"Тылсым"

Титан ғаламшарында тіршілік бар ма?

Written by Aray2005

Адам баласы жаратылысынан жатпланеталықтар мен өзге ғаламшарларды зерттеумен келеді. Оның бірі бізге белгілі болса, енді екіншісі құпиялы түрде жүргізілуде. Десе де, бір анығы біз бұл әлемде жалғыз емес секілдіміз. Оған дәлел, жыл сайын ғарышкерлер мен астронавтар ашып жатқан жаңа планеталардың таңғажайыптары көпті таңғалдыруда. Міне, сондай жер серігінің бірі Титан ғаламшары туралы не білесіз?

Жалпы, қазір ғалымдар Жер шарының негізгі табиғи байлықтары сарқылу алдында тұр деп дабыл қағуда. Сол себепті ғарышкерлер өзге ғаламшарды зерттеп, қосымша ресурстар көзін іздестіруде. Бұл бүгінде ашық айтылып жүрген әңгіме. Ғалымдар «егер адамзат космостағы бүкіл химиялық элементтерді игеретін болса, миллиардтаған жылдарға жететін қорға ие болар еді» деген де болжам жасауда.
Расында, әр планета тұнып тұрған байлықтың көзі. Оны соңғы заманауи технологиялар анықтап, дәлелдеп те берді. Сондай ғаламшардың бірі, Сатурнның серігі – Титан. Титан туралы ең алғаш 2006 жылы «Кассини» және «Гюйгенс» ғарыш аппараттары Жерге ақпарат жібере бастады. Ғарыш кемелерінің жолдаған дерегіне сүйенсек, алыстан көгілдір түстес болып көрінетін планетаның беті толықтай газдық сұйықтықтан тұрады екен. Яғни, Жерде кездеспейтін газдың бұл түрінен өзендер мен көлдер құралған. Титаннан мол мұнай қоры да табылып отыр. Қазір Жердегі барланған барлық мұнай мен газ қоры 130 миллиард тонна деп есептелсе, ал Титандағы мұнай мен газ бізден 100 есеге көп болып шыққан. Алайда адам баласы әзірге ол байлыққа қол жеткізе алмауда. Себебі ондағы атмосфера Жердегіден бірнеше есе тығыз. Дәлірек айтсақ, адам Титан ғаламшарының бетінде скафандрсыз жүретін болса, теңіздің 5 метр тереңдігіне бойлағандай қысым алады. Және тағы бір үлкен мәселе Титанның аспанынан метандар жауын сияқты жауып тұрады. Яғни, мұхит сулары бізге жаңбыр болып келетін болса, Титанның беті көгілдір отын болғандықтан ондағы жауын-шашын газ түрінде түседі.
Титан ғаламшары қазір Жерден 1 мил­лиард 250 миллион шақырымда жатыр. Сондықтан оған тек пилотсыз ғарыш аппараттары ғана жетуде. Дегенмен ғалымдар келешекте Титанға адам аяғы тиетініне сенімді.
Әрине, Жерден миллиардтаған қашықтықта орналасқан ғаламшар туралы көп нәрсе айту қиын. Оған қоса, жоғарыда аталған деректер «NASA»-ның көпшілікке жариялағаны ғана. Ал құпия түрінде қалған қанша мәлімет бар екені бір Құдайға ғана мәлім.
Былтыр атақты америкалық кино­режиссер Леннарт Рафф «Титан» атты туынды түсіріп, көрерменге ұсынды. Бұл фильмді Голливудтың кезекті фантастикалық шытырманына жатқызуға болатын еді. Алайда «Титан» киносының түсіріліміне Ұлыбритания, Испания, АҚШ және Германия мемлекеттері қызығушылық танытып, қаржыларын аямай төкті. Сонда мұндай алпауыт мемлекеттерді «Титан» фильмі несімен қызықтырып отыр? Мұндағы басты назар аударатыны, кинода бір топ ерікті әскерилерді Титан планетасында тіршілік ете алу үшін ғалымдар арнайы дайындайды. Құпия зертханаларда жүргізілген сынақтардың нәтижесінде адам баласы барлық жағдайға төзімді «жаратылыс» жасап шығарады. Бір сөзбен айтқанда, екінші Рейхтың кезінде қолға алынған «унисол» солдаттары жобасы бұл кинода толықтай жүзеге асады. Және әртүрлі табиғи апаттардан жойылу алдында тұрған Жер планетасынан адамдар Титанға жаңа «жаратылыс» иесі ретінде көше бастайды.
Иә, бір қырынан қарағанда адам сенбейтін нәрсе. Бірақ кино сюжеттері де жасырын бір құпияны меңзейтіні бұрыннан белгілі. Ал ең қызығы Титан ғаламшары туралы алғаш деректер Жерге келе бастағаны сол еді, бірден кино түсіріліп тастады. Және оны бір емес, төрт бірдей мемлекет қаржыландырып отыр. Осының өзі көптің санасында сұрақ туындатып тұрғаны анық. Кім білсін, бәлкім ғарыш аппараттары Титанда тек мол байлықтың барын ғана емес, басқа да деректерді жолдады ма екен? Мүмкін онда барлық табиғи жағдайға төзімді жаратылыс иелері тіршілік етіп жатқан шығар? «Титан» киносы соны меңзеп тұр ма екен? Ол жағы әзірге белгісіз. Бұл да болса ғаламшардың ғаламат бір жұмбағы екені айқын.

Саятхан САТЫЛҒАНОВ

ПІКІР