Диагноз

«Тіс бүлінсе, іш бүлінеді…»

be54dff6-d4f0-43c9-b774-4864f39b4f34
Written by Aray2005

Немесе мектептен стоматология бөлмесін ашуға не кедергі?

ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» стратегиясында: «Ұлт денсаулығы – біздің табысты болашағымыздың негізі» деп айрықша атап көрсетуі елдегі денсаулық сақтау саласының дамуы мен медициналық қызмет сапасының арта түсуіне басты негіз болғаны анық. Бұған әркез нақ осы салада сан түрлі бағдарламалар қабылданып, елді мекендерде медициналық мекемелердің көптеп ашылуы дәлел бола алады. Шынтуайтына келгенде, бұл қайтсек ұлт денсаулығын жақсартамыз деген асыл ойдың жемісі.

Мәселен, Елбасымыз «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында: «Ең алдымен, әсіресе ауылдық жерлерде алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімді болуын қамтамасыз ету қажет» деген болатын. Мұның ауылдық жердегі тұрғындар арасында кездесетін қанайналым жүйесінің бұзылуы, қант диабеті, асқазан, ішек секілді кез келген ауруды алғашқы сатысында анықтауға жол ашатыны анық. Бірақ аурудың дені ауыздан тарайтынын ескерсек, барлық мәселені шешуде тіс тазалығы үлкен рөл атқаратынын аңғарамыз. Демек, ішкі ағза бүтін болуы үшін тістің саулығы керек-ақ. Әсіресе мектеп жасындағы балалардың тісі сау болса, аурудың аулақ жүретіні айтпаса да түсінікті. Дегенмен бұл мәселе жасөспірімдер арасында өте өзекті болып отырған жайы бар. Мәселен, облыстық стоматология емханасы берген мәліметке сүйенсек, өңірімізде мектеп жасындағы балалардың 80 пайызы қызылиек, ұлпа қабынуы, тісжегі құрты секілді әртүрлі тіс ауруына шалдыққан. Былтыр осы аталған бір ғана емханаға тісі ауырған 128 759 бала жүгініпті. Соның ішінде 107 227-сі
14 жасқа дейінгі балғындар. Осы жасөспірімдердің 12 715-і ауылдық жерден келген. Ал облыс орталығына жете алмай жүрген шалғай ауылдардағы тіс ауруына шалдыққан балалардың саны бір Аллаға ғана аян. Осы орайда біз «Ауылдық жердегі орта мектептерде стоматология кабинеттері бар ма?» деген сауалмен облыстық стоматология емханасының бас дәрігері Ақылбек Үсенбаевқа қайырылған едік. Оның айтуынша, орта мектептерде бала саны 800-ден асса, стоматология кабинетін ашуға болатын көрінеді.
– Тараз қаласында 59 орта мектеп бар болса, соның 27-сінде стоматология кабинеті жұмыс істейді. Ал Жуалы, Қордай, Шу, Талас аудандарында біреуден ғана. Оның өзі аудан орталығында орналасқан. Негізінен, стоматология кабинетін ашуға кедергі келтіретін бір жайт, бюджет тапшылығын айтпағанда мектеп кабинеттерінің құрал-жабдық орнатуға, тіс дәрігерінің жұмыс жасауына қолайсыздығы. Бұдан бөлек кадр тапшылығы да өз алдына үлкен мәселе. Жалпы айтқанда, стоматология кабинетін ашу, құрал-жабдық сатып алу, мектепте маман ұстау, оған жалақы төлеу деген секілді мәселелер әжептәуір шығын. Мұндай жағдайда ауыл-ауылдағы мектептерді аралап, балалардың тісін тексеру, емдеу тиімді. Мойынқұм, Талас аудандарында тиесілі стоматология кабинетімен жабдықталған көліктер бар. Олар әркез ауыл-ауылды, мектептерді аралап, кез келген оқушының тісін тегін емдеп келеді. Бірақ мәселе мұнымен шешіле салмайтыны белгілі. Осыны ескеріп, біз ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне стоматология кабинетімен жабдықталған көлік әр ауданға қажет екенін айтып хат жаздық. Бірақ ол жақтан мұның бәрін орындау мүмкін еместігі жөнінде жауап келді. Десе де әр жыл сайын екі-үш ауданға ортақ бір көлікпен қамтамасыз ету туралы министрліктің уәдесін алдық. Қазір өзімізде бар жалғыз тіс емдеу кабинетімен жабдықталған көлікпен Тараз қаласының теміржолдың арғы беті, қант зауыты тұрғын алқабы секілді аумақтық округтерінде орналасқан мектептерді тұрақты түрде аралап тұрамыз. Ал аудандарды зерделеу жергілікті ауруханалардың міндетіне жатады. Мемлекет қаражат қарастырса, жыл бойы ауыл-ауылды аралап, балалардың тісін сол жерде қона жатып емдеуге болар еді. Ал бұл жұмыстарды қазір бюджеттен ақша алып, әр ауданға бекітілген жекеменшік стоматологтар атқаруда, – дейді Ақылбек Балтабайұлы.
Жалпы, маман бала тісінің сау болуы ата-аналарға тікелей байланысты екенін айтады. Оның сөзіне сүйенсек, ата-аналар баланың тісінде тісжегі құрты пайда болғанын көріп тұрса да, емдетуге немқұрайлы қарайтын жайттар көп көрінеді.
– Негізінен, жүкті әйелдер тұмау, бүйрек, қанайналымының бұзылуы секілді кез келген аурумен ауырса, оның бойына біткен баланың туылғанда тісі сау болмайды. Себебі шарананың тіс клеткалары жүктіліктің алғашқы апталарынан бастап түзіле бастайды. Ал іште жатқан баланың тіс клеткаларын кез келген вирус зақымдайтыны дәлелденген. Мәселен, 2-3 жасар баланың тістері қап-қара боп шіріп кетсе, оны ата-ана тәттіні көп жегеннен деп ойлауы мүмкін. Оның салдары ананың дұрыс күтінбеуінен. Сол үшін аналар өзіне дұрыс күтім жасап, дертке шалдыққан балаларды уақытында тіс дәрігеріне қаратқаны абзал, – дейді ол.
Осы орайда біз бірді-екілі шалғайда орналасқан ауыл тұрғындарына хабарласып, пікірін білдік. Мойынқұм ауданы, Қарабөгет ауылдық округінің Сарыөзек ауылының тұрғыны Люде Шенбергер тіс дәрігерлері жылына бір-екі мәрте ауылға келіп, балалардың тісін тексеруден өткізетінін, соның ішінде тісі бүлінгендерді ауданға шақыртып емдеп жататынын, көп жағдайда тұрғындардың баласының тісін емдетуге уақыты бола бермейтінін айтты.
Ауыл тұрғындарымен тілдесу арқылы олардың балалар тіс дәрігерін аңсайтынын аңғардық. Оқушы саны аз деген ауыл мектептерін айтпағанда, бала саны 800-ден асатын орта мектептердің өзінде стоматология кабинетінің жоқ болуы ойға қалдырды. Мәселен, Сарысу ауданының Саудакент ауылындағы Балтабай Адамбаев атындағы тірек орта мектебінде 843 оқушы бар екен. Бірақ мұнда балалардың тісін емдейтін кабинет жоқ. Аудандық аурухананың бас дәрігері Бағила Бегманова орта мектептердегі бала саны 800 емес, 1 500 болса да мектептен стоматология кабинетін ашудың заңдылығы жоқ екенін, мектепке тіс дәрігерін отырғызудың штаттық нормативке сай келмейтінін алға тартты. Сондай-ақ ол тендер арқылы балалардың тісін емдеу құқығын жеңіп алған ауданда бір емес, екі жекеменшік стоматология бар екенін, олар ауыл-ауылды аралап, балалардың тісін тексеруден өткізетініне сендірді. Бірақ бұл мәліметті Балтабай Адамбаев атындағы тірек орта мектебінің директоры Фарида Тұрсынбаева жоққа шығарып отыр.
– Орта мектептерде бала саны 800-ден асатын болса, стоматология кабинеті ашылу керек деген қағидадан хабарсызбын. Бірақ біздің мекемеге тіс дәрігерлері келіп, оқушылардың тісін тексергенін мектепке директор болған үш жыл ішінде, директордың орынбасары болып еңбек еткен
5 жылда да көрген емеспін. Мектептегі медбике тісі ауырған балаға дәрі-дәрмек беріп немесе стоматологқа жібереді. Менің ата-ана ретінде айтатыным, 3-4 жылдан бері екі қызымның тісі ауырады. Ауылдағы тіс емханасына алып барғанмын. Ол жақта күнұзаққа созылған кезектен дәрігер бетін көруің қиын. Ал жолың болып алдына барсаң, көрсеткен қызметі сапасыз. Салған пломбасы қайта-қайта түсіп қала береді. Сонда да балаларым қаралып жүрді. Бірақ қыздарымның тістері жазылмақ тұрмақ, құрттаған үстіне құрттай түсті. Қазір екі қызымның да алдыңғы тістері жоқ, шіріп кеткен. Олардың бірінің жасы 13-те болса, екіншісі 15-те. Бүгінде олардың тісі ауырса, Жаңатас қаласында ақыға емдететін болдым, тынышы сол. Бір жылдары баламның тісін зақымдағаны үшін аталған тіс емханасымен соттасуға дейін барып, бір ауылдан болғандықтан қазақылықтан аттап кете алмай, істі жылы жаба салдық. Біздегі жағдай осы, – дейді Фарида Рсанқызы.
Осы орайда біз облыстық стоматология емханасының дәрігері Гүлбахрам Қоңқабаевамен сөйлесіп көрдік. Ол бұрын Кеңес дәуірінде еңбек жолын Талас ауданы, Ақкөл ауылындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектепте бастағанын тілге тиек етті.
– Ол кездері әр мектепте стоматология кабинеті болатын. Онда бір тіс дәрігері, бір медбике, бір санитар қызмет ететін. Қазір ондай жоқ. Тек кейінгі жылдары Тараз қаласында, бірді-екілі аудандарда ашыла бастады. Бұрын баланың тісін балабақшадан бастап емдейтін. Сосын мектепке барғанда ондағы дәрігерлер қадағаға алатын. Бүгінде облыс оқушыларының тісінің ауруға шалдығуы жөніндегі көрсеткіштің жоғары болуы бала тісін балабақшадан бастап емдеу керектігіне мән бермеудің кесірі. Бұдан бөлек ата-аналардың да салғырттығы. Мәселен, мен Тараз қаласындағы екі бірдей орта мектептегі оқушылардың тісін емдеумен айналысамын. Нақты айтқанда, онда ашылған стоматология кабинетінің жұмысын жүргізу менің мойнымда. Соның бірі – №49 орта мектеп. Бұл аралас мектеп. Мұнда 1 855 оқушы бар болса, былтыр соның 1 817-сінің тісін тексеруден өткіздік. Соның ішінде 875-інің тісі емдетуді қажет етті. Мамыр-қыркүйек айларында сол балалардың 525-інің тісін емдедік. Ал балалардың 45 пайызы тісін тексертуден, емдеуден бас тартты. Осы тісі ауырған балалардың 58 пайызы тісжегі құрты ауруына тап болған. Оларға біз тісті қалай тазалау керектігі жөнінде арнайы дәріс өткіздік. Кейіннен нәтижесін тексергенімізде, тіс күтімін үйреткен оқушылардың 30 пайызы тістерін тазаламайтын болып шықты. Олардың басым бөлігі өзіміздің қарадомалақтар. Ауылдықтардың бала тісі шіріп, құрып жатыр деп дабыл қағатынындай-ақ бар. Себебі жазғы демалыста мен облыстық стоматологияда тіс емдеумен айналысамын. Сол кезде алыс ауылдардан келген балаларды көріп жаным ашиды. Тісі әбден бүлінгенде біздің көмегімізге жүгінеді. Сол үшін әр мектептен стоматология кабинетін ашу керек деп ойлаймын. Ол үшін бөлме аумағы 36 шаршы метр болса жеткілікті. Оның 14 шаршы метріне кресло қойылады. Қалған бөлігі құрылғы, жұмыс үстелін орналастыруға жеткілікті. Бір айта кетер жайт, кадр тапшылығы орын алуы мүмкін. Бірақ сол өңірдің бюджеті есебінен студенттерді оқытса немесе оқу бітіріп келген жас мамандарды мектептерге жолдаса, олар ең болмаса баланың ауыз қуысын тексеріп, кімнің тісі асқынған, кімдікі емдеуге келеді дегендей шаруалармен айналысып, мәселені шешу бір жүйеге түсер еді. Бюджеттің ақшасын жекеменшік стоматологияға бергенше, әр мектепте тіс дәрігерін ұстаса – бұл ұтымды шешім болары хақ. Дегенмен тағы да қадап айтарым, баланың тісін балабақшадан бастап тексеру керек, – дейді маман.

Осы мақаланы дайындау үстінде тісжегі құрты мен тіс аурулары түрлі инфекциялық аурулар тарататынын да естіп шошыдық. Көзіміздің анық жеткені, баланың тісін жастайынан емдетпесе, есейгенде бәрі кеш болатыны. Сол үшін әрбір ата-ана балаларын қолынан жетектеп жүріп тісін тексертуге, емдетуге уақыт тапса – мұндай қиындықтар тумасы анық.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

ПІКІР