Диагноз

Тіс түзетуде брекеттің берері көп

Медицина саласының бүгінгі тың жаңалықтарының бірі – брекет. Брекет қисық біткен тіс тізбегін түзетуге арналған әдіс. Дегенмен, оның да өзіндік қиындықтары бар екен.

«Сұлулық құрбандықты талап етеді» дегендей, брекет жасатып, тісін түзулеткеннің бірі Айым Сыманбаева. Ол Тараз қаласында тұрғанымен брекетті Алматыда салдырыпты.
–Алдыңғы тістерім бірыңғай бітпеген­діктен осы әдіске жүгінуіме тура келді. Салдырғаннан кейін 2 аптадай барлық тістерім ауырып, әбден мазасыздандым. Тіпті, жүйкеге тиген ауруға шыдай алмай, шешіп тастағым келді. Ұйықтасам, еріндерім кигізілген темірге тиіп, ұйып, содан шошып оянатынмын. Брекет тісімде 1 жыл тұрды. Ай сайын салған дәрігеріме барып, қаралып жүрдім. Кейбір тістерім қалпына түскенде, темірі кеңейді. Соны айына бір рет дәрігер реттеп беріп отырды.
Брекет салдыруға 170 мың теңге жұмсадым. Ол әр адамға әрқилы әсер етеді. Маған жақсы қалыптасты. Ал, құрбымның тістеріндегі темір тұрған жерлері зақымданып қалды, – дейді сұлулық үшін шыдамдылық танытқан бойжеткен Айым.
Ортодонт дәрігерлер 13 жастан асқан балаларға брекет салдыруға рұқсат берілетінін айтады. Өйткені, сүт тістер табиғатынан қисық шығып, кейін өз уақытында түсіп қалады. Ал, тұрақты тістер дәл осы 13 жаста шығады екен. Жалпы, 50 жасқа дейінгі аралықта брекет қойдыруға болады.
– Брекет тістің сыртқы бетіне арнайы желіммен жабыстырылады. Толықтай емдеу мерзімі аяқталғанша бір сәтке де алынбайтын, арнайы құрастырма құлыптардан тұрады. Қисайған тістерге құлып қойылып, сыммен тартып байланады. Оның тірек бөлігі сақина секілді, артқы алтыншы немесе жетінші тіске бекітіледі. Оны салғаннан кейін тістер бекітілген пішінде қалыптасады. Оның тісте жақсы тұруы қолданылатын желімге байланысты. Ал, ол желімнің адам денсаулығына ешқандай зияны жоқ. Емдеу мерзімі салдырушының жасына қарай белгіленеді. Дәрігер айтқан шараларды мұқият орындап, тіске қойылған диагнозға мән берілсе, адамға зияны жоқ, – дейді тіс дәрігері Дәуренбек Уәлиханов.
Брекетті салдырғаннан кейінгі негізгі күтім де, шешкеннен соңғы ерекше мән беруге тиістісі де – тазалық. Брекет салдырған тістерді жууға арналған щетканы қолданған жөн. Әрбір тамақтанғаннан кейін тісті міндетті түрде жуып, ауыз қуысын шайып отыру керек. Әйтпегенде, тамақ қалдықтары құрастырмаға жиналып қалуы және тіс өңезінің (налет) пайда болуы ғажап емес. Және қатты тағамдарды тістеген жағдайда, брекет түсіп қалуы әбден мүмкін. Сондықтан, мейлінше жұмсақ ас жеп, сусындар ішкен абзал. Негізінде брекет тістің шіруіне немесе бүлінуіне себепкер болмайды. Тек бұл құрастырманы салдырудың өз талаптарын орындау керек.
Тағы бір ескеретін жағдай – қант диабеті жоғары, онкологиялық ауруға шалдыққан және психикалық сырқаты бар кісілерге брекет қоюға болмайды. Ал, темірге аллергиясы бар адамдар сапфир брекетін салдырта алады.
Негізі, брекеттің бірнеше түрі бар. Тістердің тістесуін қалыпқа келтіруге «трейнер», қатты қисайған тісті жеке-жеке түзету үшін фарфордан және керамикадан жасалатын пластина «винир», ультра заманауи тәсілмен түзететін «элайнердің» өзіндік ерекшелігіне қарай түрлі бағада салынады.
Қалай дегенде де, ақ маржандай тізілген тегіс тістер кім-кімнің де көркіне ажар қосары сөзсіз. Дәрігер белгілеген талаптарды бұлжытпай орындап, төзімділік танытсаңыз брекеттің де берер пайдасы аз емес.

Қамар Қарасаева

ПІКІР