілдетті. Бізден де басқа табысынан садақа беріп, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созғысы келетіндер бар. Міне сондай кісілер біздің де есепшотымызға көңілінен шыққан қаржысын аударып, сауапты істің өрісін кеңейтті. Көбіне біз бастамашы болып отырмыз. Мысалы, осындай жағдайдағы адамға көмектеспекпіз, үлес қосамын десеңіз, есепшотымыз мынандай деп әлеуметтік желілердегі парақшаларымызға жариялаймыз. Әрине, қайырымдылыққа арналған есепшотқа алғашқы қомақты қаржыны өзіміз саламыз.
Жақында Мақтааралдағы елге көмектесу үшін осылай бастап едік, екі күннің ішінде 800 мың теңге жиналды. Соның 770 000 теңгесін мақтааралдықтарға қолма-қол ақшалай үлестірдік. Оған қоса, ерікті інілеріміз «Мақтааралға көмек» атауымен дүкендерді аралап, азық-түлік жинап шығып, оны да алып бардық. Алайда, ондағылар ішіп-жем, ас-ауқат жеткілікті екенін, қаржылай көмек қажеттігін айтуда. Осындайда біреуінің басына күн туса, бәрі жұдырықтай жұмыла жәрдемдесетін халықтан болғанымызға қуанасың. Шүкір, мақтааралдықтардың ас-ауқаттан қысылмағаны – көптің көмегі. Дегенмен, ондағылар баспанасынан, тірнектеп жиған дүние-мүлкінен, бала-шағасының ырыздығы – малынан, егіндігінен айырылғаны жандарына батады. Десек те біздің халық бұған дейін де талай мехнатты бастан кешіп, бар қиындықты бірлікпен жеңіп келеді. Бұл қиындықты да мейіріммен еңсереріміз ақиқат.
Және аудандық жастар ресурстық орталығы ашқан «Мейірім» дүкеніне жұма сайын қайырымдылық қорымыз тарапынан азық-түлік апарып, мұқтаж жандарға тегін береміз. Осындай істердің басын біріктіріп, жүйелі жүргізуге қор құрғанымыздың үлкен септігі тиюде.
– Естуімізше қайырым­ды­лық­пен 4 отбасыға арналған үй салып жатыр екенсіздер. Тіпті, өзіңізді де қазір осы құрылыс басынан кездестіріп тұрмыз. Бұл баспаналардың иесі болуға лайықты отбасыларды қалай іріктейсіздер?
– Мұқтаж жандарға көмектесу барысында ауылдастарымыздың біразының қалай өмір сүріп жатқанын көріп, біліп жүрміз. Соған қарай көмекке зәру жандардың ішіндегі үйсіз-күйсіз жүрген адамдарға ғана осы баспананы бермекпіз. Әзірше екі отбасыны таптық. Бірі – туғанынан мүгедек баласы бар, сол себепті күйеуі тастап кеткен жалғызбасты ана, екіншісі – көпбалалы, баспанасы да, отағасының тұрақты жұмысы да жоқ, табысы мардымсыз отбасы.
Бұл үйлерді салуға да көпшілік көмектесуде. Өзімнің атымдағы жерге салынып жатқан үйге қажетті қаржыны мейірімді адамдардың қосқан үлесімен жинадық. Тіпті, құрылысын жүргізетін жігіттердің өзі қолақысын арзандатып, жасап беріп жатыр. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген бабалар сөзі осы болса керек. Бір ғана отбасыға арналған үйді салудың өзі оңай шаруа емес. Ал төрт шаңырақты көтеру көптің көмегі болмаса, жалғыз адамның қолынан келмейді.
– Әлгінде «Біз тек баста­ма­шымыз» деп қалдыңыз, қазіргі қоғамда қайырымды жандар бар ма?
– Әрине, жан-жағына мейіріммен қарайтын кісілер, шүкір, баршылық. Уақыт арнасы қалай бұралаң тартса да бәрін еңбекпен жеңіп, мейір-махаббатпен кез келген кедергіні бұзып-жара алатын қазағымның кең пейілі тарылмақ емес. Біз бүгінде осыған анық көз жеткізіп жүрміз. Иә, «қазіргі қоғам қатыгезденіп кетті, адамдар арасында азғындық артып барады» деген пікір жиі айтылады. Дей тұрғанмен мал-жанын садақамен қорғап, ағайынға асарлатып көмек қолын созуды айнымас дәстүріне айналдырған біздің қазақ қашанда қанында бар ізгілікті ешуақытта да ұмыт қалдырмайтыны ақиқат. Себебі біз игілікті насихаттаушы асыл дін – Исламға мойынсұнған мұсылманбыз, көк бөріше жаужүректілікті жауызға ғана көрсетіп, жалпақ жұртқа тұлпарша тектілікті таныта аламыз. Қарлығаштың ұясын бұзбау үшін көштен қалған Төле бидің ұрпағымыз. Жатты да жатсынбай бауырына баса білген мейірбанбыз. Қайырымдылық қордың жұмыстары осыны бізге нақты көрсетіп жүр.
Дегенмен, көмекке мұқтаждар да аз емес. Алайда, бір адамға қайталап көмектесе берсең, сұраншақтыққа үйреніп кететін психологияны байқадық. Біздің барлық жұмыстарымызды басқарып, жастықпен артық-кем кеткен тұсымызда тізгінді тартып, ақылын айтып отыратын жасы үлкен ақылшымыз, ұстазымыз бар. Сол ұстазымыз бізге «Бір көмектескен адамыңа қайталап барушы болмаңдар. Өйткені, бірнеше рет көмек ала берген адам тағы да соны күтіп үйреніп қалады. Ешкімді тіленшілікке үйретпеңдер. Қолдан келсе, дайын ас емес, соны өзі еңбектеніп табатын жұмыс тауып беріңдер» дейді. Біз осыны ұстанамыз. Мүмкіндігінше жұмыс тауып беруге, айналысатын еңбек жолын нұсқауға тырысудамыз.
– «Жұмыс жоқ» дегенді сылтауратып, көше тоздырып жүрген замандастарыңызға, інілеріңізге не айтасыз?
– Бәрі де адамның ниетіне байланысты. «Пейілі кеңге Жаратушының да берері таусылмайды» демей ме. Ауызы «жоқтан» өзгеге ашылмайтынға бар нәрсе де табылмайды. Ал, шын еңбекті сүйген жан тақыр жерден де өзіне керекті істі таба алады. Ең бастысы – денсаулық. Он екі мүшесі сау адам алға ұмтылып, жоқтан бар жасап, істің көзін табуға ұмтылса, құр алақан қалмайды. Мен бұны өз өмірімнің тәжірибесінен айтып отырмын. 9-сыныпты бітіріп, Алматыға оқуға түсуге кетіп, түсе алмай қайтқанымда сол жылда да жұмыссыздықтың белең алған кезеңі еді. Өзімді қызықтырған бейнекамераны алып келіп, іс бастап, барына шүкірлік еттім ғой. Әрине, бірден толайым табысқа кенеле қалмайсың. Үлкен жетістікке жету үшін де көп еңбек қажет. Егер оп-оңай келе салатын олжа болса, оның қадірі бола ма? Құны көк тиын татымай ма? Сондықтан да ізімізден ерген інілеріме Абай Құнанбайұлы айтпақшы, «Алдымен өзіңе сен, алып шығар еңбегіңе сен» дегім келеді. Және исі мұсылман ұмытпауға тиіс нәрсе – әр табысыңның бір бөлігін садақаға арнап отыр. Сонда берекесі артады.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Қамар ҚАРАСАЕВА

ПІКІР